Әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тәуелді екені белгілі. Себебі, тіл – тарих, мәдениет, әдебиет сынды үш ұғымның басын қосады.
Айдар БАШБАЕВ, Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.
Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тілдің өрісін дамытып, оның қолдану аясын кеңейту бағытында жасап отырған қамқорлығы көпке аян. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ тілі жазуын латын графикасына негізделген әліпбиге кезең-кезеңмен көшуге баса назар аударған. Бұл шешімнің негізгі мақсаты мемлекеттік тілді дамыту арқылы тарихымыздың түп-тамырына, төл мұраларымызға қадам басып, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұратын жүзеге асыруға бағытталған.
Мемлекет басшысының аса маңызды шешімі қабылданған сәттен бастап, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйғарымымен «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы құрылып, аудандар мен елдімекендерді аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шара барысында 70 елдімекенде тұратын 40 мыңға жуық адам қамтылды. Әсіресе облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарға баса назар аударылды. Басқосуларда латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары, оның қалай жүзеге асатыны жайлы бірқатар толғамды пікірлер айтылды. Көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелер бойынша «Латын әліпбиінің қолданылуы» атты 20 сұраққа жауап және қазақ жазуының тарихынан мәлімет беретін «Қазақ жазуы» атты әдістемелік кітапша шығарылып таратылды.
Келелі мәселелерді халыққа насихаттаудың алатын маңызы зор. Осы тұста түсіндіру шараларын ел аймақтары арасында алғашқы болып бастаған біздің басқарма екенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ наурыз айында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының басшысы, Ұлттық комиссияның мүшесі Е.Қажыбек және аталған институт ғалымдары мен белгілі мамандардың қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Ал Талдықорған қалалық медициналық колледжінде «Латын әліпбиі: алдағы міндеттер» тақырыбында жиын ұйымдастырылды. Оған Тіл білімі институтының ғалымдары мен колледж оқытушылары, студент-жастар қатысты. Аталмыш білім ордасында бас қосқан тіл жанашырлары қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігі тұрғысында сөз қозғады. Алдағы уақытта, латын графикасына негізделген әліпбидің емле ережесі дайын болған кезде жұмыс тобы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының екінші кезеңіне шығатын болады.
Тіл мен әдебиет – егіз ұғым. Жастардың әдебиетке деген құлшынысын арттыру, ана тіліне аса жоғары құрметпен қарау сынды қасиеттерді дамыту мақсатында басқарма тарапынан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесетін «Әдебиет – руханияттың діңгегі» жобасы жасалды.
Облыстағы әдеби ортаны қалыптастыруға бағытталған шара алғаш рет Алматы облысында дүниеге келіп, қазіргі таңда республикамыздың түрлі аймақтарында қызмет етіп жүрген белгілі ақын-жазушылармен, қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен дәстүрге айналған кездесу кеші ретінде ұйымдастырылды. Аталмыш шара аясында Ж.Шаштайұлы, Д.Қуат, А.Төлеу, Ғ.Жандыбаев, Ж.Әшімжан, М.Мыса, Б.Нұржекеұлы, Е.Жеңісұлы, Қ.Әбілқайыр сынды жазба қаламды жанына серік еткен өкілдер әдебиетсүйер қауыммен қауышты. Ордалы отырыс ой түбіндегі түбірлі мәселелерді қозғап, асыл сөздің қасиетін толқытты. Жыл басынан ұйымдастырылған шара жалғасын таба бермек.
Жас буынды тәрбиелеуде ауыз әдебиетінің мол мұрасы, негізгі ойды екі ауыз сөзбен жеткізуде мақал-мәтелдер маңызды рөл атқарады. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес рухани құндылықтарды дәріптеу, ұрпаққа өнеге ету әрі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында 14 пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында алғаш рет «Мақал – сөздің мәйегі» тақырыбында байқау өткізілді. Аталмыш шара мақалдың көмегімен айтайын деген ойды ұнамды һәм ұтымды жеткізуге болатындығын, бұл қазынаның сөздік қорды молайтуға зор септігі барын жас буынға дәлелдеді. Шешен сөйлеп, шұрайлы тіліміздің бар байлығын тек кітаптан емес, ауызекі сөзден де аңдатуға болатынын көрсеткен Қарасай ауданынан қатысқан С.Абдрахман оза шауып, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары» байқауы өтті. Жастар поэзия мен проза бойынша сынға түсіп, жүзден жүйріктері суырылып шықты.
Басқарманың бастамасымен қолға алынған кезекті шаралардың бірі «Буккроссинг» – «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл өткен жылы тек облыс орталығында өткізілсе, биылғы жылы аудандарда ұйымдастырылып, оқырмандардың ризашылығына ие болуда.
«Жетісудың жыр керуені» атауымен көпшілікке жол тартқан Челлендж жобасы әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын арттырғанын атап өту қажет. Шара аясында танымал өнер қайраткерлері, сондай-ақ жас әдебиетшілер өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына Алматы облысынан шыққан әдебиетшілердің үздік шығармаларын оқып, видеоларын жүктеген болатын.
Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай тіл «Астана – жаһандық бастамалар орталығы», «Әлем таныған Астана», «Мерейлі менің – Астанам» тақырыбында көпшіліктің көңілінен шыққан түрлі танымдық-қызғылықты шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында өткен мүшәйраға жас ақындар қатысты. Бұл сайыста облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі М.Күмісбек жеңіс тұғырынан көрінді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызда тұңғыш рет «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің І форумы өтті. Екі күнге созылған әдеби шара Жетісу жеріндегі жас ақын, жазушыларды бір арнаға тоғыстырып, әдеби орта қалыптастыруға ұйытқы әрі жастар үшін таптырмас мүмкіндік болды. Өрелі басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай сәуір айында өткізілді. Оған елімізге танымал арқалы ақындар мен қаламы қарымды жазушылар қазылық етті. Поэзия жанры бойынша бірінші орынды Сағыныш Намазшамова иеленсе, прозада Қанат Әбілқайыр топ жарды. Сөйтіп оларға «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. Форумға Қазақстан Жазушылар Одағы қолдау көрсетіп, Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет арнайы қатысты.
Ономастика мәселесі – тіл саясатының басты бағыттарының бірі әрі бірегейі. Себебі мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінеді. Жер тарихы – ел тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елдімекен, жер-су атауларында жатыр. Бүгінгі таңда әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген, Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінде облысымызда 1 ауылдық округке, 4 елдімекенге, 467 көшеге, 8 мемлекет меншігіндегі обьектілерге атау беру және оларды қайта атау бойынша 480 ұсыныс қаралған.
Нәтижесінде, 4 әкімшілік-аумақтық бірліктің атауы өзгертілді, 433 көшенің атауын өзгерту бойынша оң қорытынды берілді. Қазіргі таңда облыс аумағындағы 17 аудан, 3 қала, 256 ауылдық округ, 741 елдімекен, 10548 көше мемлекеттік тілде аталады. Алдағы уақытта 7 ауылдық округтің, 19 елдімекеннің, 1152-ге жуық көшенің атауы, жалпы алғанда 10 пайызы өзгертілуі тиіс.
Басқарма тарапынан ономастика саласындағы кемшін тұстарды бақылау және ретке келтіру мақсатында түрлі басқосулар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік бағдарламада белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жақында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» атты жиын өткізілді. Оған А.Байтұрсынұлы атындағы институттың ғалымдары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен салаға жауапты мамандары қатысып, облысымыздың ономастикалық ахуалы кеңінен талқыланды.
Алда тұрған міндеттердің бірі – ономастикалық атаулардың бірыңғай дерек қоры болып табылатын «Облыс ономастикасы» атты елдімекендер мен олардың құрамдас бөліктері туралы анықтамалық кітапша шығару. Сондай-ақ қазан айында «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық конференция ұйымдастыру жоспарлануда. Олардың барлығын тіл жанашырлары және сала мамандары – жалпы халық болып жүзеге асырамыз деген сенімдемін. Жалпы тіл саясатын жүзеге асыру – баршаға ортақ киелі іс.
http://pr-hal.kz/sayasat/til-sayasaty-barsha-a-orta-kieli-is/