Алаяқтық туралы не білуіміз керек
Алаяқтық – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол тек қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс табады. Алаяқтықтың қазіргі уақыттағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де уақыт өткен сайын кең таралып, көбеюде.
Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Сондай-ақ, «WatsApp» мессенджері арқылы чат құрып, тез байып кетудің айла-тәсілдерін көрсете отырып, әр түрлі көлемде салған ақшаларын бірнеше есеге арттырып беретіндерін жарнамалап, нәтижесінде адамдар пайыздап алатын ақшаларын айтпағанда өздерінің салған қаражаттарынан да айырылып қалып жатады. Өкініштісі, кейбір тұлғалар мұндай чаттардың күмән тудыратынын біле тұра, тәуекелге бел буып, өз қаражаттарын салып жіберіп жатады.
Бұл тек интернет алаяқтықтың бір ғана түрі.
Кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез-келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SMS-хабарламалар жіберуі жиіліп кеткен. «Жүлдені сіздің абоненттік нөміріңіз кездейсоқ таңдау арқылы жеңіп алды», деп ұтысты жеткізіп беру үшін тауарға қосылған құн салығын ғана төлеу қажеттігін айтып, белгілі бір шотқа ақша қаражаттарын аудартып алып, кейіннен ұтыс та шотқа салған ақша қаражаты да «жүлдегерге» қайтып берілмейді.
Алаяқтардың айла-тәсілдері мұнымен шектелмейді.
Айта кетерлік жағдай, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа да ие болады. Яғни, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте де жүруі мүмкін. Сол себепті, қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді.
Сондықтан, интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары ретінде дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауды, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырамыз.
Ойыл ауданының прокуратурасы