АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУЛЕРІ ТАЛДЫСАЙ, ӘЛИЯ АУЫЛДАРЫНДА ӨТТІ.

Аудан әкімі Б.А.Кулов 2022 жылғы 9 ақпанда ауданымыздың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2022 жылға арналған міндеттемелер жөнінде Талдысай, Бұлақ ауылдық округтерінің тұрғындары алдында өз есебін берді. Екі ауылдық округте де инфрақұрылымға байланысты сұрақтар өз шешімін тапқан. Талдысайлықтарды алаңдататын сұрақтар балалардың ойын алаңы мен қоғамдық монша салу, ауылдық клубқа штат бөлу, ал әлиялықтар жайылым жерлердің көлемін арттыру, балабақша салу, ауылішілік жолдарды тазарту және т.б. сауалдарын қойды.
Сұрақтардың болуы заңдылық. Тұрғындардың көтерген мәселелеріне құлақ аса отырып, осыдан туындайтын іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2021 жылы Әлия ауылында түнгі жарықтандыру шамдары орнатылып, тротуар төселіп, пилоттық жоба бойынша ауылдық округ әкімі мен учаскелік полиция инспекторына тұрғын үйлер салынып, Бұлақ ауылында Ә.Молдағұлованың музей үйі қолданысқа берілді. Талдысайда заманауи спорт алаңы салынып, түнгі жарықтандыру шамдары орнатылды. Сонымен қатар ауылішілік 2 көше күрделі жөндеуден өтті.
Ал 2022 жылы Бұлақ ауылында ауызсуға арналған блокты-модулді кешен орнатылып, Талдысайда мобилді интернет сапасын арттыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ Әлия, Талдысай ауылдарында "Сервистік әкімдіктер" жабдықталмақ. Сонымен бірге Талдысайда әкімшілік ғимараты күрделі жөндеуден өтсе, Бұлақ ауылдық округінде әкімшілік ғимаратының құрылысы жүргізіледі.
Жиында осы игі істерді тұрғындардың назарына жеткізіп, ауылшаруашылық саласына үлес қосқан азаматтарға "Елеулі еңбегі үшін" медалін, бірқатар ауыл тұрғындарына қоғамдық өмірге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.
Есеп беру кездесуімен қатар "Бос жұмыс орындары" жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.