Алматының 12 ауласында спорт алаңдары салынады, Алматының тағы екі мектебінде заманауи спорт кешендері пайда болады
Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында қай мектептердің жөнделетіні, кеңейтілетіні және жаңа спорт алаңдары қайда пайда болатыны туралы хабарлады.
Серік Құсайынов ауданда 9 мемлекеттік және 12 жекеменшік мектеп жұмыс істейтінін, оларда 35 411 оқушының білім алатынын айтты. Әкімнің деректері бойынша жалпы мектептер санынан тек 6-ында ғана (8, 34, 75, 96, 120, 144) орын тапшылығы бар.
Оқушы орындарының тапшылығын төмендету үшін ауданда №34 және 144 мектептер жанынан қосалқы нысандар салынуда. Бұдан басқа, №54 мектеп ғимараты сейсмикалық нығайтылды және күрделі жөнделді. №128 және 95 мектептерде спорт кешендері салынуда. Кеңейту жұмыстары 1080 орын құруға мүмкіндік береді.
Серік Құсайынов №16 бөбекжай-балабақша ғимаратын сейсмикалық нығайтумен күрделі жөндеу туралы айтып берді. Алмалы ауданында барлығы 26 мемлекеттік және 20 жекеменшік балабақша бар. 3885 баланы қамтитын 296 кезекші топ жұмыс істейді.
«Биыл мектепке дейінгі және орта білім берудің 6 нысанында басталған барлық жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Қазіргі уақытта №15 мектеп пен №7 балабақшаға сейсмикалық күшейту жүргізе отырып, күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленуде», — деп хабарлады аудан әкімі.
Сонымен қатар, Алмалы ауданында Тастақ шағын ауданында аула клубтары мен Мәуленов көшесі, 46 мекен-жайы бойынша кітапханалар ашу жоспарлануда. 12 ауланы спорт алаңдарымен жабдықтайды, Сайран көлінің маңында скейт және вело алаңдары салынады.
«Біздің жастарымызды салауатты өмір салтына баулып, спортты насихаттау қажет. Шығармашылық қызметке тарту керек. Менің ойымша, спорт алаңдары мен аула клубтары бос болмайды, мұнда әр жастағы балалар бос уақытында қызығушылықтары бойынша сабақ таба алады», — деді Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов.
Соңында әкім балалардың білім алуы мен бос уақытын өткізуге байланысты жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруды жоспарлағандарын атап өтті.