Жұмыспен қамтудың 2020 — 2021 жылдарға арналған жол картасы

      Жұмыспен қамтудың 2020 — 2021 жылдарға арналған жол картасының (бұдан әрі — Жол картасы) негізгі мақсаттары:

 

      1) жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;

      2) қосымша жұмыс орындарын құру және кірісті қамтамасыз ету;

      3) елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау.

      Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін Жол картасында мынадай жұмыс түрлері мен объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделеді:

      1) әлеуметтік-мәдениет объектілерін – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық тұрғыдан күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі);

      2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері, көппәтерлі тұрғын үйлер) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу;

      3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері және құрылыстары) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;

      4) елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңқайларын жайластыру).

      Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия1 (бұдан әрі — ВАК) шешімінің негізінде құрылысты қоса алғанда, өзге де жұмыс түрлері мен объектілерді іске асыруға жол беріледі.