Алматы әкімі Атлеттер ауылына спортшылардың орналасуын тексерді

Атлеттер ауылының мэрі Серік Сәпиев мұнда екі мыңнан астам спортшылардың тұратындығын, қазірдің өзінде олардың жартысынан көбінің орналасқандығын айтты. Спортшылар көрсетілген сервиске, тұрғын мекендері мен тамақтану орындарының жұмыстарына риза.
«Сувенир дүкендеріндегі ұлттық сувенирлерге қызығушылар көп, спортшылар фитнес-залдарға, көңіл көтеретін орындарға жиі барады», - деді спорттық нысандар дирекциясының басшысы Сергей Апенко.
Атлеттер ауылында болған қала әкімі Б.Байбек ұлттық құрама спортшыларымен бірге осындағы асханадан дәм татты.
Атап өтерлік жайт, Универсиада аяқталған соң Атлеттер ауылында Алматының олимпиадаға дайындау орталығы, 43 орынды студенттік қонақүй, Алатау ауданының күніне 1,5 мың адамға қызмет көрсететін Халыққа қызмет көрсету орталығы, 700 адам қатынайтын емхана, Казпошта, банкілер бөлімшелері, бюджеттік желі супермаркеттері, ательесі, аяқкиім жөндейтін жері бар тұрмыстық үй, толық жабдықталған полицияның тірек пункті орналасады.
«Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ-ның Өңірлерді дамыту-2020 бағдарламасы бойынша «20 жылға жалға беріліп, кейін сатып алуға болатын 1 шаршы метрі 1120 теңге тұратын» 1748 пәтерді бөлу туралы шешім қабылданды. Аталған бағдарламаға кезекте тұрған мына категориядағылар қатыса алады, олар: көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар, жетім балалар,оралмандар, 1 және 2 топ мүгедектері, мемлекеттік және әсекри қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлері. Осылайша, үй кезегінде тұрған 17760 адамның 10%-ы Ойындар аяқталған соң өз пәтеріне қоныстана алады.
Атлеттер ауылындағы бөлмелерге сатып алынған жиһаздар мен тұрмыстық техника (3 700 тоңазытқыш, 3 700 телевизор, 1 750 кір жуғыш машина мен басқа да тұрмыстық техника) қала аурухаларына, емханаларына, бала бақшаларына бөлінеді. Осыған қатысты тиісті жұмыстар жүргізілді.
Естеріңізге салсақ, халықаралық қысқы студенттік ойындар Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында спорттың 12 түрі бойынша 8 спорт нысанында өтеді. Мысалы, «Алматы Аренада» Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаттары, сонымен қатар мәнерлеп сырғанаудан, кёрлингтен, «Халык Аренада» ерлер арасында шайбалы хоккейден, «Медеу» мұз айдынында конькимен жүгіруден,«Шымбұлақта» тау шаңғысынан, сноубордтан, фристайлден, «Сұңқар» ХШТК-де шаңғымен трамплиннен секіруден, шаңғы қоссайысынан, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының негізгі аренасында шайбалы хоккейден ( әйелдер), кіші аренасында шорт-тректен, «Алатау» биатлон кешенінде биатлоннан, шаңғымен жүгіруден, шаңғы қоссайысынан, «Табағанда» Биг Эйр және шаңғы акробатикасынан жарыстар өтетін болады.