Облыс әкімі медицина қызметкерлерін 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

Облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған көп салалы ауруханасына барып, облыстағы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген, індетпен күресте алдыңғы шепте болған бірқатар нәзік жандарды 8 Наурыз мерекесімен құттықтады.
Кездесуде Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Сакенова мен Жамбыл ауданы Қарғалы ауылындағы аурухананың жалпы тәжірибедегі дәрігері Марина Имирова тілек білдірді. Олар өз сөздерінде індетпен күресте жанқиярлықпен еңбек еткен азаматтарды дәрігер, медбике, санитар деп бөліп-жармай, алдыңғы шепте жүрген қызметкерлердің бәріне бірдей үстемақы төленгеніне ризашылықтарын білдірді. Сол сияқты қазір індеттің беті қайтқанымен, әлі күнге күрес шаралары жүріп жатқанын және алдағы уақытта да адам өмірі үшін бар білімі мен тәжірибелерін жұмсауға әзір екендіктерін айтты. Әріптестерін мерекемен құттықтап, әйел бақытын тіледі.
Жүздесуде бірқатар маманға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді. Өнерпаздардың шағын концерті кездесуге келгендерге мерекелік көңіл күй сыйлайды.
zhetysupress