Алматының Наурызбай ауданында екі жаңа емхана салынып, №7 қалалық аурухана жаңғыртылып жатыр

Алматы қаласының Құрылыс басқармасы Наурызбай ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруда.
Халықты сапалы медициналық көмекпен қамту мақсатында ауданда екі жаңа емхана салынып, №7 қалалық клиникалық ауруханасы жаңартылып жатыр.
Аталған нысандар аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда «Құрамыс» шағын ауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы жүруде. Нысанды биыл күзде пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ «Шұғыла» шағын ауданында да қуаттылығы дәл осындай емхана салынып жатыр. Онда терапия, педиатрия, диагностика бөлімдері, зертхана және амбулаториялық хирургия бөлімдері қарастырылған. Нысан 2026 жылдың IV тоқсанында ашылады деп көзделіп отыр.
Сонымен қатар №7 қалалық клиникалық ауруханада ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.