Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына жиі қойылатын сұрақтар
Діни әдебиетті интернет арқылы сатуға бола ма? Жалпы интернет арқылы сату үшін қандай талаптарды орындау қажет?
Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды құлшылық ету орындарынан және діни оқу орындарынан тыс жерде, соның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы тарату үшін жергілікті атқарушы органның келісімі қажет.Бұл талап Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабында көзделген. Белгіленген тәртіпті бұзу әкімшілік жауапкершілікке — айыппұл салуға дейін — әкеп соғуы мүмкін.
Келісім алу үшін қайда жүгіну керек?
Алматы қаласында бұл мәселеге қатысты Дін істері жөніндегі басқармасына жүгінуге болады.
Өтініш беру тәртібі мен қажетті құжаттар тізімі жөнінде мына телефон арқылы нақтылауға болады: 351-45-52.
Діни бірлестік Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер кезінде тыныштықты бұзған жағдайда қайда жүгінуге болады?
Егер діни бірлестік тарапынан түнгі уақыттағы тыныштықты сақтау талаптарының бұзылуына жол берілсе, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы 1-тармағына сәйкес (Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуы), бұл құқық бұзушылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартуды құқық қорғау органдары жүзеге асырады. Атап айтқанда, Сізге Алматы қаласының Полиция департаментіне жүгінуге кеңес береміз. Қалалық телефон арқылы 102 нөміріне немесе ұялы телефоннан 112 нөміріне қоңырау шалып, учаскелік полиция инспекторын шақыруыңызға болады.
Қосымша түрде хабарлаймыз: шудың белгіленген нормадан асып кеткенін анықтау және тексеру санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының құзыретіне кіреді және әрбір нақты жағдайда жеке қарастырылады.
Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша «Ұлттық сараптама орталығына» жүгініп, шудың рұқсат етілген деңгейге сәйкестігін анықтау мақсатында сараптама тағайындауға болады (сараптама қызмет алушының қаражаты есебінен жүргізіледі).
Миссионерлік қызметке тіркеу және қайта тіркеу үшін қандай құжаттар қажет?
Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады. Миссионерлерді тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізімімен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2000020256).
Тіркеуден өту үшін қайда жүгінуге болады?
Алматы қаласында миссионерлік қызметті тіркеу және қайта тіркеу жұмыстарын Дін істері жөніндегі басқармасы жүзеге асырады.
Өтініш беру тәртібі мен қажетті құжаттар тізімін нақтылау үшін келесі телефон нөміріне хабарласуға болады: 351-45-52.