
Алматыда Бауыржан Момышұлы көшесінде LRT бірінші желісі құрылысының жаңа кезеңі - темірбетон шпалдар мен рельс төсеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыс қажетті жер қазу және инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру шаралары аяқталған учаскелерде кезең-кезеңімен қолға алынған.
Бауыржан Момышұлы көшесіндегі учаскенің ұзындығы 4,4 шақырым. Қос жолды желі салу аясында 14 784 темірбетон шпал мен 1 408 рельс төсеу қарастырылған.
Сонымен қатар жобаның бірінші кезегіне кіретін басқа учаскелерде, оның ішінде Төле би көшесінде де жұмыстар жалғасып жатыр. LRT желісі өтетін аумақта орналасқан инженерлік желілер технологиялық үдеріске сәйкес кезең-кезеңімен қайта орналастырылуда.
Еске салайық, LRT бірінші желісінің алғашқы кезегі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан деподан басталып, Бауыржан Момышұлы көшесімен, одан әрі Төле би көшесі және Абылай хан даңғылы арқылы «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін созылады. Бірінші кезектің соңғы нүктесі ретінде «Райымбек батыр» көлік ауыстырып міну торабы қарастырылған.
Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген технологиялық шешімге сәйкес жалғасуда. LRT бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр.
Алматыда биыл жалпы ұзындығы 250 шақырым болатын 340 көшені орташа жөндеумен қамту жоспарланған. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 95%-ға дейін жеткізіледі.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 1 қыркүйекке дейін жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын 15 магистральдық көшенің учаскелерінде жөндеу аяқталды. Олар – Зенков, Жамақаев, Жетісу, Шемякин, Мәмбетов, Рысқұлбеков, Жанқожа батыр, Ескендіров, Ақан сері, Манас, Ғабдуллин, Жандосов, Орталық, Үшкемпіров көшелері мен Құлжа тасжолының учаскелері.
Жұбанов, Өтеген батыр көшелерінің, сондай-ақ Алтынсарин және Абай даңғылдарының аумақтарында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Алдағы демалыс күндері тығыз қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жабынның жоғарғы қабаты төселеді. Одан кейін жол таңбасы сызылады.
Орташа жөндеу аясында төсем жол бойында бүкіл ені бойынша жаңартылып, жүргінші жолы мен арық науаларының бүлінген учаскелері жөнделеді.
Аудандық маңызы бар көшелерге ерекше назар аударылып отыр. Биыл Алатау ауданында 99 көше, Әуезов ауданында – 16, Наурызбай ауданында – 19, Бостандық ауданында – 39, Түрксіб ауданында – 21, Жетісу ауданында – 44, Медеу ауданында – 78 және Алмалы ауданында 1 көше орташа жөндеуден өтеді. Бүгінде жұмыстар 70%-ға орындалды, 31 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы биыл Ақжар, Боралдай және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 96 шақырым болатын жаңа жолдың құрылысын жалғастырып отыр. Бүгінде жұмыстардың 80%-дан астамы аяқталды.
Алматыда күн жылып, құрылыс маусымы басталысымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында жол таңбаларын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады.
Биыл қала бойынша 2 мыңнан астам жүргінші өткелін жаңарту жоспарланып отыр. Бұл олардың көрінуін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көлік легін реттеуде, қозғалысты жүйелеуде және жолда қозғалыс тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратын бойлық жол таңбаларын сызу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Жалпы жұмыс көлемі кемінде 300 мың шаршы метр жол таңбасын қамтиды. Таңбалар негізінен түнгі уақытта сызылады. Бұл көлік қозғалысына түсетін жүктемені азайтып, жұмысты жедел әрі тиімді орындауға жағдай жасайды.
Жұмыстар кезең-кезеңімен, басым учаскелерді, көлік қозғалысының қарқынын және тұрғындардың өтінішін ескере отырып жүргізіледі.
Алматыда қолданыстағы «Бауыржан Момышұлы» метро бекеті мен жаңа «Қалқаман» бекеті арасындағы ұзындығы 1593 метр болатын оң жақ бағыттағы тоннельді қазу жұмыстары толық аяқталды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта теміржол тұтас табанды технология бойынша төселіп жатыр. Сол жақ бағыттағы тоннель толық дайын: онда рельстер мен байланыс рельсі орнатылып, барлық инженерлік желілер монтаждалған.
Сонымен қатар «Қалқаман» бекеті ғимаратының құрылысы аяқталып, бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Пойыз қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесін қоса алғанда, әлемдік жетекші өндірушілердің жабдықтары жеткізілген. Жақын арада оларды орнату және баптау кезеңі басталады.
Бас мердігер ұйымның өкілі Мұрат Үкшебаевтың айтуынша, қала басшылығы қойған міндетке сәйкес нысан құрылысы тәулік бойы жүргізілуде. Нормативтік мерзім 24 ай болғанына қарамастан, бекеттің негізгі құрылысы шамамен 11 ай ішінде жүзеге асырылды.
Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері үшін қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Қалада 20 тоқтау-бұрылу алаңын (ТБА) салу жоспарланып отыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, аталған алаңдар бірқатар маңызды міндетті атқарады. Атап айтқанда, автобустардың жол жиегінде мәжбүрлі түрде тоқтап тұруының алдын алады әрі жүргізушілердің толыққанды демалуына қажетті жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Қазір Көктөбе шағынауданында екі маршрутқа қызмет көрсететін, жалпы саны 47 автобус шығатын соңғы нүкте ретінде пайдаланылатын тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы толық аяқталды. Алаң аумағына асфальтбетон жабыны төселіп, аумақ бойына сыртқы жарықтандыру орнатылған. Сонымен қатар жалпы аумағы 49 шаршы метр болатын тамақтану аймағы мен санитарлық-гигиеналық бөлмесі бар жүргізушілерге арналған модульдік демалыс ғимараты бой көтереді.
Қаланың әртүрлі аудандарында биыл пайдалануға берілетін тағы үш тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал қалған 16 алаң бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қолға алынған.
Алматы қалалық мәслихатының XXXIX сессиясында 2026 жылдың бюджет жобасы қаралды. Жоба жөніндегі негізгі баяндаманы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов жасады. Бюджеттің жалпы көлемі 2,8 трлн теңге, оның 2,5 трлн теңгесі қаланың өзіндік кірістер есебінен қалыптасады.
Шығыс құрылымын талдау нәтижесінде даму бюджетінің үлесі 30,4%-ға дейін ұлғайып, әкімшілік шығындар 42,2%-ға дейін қысқарды. Сонымен қатар, әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде сақталып, 700 млрд теңге деңгейінде қалды.
Бюджеттің басым бағыты – көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту. Көлік жүйесін жетілдіруге 504 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл сомаға BRT және LRT желісін дамыту, сондай-ақ, өзге де қоғамдық көлік түрлерін енгізу жобасы кіреді. Сумен қамту, су бұру мен коллекторларды жаңарту сынды инженерлік желілерді жаңарту мақсатында шамамен 400 млрд теңге қарастырылған. Шаһарды көріктендіруге 270 млрд теңге бөлініп, оның аясында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының жобалары мен көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ.
Әлеуметтік сала да өзектілігін жоймайды. Білім беру жүйесіне 487,2 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 88,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы амбулаториялар салу мен медицина ұйымдарын жабдықтауға бағытталады.Тұрғындарды әлеуметтік қолдауға 149,9 млрд теңге қарастырылған.
Шамамен 110 млрд теңге мәдениет пен спортқа бөлінген, оған нысандарды қайта жаңғырту және жаңа стадион құрылысын бастау кіреді.
Қаланың бас қаржыгерінің айтуынша, ұсынылған бюджет жобасы мегаполистің тұрақты дамуына, инфрақұрылымды жаңғыртуға және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Алматының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы биылға жоспарланған көшелердің орташа жөндеу жұмыстарын толық аяқтады.
Орташа жөндеу аясында жол бойына жаңа асфальт төселіп, тротуарлардың бұзылған тұстары мен арық жүйелерінің науалары қалпына келтірілді.
Жалпы 347 көше, ұзындығы 281 шақырым жол жөндеуден өтті. Соның ішінде ұзындығы 40 шақырым болатын 15 магистральдық көшедегі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекте аяқталды. Бұл Қабанбай батыр, Қажымұқан, Жұбанов, Ұлықбек, Майлин, Бұқтырма, Мөңке би, Бекмаханұлы, Дулати, Серкебаев, Жароков, Төле би, Бөгенбай батыр, Тілендиев көшелері мен Назарбаев даңғылының учаскелері. Сонымен қатар, ұзындығы 241 шақырым болатын аудандық маңызы бар 332 көше орташа жөндеуден өтті.
Аудандарға бөлсек:
Алатау ауданы — 132 көше
Наурызбай ауданы — 30 көше
Медеу ауданы — 44 көше
Жетісу ауданы — 37 көше
Түрксіб ауданы — 54 көше
Алмалы ауданы — 9 көше
Бостандық ауданы — 30 көше
Әуезов ауданы — 11 көше
Бұған қоса, Алғабас, Әлмерек, Шұғыла, Ақжар, Боралдай, Жас Қанат, Рахат-Мәдениет шағынаудандарында биыл 35 шақырым жаңа жол салынды. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 95 пайызға жетті.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында LRT, метро, BRT желілерінің құрылысы, сондай-ақ радиалды және магистральды жолдарды жүргізу жобалары қаралды.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, қазір ұзындығы 32,5 шақырым болатын LRT желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жобаға сәйкес, Алатау ауданындағы индустриалды аймақта депо салынып, ол «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Сондай-ақ Наурызбай ауданындағы «Барлық» базарымен және Құлжа тас жолы бойындағы «Шығыс» торабымен байланыс орнатылады. ТЭН қазан айында аяқталып, одан кейін EPC шарты аясында жобалау, құрылыс және жабдық сатып алу бойынша мердігер анықталады.
Метро құрылысына қатысты әкімге мынадай мәлімет берілді: қазіргі желіні «Қалқаман» метро бекетінен «Барлық» базарына дейін ұзартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын. Бұл учаскеде 3 жаңа бекет қарастырылған. Құрылысты мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін бастау жоспарланған. Бұған қоса, «Жібек Жолы» метро бекетінен әуежайға дейінгі екінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Ол да қазан айында дайын болады. Ал үшінші желі «Сайран» метро бекетінен Алатау қаласына дейін созылып, бұл бағыт бойынша да құжаттама әзірленуде.
«Қоғамдық көлікті дамыту – қала үшін басты басымдық. LRT, метро, BRT – стратегиялық жобалар. Олар сәтті жүзеге асса, қала тұрғындарының қозғалыс мүмкіндігі артып, экология жақсарады, демек өмір сапасы да көтеріледі. Біз жұмысты жеделдетуіміз керек. Әр күн қымбат. Сондықтан жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейін барлық жұмысты өз бақылауыма аламын», – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңесте Жібек Жолы – Райымбек батыр көшелерінде салынып жатқан BRT желісі, «Алматы-3» теміржол вокзалының құрылысына дайындық барысы және магистральды әрі радиалды көшелерді жүргізу жұмыстары баяндалды. Сондай-ақ Алғабас, Шұғыла, Ақжар, Боралдай, Жас-Қанат, Рахат-Мәдениет, Теректі ықшам аудандарында жол салу мәселесі қаралды.
Кеңес қорытындысында Алматы әкімі барлық жобалардың мерзімін қатаң сақтауды, құрылыс пен жобалауда сапаны қамтамасыз етуді тапсырды. Әр жоба бойынша нақты мерзімі мен жауапты орындаушылары көрсетілген жол картасын әзірлеу жүктелді.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалармен танысып, Жібек жолы мен Райымбек батыр даңғылы бойындағы BRT (жоғары жылдамдықты автобус жүйесі) желілерінің құрылыс барысын тексерді.
Желтоқсан көшесінде ұзындығы 4,6 шақырым болатын BRT жолағы жолдың шет жағында болады. Бұл учаске қазіргі Тимирязев көшесіндегі BRT желісімен және Райымбек батыр даңғылында салынып жатқан желімен қосылады.
Қазіргі уақытта көшеде жиектастар түзетіліп, бүлінген арық науалары ауыстырылды, жаяу жүргіншілер жолының 60 пайызына тақта тастар төселді. Аумақ бойындағы асфальтбетон жамылғысы түгелдей дерлік жаңартылды.
Дархан Сатыбалды Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевқа барлық жол құрылысы жұмысын, оның ішінде жол белгілерін сызып, тамыз айының соңына дейін аяқтауды, көгалдандыру көлемін ұлғайтуды және тротуар бойында қосымша жарық көздерін орнатуды тапсырды.
Кейін шаһар басшысы Райымбек батыр даңғылы бойындағы BRT желісінің құрылыс барысын көріп қайтты. Жоба аясында үздіксіз арнайы жолақтар, жаңа аялдама кешендері орнатылып, даңғыл бойы «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көріктендіріледі.
Алматы әкімі BRT желісін кеңейту қаланың көлік жүйесін дамытуға арналған шебер жоспарды жүзеге асырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Салаға жауапты басқармамен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі қарқынды жүргізу жүктелді. Жобаны жүзеге асыру кезінде жаяу жүргіншілердің жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аудару, жұмыстардың барысы мен көлік қозғалысындағы өзгерістер туралы халықты дер кезінде хабардар ету міндеттелді.
Айта кету керек, Райымбек батыр даңғылы бойындағы BRT жобасы көлік модельдеу нәтижелері бойынша әзірленіп, қазіргі және болашақтағы көлік легі әзірленген. Жоба жүзеге асқаннан кейін қоғамдық көліктің орташа қозғалыс жылдамдығы 50%-дан 70%-ға дейін артпақ.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында қаланың коммуналдық автобус және троллейбус парктерін аралап, олардың техникалық жағдайы мен қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын тексерді.
Атап айтқанда, қала басшысы Алмалы ауданында орналасқан, жалпы ауданы 4,2 гектар болатын троллейбус паркіне барды. Қазіргі таңда мұнда 212 жаңа троллейбус қызмет көрсетеді. Троллейбус бағыттары бойынша жолаушылар саны күніне шамамен 130 мың адам.
«Алматыэлектротранс» коммуналдық кәсіпорны қазіргі уақытта кабельдік және контактілік желілерді, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. Алайда, парк инфрақұрылымы да жаңартуды қажет етеді. Жөндеу аймағы, қоймалар мен диспетчерлік ғимараттар 1960 жылдары салынған және осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген.
Осыған байланысты, қала әкімі кәсіпорын басшысы Александр Бейсембиевке Алматыдағы жалғыз троллейбус паркінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.
Сапар барысында Дархан Сатыбалды сондай-ақ, Түрксіб ауданында орналасқан №1 және №2 автобус парктерінің жұмысымен танысты. Бұл парктерде жүргізушілерге арналған жатақханалар, көлік жуу кешендері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар орналасқан.
№1 автобус паркінде қазіргі таңда 300 газбен жүретін автобус қызмет көрсетуде. Келесі жылдың соңына дейін бұл паркте жаңа жуу кешенін салу, инженерлік желілерді толық жаңарту, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жаңа газ құю станциясын (АГНКС) іске қосу жоспарланып отыр.
№2 паркінде 320 автобус тіркелген. Биыл бұл жерде газ құю станциясы мен жүргізушілер жатақханасына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Жалпы, «Алматыэлектротранс» кәсіпорны 5 автобус паркіне, 1 троллейбус паркіне және мектеп автобустары паркіне иелік етеді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 2 435 бірлік қоғамдық көлік пайдаланыста.
Бүгінде автобустарға жанармай құю инфрақұрылымын дамыту — өзекті мәселе. Қала аумағында 8 газ құю станциясы жұмыс істейді, алайда олардың кейбірі жаңғыртуды қажет етеді. Сонымен қатар, жаңа көлік құралдарының сатып алынуына байланысты қосымша автопарктер салу қажеттілігі туындап отыр.
«Автобус маршруттарын автопарктерге дұрыс бөлу керек. Яғни, көлік өз бағытына алыс жерден бос жүріп бармауға тиіс. Сондай-ақ, біз қаланың батыс және шығыс бөліктерінде, әсіресе Наурызбай ауданында, болашақ полицентрлер аясында автопарктерге арналған жер телімдерін алдын ала қарастыруымыз қажет», – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Сапар қорытындысы бойынша, қала басшысы Қалалық жоспарлау басқармасына жаңа автопарктер үшін жер телімдерін анықтауды, ал құзырлы басқармаларға — жобалық-сметалық құжаттаманы жедел түрде әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, салалық басқармаларға қолданыстағы газ құю станцияларын жаңарту және жаңаларын салу үшін жеке инвесторларды тарту мәселесін қарастыру тапсырылды.