Басқарма басшысы іс-сапармен Балқаш ауданына барды

Алматы облысы Денсаулық сақтау Басқармасының басшысы жұмыс сапарымен Балқаш ауданы, Бақанас ауылының орталық аудандық ауруханасына барды.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының мамандары (кардиолог, нефролог, пульмонолог және т.б.) қатысқан ресми сапар барысында Алмат Тұрысбекұлы емдеу мекемесінің қызметімен танысып, тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және халыққа жедел және сапалы медициналық көмек көрсетуді арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Сондай-ақ, мамандар жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары бар науқастарды тексеріп, эхокардиографиядан өткізді. Облыс деңгейінде ауруханада көмекті қажет ететін пациенттерді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына қосымша медициналық тексеруге жіберді. Пульмонолог және нефролог дәрігерлер де ауыл тұрғындарына кәсіби медициналық көмек көрсетті.
Облыстық аурухана дәрігерлері ауруханада 40-қа жуық науқасқа кәсіби кеңестер берді.
Сонымен қатар Алмат Тұрысбекұлы Балқаш ауданына жұмыс сапары барысында Миялы ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстарын көріп қайтты. 1000-нан астам ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін ФАП-тың құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.