А. Сайдахмет, Көксу аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі:
Меніңше, умлаут жобасы көңілге қонымды. Дегенмен, бұл жобанының да кемшіліктері бар. Мәселен, «И, Й» және «Х,Һ» дыбыстарының бірдей таңбалануы дұрыс емес. Мектеп қабырғасындағы балаға қиындық туғызатын секілді. Осы дыбыстардың жазылуына баса назар аударылса деген пікірдемін.
М. Жақыпбекова, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., ф.ғ.к.):
Құрметті әріптестер, бағанадан бері ойымызды ортаға салып жатырмыз. Менің ұсынысым: Диакритикаларды шұбатпай, акуттарды ғана қойса. Жазуды да ескеру керек, одан кейін шатасу басталатын секілді. Умлаутта берілген қос нүкте жазу барысында қосылып кетеді деп ойлаймын.
Ш. Кыяхметова, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.:
Диакриткалар бір таңбамен ғана берілсе деп ойлаймын. Бұл әліпбиді тек қана тіл мамандары ғана қолданбайды ғой, қарапайым халық та қолданады. Қиындық туғызбайтын жағын, қабылдаудың жеңіл жағын да ойластыру керек.
Ш. Балтабаева, Дарынды балаларға арналған №20 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Баршаңыздың пікірлеріңізді тыңдап отырып, менің көңіліме қонып отырғаны – 3 (умлаут) жоба. Аталмыш жобаға қатысты ұсынысым: «І» мен «И» дыбысының төбесіндегі ноқаттарын алмастырып, диакритика санын азайту керек. Сондай-ақ, «Ң» дыбысының үстіне бревис қою қажет деп ойлаймын.
А. Садуақасова, Б. Жолбарысұлы атындағы №18 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Құрметті әріптестер, бүгін міне бізге талдау мүмкіндігі беріліп отыр. Мен мектепте оқытушымын. Меніңше, 2 (акут) жоба дұрыс. Себебі, жазғанға да тиімді. Бұл жобадағы «І» мен «И» дыбысын өзгертсе деген пікірді құптамаймын. Керісінше, дәл сол қалпында қалса, «Ұ» мен «Ү» дыбыстырындағы диакритикаларын өзгертсе деген пікірдемін.
Б. Ержанова, М. Жұмабаев атындағы орта-мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Умлаут жобасын қолдаймын. Бұл жоба қиындық тудырмайды. Мектеп қабырғасындағы балаға да жеңіл деп ойлаймын.