Темір ауданы
Темір ауданы – Ақтөбе облысының батыс бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы 12,6 мың км². Тұрғындар саны 36,0 мың адам (2005). Орталығы – Шұбарқұдық кенті. Ауданда 29 елді мекен 1 қалалық, 2 кенттік және 7 ауылдық округке біріктірілген.
Ауданның іргесі 1869 жылы құрамында 17 болысы бар уезд орталығы болып қаланған. Ол қазіргі Мұғалжар, Темір, Ойыл, Байғанин аудандарының, Қобда ауданының оңтүстігін қамтыған. 1921 жылы 27 болыс болды және Ақтөбе губерниясындағы аудан орталығы, 1923 жылы Ақтөбе губерниясының іріленуіне байланысты Темір уезі (14 болыс) аталған. 1928 жылы уез таратылып, 1930 жылы ауданға айналды. 1935 жылы одан Жұрын ауданы бөлініп шықты. Қазіргі Темір ауданы 1972 жылы құрылған.
