Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру жобасы

2023 жылғы 2 қазан күні Алматы қаласында алғаш рет мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру курстары жобасы іске қосылды. Жоба ағымдағы жылдың 2 қазаны мен 1 желтоқсаны аралығында «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында жүзеге асырылады. Біліктілікті арттыру курсына қаланың 50 басшысы мен 50 әдіскері қатысып, білімі мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасалады. Жобаның негізгі мақсаты – Алматы қаласындағы мектепке дейінгі білім беру жүйесін қолдау және дамыту, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын арттыру. Жоба заманауи білім беру менеджменті негіздеріне оқытуды, ECERS-3 шкаласын теориялық және практикалық қолдануды зерделеуді және ата-аналармен өзара әрекеттестіктің замануи түрлерін енгізуді қамтиды. Қатысушылар үздік тәжірибелі сарапшылардан білім алып, өзара тәжірибе алмасып, мектепке дейінгі ұйымдарды тиімді басқарудың жаңа құралдарын зерттейді. Біліктілікті арттыру курсын мектепке дейінгі білім беру саласындағы отандық және халықаралық білікті сарапшылар жүргізетін болады.



