
Маулен Әшімбаев: Діни лидерлердің күш-жігерін біріктіру уақыты келді
Қазақстан Республикасы Сенатының Спикері Маулен Әшімбаев Сауд Арабиясында өткен «Әділетті және қауіпсіз әлем үшін діни лидерлер» атты дөңгелек үстелге қатысты. Ол геосаяси шиеленіс, рухани құлдырау, экологиялық және экономикалық мәселелер сияқты әлемдік дағдарыстар жағдайында діндер арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударып, бейбітшілік үшін жаңа жаһандық қозғалыс құруды ұсынды. Бұл бағытта діни лидерлердің ерекше рөлі бар», – деді Әшімбаев.
Қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ үшін синергия» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VIII съезі өтеді.
Форум қорытындысы бойынша Дүниежүзілік ислам лигасы мен Халықаралық дінаралық диалог орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Астанада Ислам өркениеті музейін салуды қоса алғанда, бірлескен жобалар талқыланды.