GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
19 октября 2026
БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Алматыда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бойынша ведомствоаралық отырыс өтті

   Бала - адамзаттың ең мөлдір, ең таза бөлшегі. Әрбір сәбидің алаңсыз күлкісі мен жаутаңдаған жанарында бүкіл қоғамның ертеңгі айнасы тұр. Балалық шақтың бақытты, ал болашақтың бекем болуы - бүгінгі біздің оларға жасаған қамқорлығымыз бен құқықтарын қаншалықты қорғай алғанымызға тікелей байланысты.

     Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бастамасымен кеңейтілген бірлескен отырыс өтті.

        Жиынға Алматы қаласы Полиция департаменті, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Психологиялық қолдау орталығы, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Отбасын қолдау орталығы, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

     Шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу және Алматы қаласы әкімінің орынбасары бекіткен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының бірыңғай Алгоритмін іске асыру.

     Бірлескен алгоритм негізінде іске кіріскен мекеме өкілдері жұмыстың тиімділігін арттыру, кедергілерді еңсеріп, ортақ мәмілеге келу мақсатында өзара пікір алмасты. Жиынның басты түйіні - балалардың құқығын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ешқандай іркіліс пен түсініспеушілікке орын жоқ. Өйткені әрбір баланың мәселесі - кейінге қалдыруды көтермейтін, дер кезінде шешілуі тиіс кезек күттірмейтін міндет.

   Жиынды Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева ашып, саладағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды.


    Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары заңнаманы жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Баланы зорлық-зомбылықтан қорғауға және отбасылық мәселелерді ерте анықтауға бағытталған 10 жаңа заң қабылданып, балалар саясатының барлық бағыттарын біріктіретін 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді.
    Басқарма басшысы саладағы кадрлар санының артуы, қорғаншылық органдарында 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінуі, кейс-менеджмент институтының қалыптасуы және 5 министрліктің бұйрығымен бекітілген Бірыңғай алгоритмнің маңызын тілге тиек етті. Бұл алгоритм баланың құқығы бұзылған сәттен бастап оған кешенді көмек көрсетілгенге дейінгі процесті қамтиды, ал Басқарма бұл жұмыстың бірыңғай үйлестірушісі қызметін атқарады.
   «Басты мақсатымыз - қағаз жүзіндегі есеп емес, бала мен отбасына шынайы әрі уақтылы көмек көрсету. Балалардың қауіпсіздігі – тек бір ведомствоның емес, бүкіл қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі. Жаңа алгоритм дағдарыстық жағдайларда жедел ден қоюға және әрбір балаға атаулы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – салдарымен күресу емес, қауіпті ерте сатыда анықтап, формалды хат алмасудың орнына шынайы, уақтылы әрекет ету», – деп баса айтты Жанат Жеңісбекқызы.
    Басқосу барысында әр ведомство өзіне жүктелген міндеттердің маңыздылығын саралады. Мәселен, Ювеналды полиция өкілі құқық бұзушылықтың алдын алу мен жедел әрекет ету механизмдеріне тоқталса, Отбасын қолдау орталығының мамандары дағдарысқа ұшыраған отбасыларға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетудің қыр-сырын баяндады.

   Бала құқығын қорғау - бұл жай ғана заң талабы немесе міндет емес, бұл - өркениетті қоғамның басты адамгершілік парасаты. Әрбір бала зорлық-зомбылықтан ада, сүйіспеншілік пен жылылыққа толы ортада өсуге құқылы. Олардың кішкентай жүрегіне сенім ұялатып, қауіпсіз әлем сыйлау - үлкендердің қасиетті борышы.

     Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ювеналды полицияның атқаратын ролі ерекше. Алгоритмді іске асырудың алғашқы нәтижелері мен алдағы міндеттерге тоқталған Алматы қаласы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанна Шонжанова өз сөзінде ювеналды полицияның жазалаушы емес, әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсетуші орган екенін баса айтты.

  «Алгоритм шеңберіндегі біздің басты міндетіміз - балаларға қатысты кез келген құқық бұзушылықтың немесе қауіп-қатердің алдын алу және оған жедел әрекет ету. Полиция тек жазалаушы орган емес, ең алдымен - қорғаушы. Осы ортақ алгоритмнің арқасында біз басқа ведомстволармен ақпаратты мейлінше жылдам алмасып, қиын жағдайға тап болған балаға дер кезінде құқықтық әрі физикалық қауіпсіздік қамтамасыз ете аламыз. Кедергілерді жойып, бірлесіп жұмыс істеу - баланың амандығының кепілі» - деді ол.

   Балаға құқықтық қорғаудан бөлек, жылы орта мен психологиялық қолдаудың ауадай қажет екені белгілі. Осы орайда Алматы қаласы Отбасын қолдау орталығының директоры  Зарипов Ақмолжан алгоритмнің әлеуметтік маңызына тоқталып, өз пікірін білдірді.


«Біздің Орталықтың негізгі миссиясы - баланың психологиялық және әлеуметтік жай-күйін қалпына келтіру, отбасындағы дағдарыстың тереңдеуіне жол бермеу. Ведомствоаралық алгоритм бізге полициямен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Баланы тек уақытша қорғап қою жеткіліксіз, оған және оның отбасына кешенді психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Біздің ортақ мақсатымыз - әрбір баланың өз отбасында аман-есен, жылылықта өсуін қамтамасыз ету», - деді ол.

   Отырыс барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасанов осындай маңызды ведомствоаралық кездесуге қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің арнайы шақырылғанына алғыс білдіріп, балалардың құқықтарын қорғаудағы әрбір мекеменің ерекше орны мен жауапкершілігін атап өтті.

«Ведомствоаралық отырысқа қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, ашық пікір алмасуға жағдай жасалғаны үшін алғыс білдіремін. Біз бәріміз ортақ іс атқарып жатырмыз. Балалардың құқықтарын қорғау – баршамызға ортақ міндет, өйткені біздің ең басты құндылығымыз – балаларымыз.
Қалада арнайы әрекет ету алгоритмі құрылып, мобильді топтар белсенді жұмыс істеп жатқанымен, жекелеген тетіктерді әлі де жетілдіре түсу қажет. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі бұл мәселені ұдайы қоғамдық бақылауда ұстайды», – деді ол.

Түйткілді мәселелерді шешуде кешенді тәсілдің маңыздылығын Білім беру жүйесі мен Психологиялық қолдау орталығының өкілдері де растады. Олар өз сөзінде мектептердегі психологиялық ахуалды тұрақты бақылап, қауіп-қатер белгілерін ерте анықтауға, балаларға эмоционалдық қолдау көрсету мен бейімделуіне көмектесуге, сондай-ақ қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға баса мән беретіндіктерін жеткізді.

  Өз кезегінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуді, жедел емдеу шараларын ұйымдастыруды және олардың денсаулығын толық қалпына келтіруді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды баяндады.
   Сонымен қатар, «Милосердие» ерікті қоғамдық қорының «Қазақстан – жетімдерсіз» жобасының өкілі Ольга Аринбасарова мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында қалыптасқан ашықтық принципінің жоғары тиімділігін ерекше атап өтті.

 

«Біздің ұйымның құрылғанына 20 жылға жуықтаса, жобамыздың жүзеге асырылып жатқанына 15 жылдай болды. Сондықтан менде салыстыратын тәжірибе де, негіз де бар. Қоғам белсендісі ретінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылында соңғы кездері айқын көрініс тауып отырған ашықтық принципінің маңыздылығын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда қала деңгейінде ведомствоаралық ынтымақтастықтың қаншалықты нақты әрі үйлесімді жолға қойылғанына куә болып отырмыз. Балаларға қатысты көптеген өзекті мәселелер дәл осы ашықтықтың арқасында жедел шешімін табуда. Тіпті қазір менің қолымда бейінді басқармалар басшыларының тікелей байланыс телефондары бар», – деді ол.

      Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау мен олардың мәселелерін шешуде бюрократиялық кедергілер мен түсініспеушіліктерге жол бермей, кез келген түйткілді дер кезінде әрі барынша тиімді шешу қажеттілігі баса айтылды.
    Баланы қорғау – елдің болашағын қорғау деген сөз. Егер бүгін біз әрбір баланың құқығының сақталуын қамтамасыз етіп, сапалы білім мен сенімді қорғау сыйласақ, ертең саналы да рухы биік, өрелі ұрпақ тәрбиелейміз. Өйткені бақытты балалық шақ қана жарқын болашақтың берік іргетасы бола алады.
   Жиын қорытындысы бойынша мекемеаралық ақпарат алмасуды жеделдету және қаланың әрбір ауданында балаларды қорғау тетіктерін нәтижелі жүзеге асыру бойынша нақты шешімдер қабылданды.

19 октября 2026
Басқарма басшысы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады

Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Жеңісбекқызы Айтпаева азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдау барысында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық, білім беру, әлеуметтік қолдау және өзге де өзекті мәселелер бойынша азаматтардың өтініштері қаралды.
Барлық өтініштер жұмысқа қабылданып, әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндірмелер берілді.
  Азаматтарды қабылдау әр сәрсенбі күні сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін алдын ала жазылу арқылы өткізіледі.
Қабылдау басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша өткізіледі.
Жеке қабылдауға «e-Otinish» ақпараттық жүйесі, balaqorqau.almaty@gmail.com электрондық поштасы немесе 📞 8 747 199 91 47 телефон нөмірі арқылы алдын ала жазылу қажет.

 

19 октября 2026
Алматыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттың жаңа филиалы ашылды

Алматы қаласында ерекше балаларды қолдау және оларға сапалы білім беру қолжетімділігін арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Еңбек көшесі, 92 мекенжайында орналасқан №15 мектеп-интернаттың базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған №7 арнайы мектеп-интернатының жаңа филиалы есігін ашты.

Филиалдың ашылу мақсаты мен ерекшеліктері:

  • Білім алу қолжетімділігін арттыру: Жаңа нысан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тегін арнайы білім алуға деген құқықтарын жүзеге асыруға және қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.
  • Жан-жақты дамуға жағдай: Орталықта балалардың сапалы білім алуымен қатар, олардың әлеуметтенуіне, шығармашылық және өмірлік дағдыларын дамытуға қолайлы жағдайлар жасалған.
  • Оқуды жалғастыру мүмкіндігі: Атап айтқанда, бұл жаңа филиал «Педагогтер академиясы» қоғамдық ұйымында білім алған балалардың оқуын кідіріссіз жалғастыруы үшін тамаша баламалы мүмкіндіктердің бірі ретінде ұсынылып отыр.

Бұл бастама ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне және олардың әрқайсысының жеке әлеуетін ашуға үлкен үлес қоспақ.

19 октября 2026
Қазақстанда ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларды ерте анықтауға арналған «Balazhan» цифрлық платформасы енгізілуде

Елімізде балалардың әл-ауқатын арттыруға, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадам жасалуда. Білім беру саласындағы жаңа цифрлық өнім – «Balazhan» платформасы тәуекел топтарындағы балаларды ерте сатыда анықтап, оларға дер кезінде кешенді көмек көрсету мақсатында әзірленді.

Платформаның басты ерекшеліктері мен артықшылықтары:

  • Бірыңғай деректер базасы: Жаңа жүйе бұрын педагогтер әр түрлі қағаз құжаттар мен әртүрлі ақпараттық жүйелерде бөлек тіркеп келген барлық мәліметтерді біріктіреді.
  • Қайталауды болдырмау: Енді ақпаратты жүйеге бір рет қана енгізу жеткілікті, ал кейіннен қажеттілікке қарай өзгерістер мен жаңартулар енгізіліп отырады.
  • Педагогтердің жұмысын жеңілдету: Платформа мұғалімдер мен мамандардың күнделікті қағабаз жұмысын едәуір қысқартып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
  • Мамандар арасындағы байланыс: Жүйе әлеуметтік педагогтер, психологтер, сынып жетекшілері және басқа да профильді мамандардың өзара тиімді әрі жедел әрекеттесуін қамтамасыз етеді.
  • Қауіпсіздік және интеграция: «Balazhan» Ұлттық білім беру деректер базасының (ҰББД) ажырамас бөлігіне айналады. Балалардың дербес деректерін қорғау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай қатаң түрде жүзеге асырылады.

Бұл бастама балаларға қажетті қолдауды уақтылы көрсетуге және білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздік ортасын сапалы жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізбек.

19 октября 2026
Қазақстанда мектептердегі білім сапасын арттыруға қосымша 1 миллиард теңге бөлінеді

Елімізде өңірлер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жою және оқыту деңгейін бірыңғай стандартқа келтіру бағытында маңызды шешім қабылданды. Мектептердегі білім беру сапасын арттыру мақсатында қосымша 1 миллиард теңге қаражат бөлу көзделіп отыр.

Бастаманың негізгі бағыттары мен мақсаттары:

  • Ғылыми-әдістемелік қолдау: Бөлінген қаржы «Келешек мектептер» жобасының озық тәжірибесіне сүйене отырып, мектептерге жан-жақты ғылыми-әдістемелік көмекті кеңінен таратуға бағытталатын болады.
  • Білім беру сапасын теңестіру: Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, бұл бастаманың басты мақсаты – ресми түрде елдің барлық өңірлеріндегі мектептерде бірдей жоғары білім деңгейін қамтамасыз ету. Мұндағы басты басымдық – шалғай ауылдық және әлсіз мектептерді қолдау.
  • Бюджеттік шығыстардың өсуі: Жалпы алғанда, 2027 жылғы бюджет жобасында білім беру саласына бөлінетін шығыстар көлемі 85 миллиард теңгеден 86 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылатын болады.

Бұл инвестициялар оқу үрдісін заман талабына сай жетілдіруге, педагогтердің әдістемелік әлеуетін көтеруге және оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға серпін бермек.

19 октября 2026
Қазақстанда аналар жұмысқа шықса да, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі жәрдемақысын ала алады

Қазақстанда аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бағытында маңызды өзгеріс енгізілуде. Мемлекет аналардың жұмысқа ертерек шығуына немесе мансабын жалғастыруына кедергі келтірмей, қаржылай қолдауды сақтап қалуға жағдай жасауда.

Жаңа жүйенің негізгі ережелері мен артықшылықтары:

  • Жұмыс пен жәрдемақыны қатар алу: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) АҚ правление төрағасы Алмас Құрмановтың айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы аналар бала 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлемді жұмысқа шыққан жағдайда да толық көлемде ала алады.
  • Өтінішті кейінге қалдыру мүмкіндігі: Егер әйел бала туғаннан кейін бірден жәрдемақыға жүгінбесе немесе жаңа нормалардың күшіне енуін күткісі келсе, ол жаңа жылды күтіп, кейін өтініш бере алады.
  • Өткен кезеңде туған балаларға да қатысты: Мысалы, әйел жаңа жылға чейін 5-6 ай бұрын босанған болса да, бірақ әлі өтініш бермеген болса, қаңтар айында арнайы өтінішпен жүгіне алады. Бұл жағдайда оған төлем тағайындалып, бала бір жарым жасқа толғанға дейін жұмыс істеп жүрсе де төленіп тұрады.
  • Бұрынғы ережелерден айырмашылығы: Бұрын заңнама бойынша әйел бала 1,5 жасқа толғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығынан айырылатын еді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл шектеу алынып тасталады.

Бұл бастама аналардың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, отбасының қаржылық жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

15 октября 2026
Депутат «Яндекс» жүйесіндегі ақаудан кейін қазақстандықтардың дербес деректері шетелге таралып кетпегенін тексеруді талап етті

Депутат «Яндекс» жүйесіндегі ақаудан кейін қазақстандықтардың дербес деректері шетелге таралып кетпегенін тексеруді талап етті.

ҚР Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева «Яндекс» жүйесінде орын алған ірі ақаудан кейін қазақстандық азаматтардың дербес деректері шетелге берілді ме, жоқ па, соны толық тексеруді талап етті. Сондай-ақ депутат ақпаратты қорғау бойынша заң талаптарының қатаң сақталуын сұрап отыр.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен құпиялылығына қатысты алаңдаушылық тудырды. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті құзырлы органдардан жауап күтілуде.

15 октября 2026
Алматыдағы РФМШ оқушыларының асханадан улануы: барлық мән-жайлар, зардап шеккендер саны және тергеу барысы

12-14 қазан күндері Алматы қаласындағы Республикалық физико-математикаялық мектептің (РФМШ) оқушылары арасында тіркелген жаппай улану оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жедел ішек инфекциясының белгілерімен мектептің интернатында тұратын және әр өңірден келген балалар ауруханаға жаппай түсе бастады.

Ата-аналардың әлеуметтік желідегі дабылынан кейін мәселе назарға алынып, алғашында 47 оқушы ауруханаға жатқызылса, кейін медициналық көмекке жүгінгендердің жалпы саны 51 балаға жетті. Сонымен қатар мектеп-интернаттағы тағы 8 бала оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Бастапқы болжамдар бойынша, балалар мектеп асханасындағы тамақтан уланған. Осыған байланысты асқынудың алдын алу мақсатында мектеп, интернат және асхананың жұмысы уақытша тоқтатылып, оқушылар онлайн форматқа көшірілді. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан балалардың жағдайы тұрақты, олар дәрігерлердің жіті бақылауында.

Осы төтенше жағдайдың себептерін жан-жақты зерттеу үшін Алматыға республикалық бейінді құрылымдардың өкілдерінен тұратын арнайы комиссия келіп жетті. Комиссия мүшелері қалалық қызметтермен бірлесіп білім беру мекемесіне барып, жағдаймен және жүргізіліп жатқан іс-шаралармен танысуды жоспарлап отыр.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта толық эпидемиологиялық тергеу жұмыстары жүргізілуде, зертханалық зерттеу нәтижелері күтілуде. Оқиға мен қабылданып жатқан шаралар тиісті мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында.



15 октября 2026
Басқарма мамандары №123 гимназия оқушыларымен іс-шара өткізді

  Бүгін №123 гимназия оқушыларымен «Толық адам» жобасы аясында ерекше әрі мазмұнды кездесу өтті.
   Кездесуге Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мамандары қатысып, балаларға өмірлік қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірді. Шара барысында мектеп оқушыларына күнделікті өмірде, көшеде және интернет кеңістігінде қауіпсіздік шараларын қалай сақтау керектігі қарапайым әрі ұғынықты тілде жеткізілді.
Оқушылар кездесуге белсене қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мамандар балалардың барлық сұрақтарына тұщымды жауап беріп, пайдалы кеңестерімен бөлісті.


 

15 октября 2026
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 90 мыңнан астам адам жауапқа тартылды

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 90 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға артық. Олардың ішінде 25 мың правонарушитель әкімшілік қамауға алынды.

Мемлекет тарапынан қорғау шаралары да күшейтіліп жатыр: ел бойынша 73 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылса, аталған ұйғарықтардың талаптарын бұзған 20,5 мың адам жазаға тартылды. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарында балаларымен бірге қорғау тапқан 4,5 мың әйел орналастырылды.

Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осы сала бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 10,4%-ға, ал кісі өлтіру деректері 11%-ға төмендеді. Осыған қарамастан, Ішкі істер министрлігі зорлық-зомбылықтың алдын алу және профилактика жұмыстарын одан әрі күшейтуді тапсырды.

Социальные сети
Меню подвал