Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі
1-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен және қабылдануы осы Кодексте көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында күші болады және ол барлық жеке және заңды тұлғаға қолданылады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің ережелері, "Астана" халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйымды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, оның ведомстволарына және оның құрылымына кіретін ұйымдарға, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға, акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
3. Осы Кодекстің ережелері мемлекеттік құпиялар, Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын, мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау, жедел-іздестіру, барлау, қарсы барлау қызметін жүзеге асыру, елдің сыртқы саяси қызметін, қорғаныс қабілетін және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының сот жүйесін қаржыландыру, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды қаржыландыру, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар шеңберінде іске асырылатын атом энергиясын пайдалану саласындағы жобаларды қаржыландыру мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың кезекті қаржы жылына арналған тиісінше республикалық және жергілікті бюджеттерден ақша бөлу туралы актілері, осы актілердің қайтарымды негізде ақша бөлу туралы ережелерін қоспағанда, тиісті қаржы жылы аяқталғаннан кейін күшін жояды.
Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары бойынша республикалық бюджет туралы заңға (жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне) қосымшалардың қолданысы келесі жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңның (жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің) қолданысқа енгізілуімен күшін жоятын болады.
6. Республикалық бюджет туралы заң, жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың оларды іске асыру туралы актілері, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілер тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі мақсаты мен міндеттері және бюджет қаражатын алушыларға қойылатын жалпы талаптар
1. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі мақсаты жүргізіліп жатқан бюджет саясатына сәйкес мемлекеттік басқарудың стратегиялық мақсаттарын, мемлекеттің міндеттері мен функцияларын оларға қол жеткізу немесе іске асыру үшін қажетті бюджет қаражатының көлемдерімен үйлестіруді қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі міндеттері:
1) бюджет жүйесінің жұмыс істеуінің, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі ережелерін, қағидаттары мен тетіктерін белгілеу;
2) бюджеттік, бюджетаралық қатынастарды реттеу;
3) бюджет жүйесінің қағидаттары арқылы мемлекеттік қаржы мен бюджетті тиімді басқару үшін құқықтық негіздер құру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін мынадай талаптар көзделеді:
бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, жергілікті атқарушы органдардың және бюджет қаражатын өзге де алушылардың Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға бюджетті жоспарлау процесінен тыс кезде бюджет шығыстарын ұлғайту туралы ұсыныстар енгізуіне тыйым салынады;
бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, жергілікті атқарушы органдардың және бюджет қаражатын өзге де алушылардың бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның, сондай-ақ қажет болған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның және мемлекеттік қазынашылықтың келісімінсіз Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы баптың 2-тармағында белгіленген міндеттерін орындау тетіктерін немесе құралдарын өзгертуге байланысты ұсыныстар енгізуіне тыйым салынады;
жергілікті уәкілетті салалық мемлекеттік органдардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның келісімінсіз және осы Кодекстің 73-бабының 2-тармағында көзделген рәсімдерді сақтамай орталық салалық мемлекеттік органдардың бюджет шығыстарын ұлғайту, қысқарту және (немесе) қайта бөлу туралы ұсыныстарын келісуіне тыйым салынады.
4. Жергілікті қоғамдастық жиналысы қарайтын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары арасындағы келіспеушіліктерді қоспағанда, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және (немесе) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді тиісті бюджет комиссиясы қарайды.
3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бекітілген бюджет – Қазақстан Республикасының Құрылтайы немесе тиісті мәслихат бекіткен бюджет;
2) бюджет – мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз етуге арналған мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры;
3) бюджет жүйесі – бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджет процестері мен қатынастардың, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерімен, бюджеттен тыс қорлармен қатынастардың жиынтығы;
4) бюджет қаражаты – мемлекеттік меншікке түсуі және жұмсалуы бюджетте ақшалай нысанда көрсетілетін мемлекеттің ақшасы мен өзге де активтері;
5) бюджет қаражатының игерілмеуі – бюджет қаражатының үнемделуін, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың бастамаларына арналған резервтің бөлінбеген қалдығын, Қазақтан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген нысаналы трансферттердің қайтарылуын және есепті қаржы жылында бөлінген, осы Кодекске сәйкес толық пайдалануға рұқсат етілген нысаналы даму трансферттерінің қайтарылуын шегергенде, төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелерден есепті кезеңнің қорытындылары бойынша қалыптасқан асып кетуі;
6) бюджет процесі – бюджет процесіне қатысушылардың бюджетті болжау, жоспарлау, қарау, бекіту, атқару, нақтылау, секвестрлеу және түзету, бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілікті, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу, мониторинг және нәтижелерді бағалау кезеңдеріндегі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында регламенттелген қызметі;
7) бюджет саясаты – мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару жөніндегі шаралардың жиынтығы;
8) бюджеттен тыс қор – негізгі мақсаты республиканы немесе өңірді дамытудың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыру болып табылатын, мемлекет құрылтайшысы және жалғыз акционері болып табылатын заңды тұлға немесе қолма-қол ақшаны бақылау шоты нысанында құрылатын орталықтандырылған ақша қоры;
9) бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуы – бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге, оның ішінде бюджет қаражаты толық игерілген кезде қол жеткізбеу;
10) бюджеттік қатынастар – бюджет процесінде туындайтын қатынастар;
11) бюджеттік операциялар – бюджетті атқару процесінде жүзеге асырылатын операциялар;
12) есепті қаржы жылы – жоспарлы кезеңнің ағымдағы қаржы жылының алдындағы жыл;
13) жоспарлы кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі үш қаржы жылы;
14) кезекті қаржы жылы – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі жыл;
15) қаржы жылы – бюджеттің атқарылуы жүзеге асырылатын, күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталып, 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңі;
16) қаржыландыру – бюджет ақшасын оны алушыларға бөлу;
17) қысқа мерзімді кезең – ұзақтығы бір жылға дейінгі кезең;
18) мемлекет активтері – өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік меншікке алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар;
19) мемлекеттік инвестициялық жоба – жаңа өндірістер құруды, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуді және (немесе) жаңартуды қоса алғанда, активтер құруға және (немесе) дамытуға бағытталған, осы Кодексте көзделген іс-шаралар кешені;
20) мемлекеттік қаржы – республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бюджеттен тыс қорлардың мемлекеттік сектордың активтері мен міндеттемелерін қалыптастыру, бөлу, қайта бөлу кезінде туындайтын қатынастар жүйесі;
21) мемлекеттік қаржының орнықтылығы – ұзақ мерзімді кезеңде мемлекет міндеттемелерін ескере отырып, оның міндеттері мен функцияларының іске асырылуын қаржыландыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік қаржының жай-күйі;
22) нақтыланған бюджет – атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Құрылтайы немесе тиісті мәслихат қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген бюджет;
23) нәтижелердің көрсеткіштері – мемлекеттік органның даму жоспарын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарларын және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органның, сондай-ақ өздерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын іске асыру бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін сипаттайтын нысаналы индикаторлардың, түпкілікті нәтижелердің жиынтығы;
24) нысаналы индикатор – мемлекеттік органның даму жоспарының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің іс-шаралар жоспарының немесе даму жоспарының немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының мақсатына қол жеткізуді санмен өлшейтін көрсеткіш;
25) орта мерзімді кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі, ұзақтығы бір жылдан бес жылға дейінгі кезең;
26) теңгерімділік – қабылданатын міндеттемелердің бюджет жобасында белгіленгеннен артық емес деңгейде жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдеріне сәйкестігі;
27) түзетілген бюджет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулылары, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде атқарылу барысында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген (нақтыланған) бюджет;
28) түпкілікті нәтиже – көзделген бюджет қаражаты шегінде мемлекеттік органның даму жоспарының, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының және (немесе) бюджеттік бағдарламаның мақсатына және (немесе) нысаналы индикаторына қол жеткізуді сапамен өлшейтін бюджеттік бағдарлама паспортының көрсеткіші;
29) ұзақ мерзімді кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі, ұзақтығы бес жылдан отыз жылға дейінгі кезең.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы бапта көрсетілмеген басқа да ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мәндерінде пайдаланылады.
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да салаларының ұғымдары Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мәндерінде қолданылады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы ұғымдарының анықтамалары Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да салалары ұғымдарының анықтамаларымен сай келмеген кезде бюджеттік қатынастарға қатысты Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының ұғымдары пайдаланылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің негізгі қағидаттары
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
1) біртұтастық қағидаты – Қазақстан Республикасындағы бюджет процесінің бірыңғай рәсімдері мен техникалық шешімдерін пайдалана отырып, бюджет жүйесін ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуінің бірыңғай қағидаттарын қолдану;
2) мемлекеттік қаржының орнықтылық қағидаты – мемлекеттің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдердегі міндеттемелерін ескере отырып, оның міндеттері мен функцияларының іске асырылуын қаржыландыруды қамтамасыз ететін бюджет саясатын қалыптастыру;
3) толымдылық қағидаты – бюджетте және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық тиісті түсімдер мен шығыстардың толық көрсетілуі және есепке алынуы, бюджет қаражатын, сол сияқты бюджет қаражаты бойынша талап ету құқықтарының басқаға берілуін пайдалана отырып, өзара талаптарды есепке жатқызуға жол бермеу;
4) негізділік қағидаты – бюджет жобасына қандай да бір түсімдерді немесе шығыстарды енгізу қажеттілігін және олардың көлемдерінің негізділігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер мен басқа да құжаттар негізінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштеріне сәйкес бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын және мемлекеттің активтерін жоспарлау және пайдалану;
5) дәйектілік қағидаты – мемлекеттік органдардың бюджеттік қатынастар саласында бұрын қабылданған шешімдерді сақтауы, бюджеттік құжаттамада соңғы үш есепті қаржы жылындағы және жоспарлы кезеңге бекітілген (нақтыланған) бюджетте көзделген үш жылға мәліметтерді көрсету;
6) тиімділік қағидаты – мемлекеттік функцияларды іске асыруды және бюджет қаражатының көлемі аз кезінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ете отырып, шығыстар мен нәтижелер арасындағы оңтайлы арақатынасқа қол жеткізу қажеттілігін негізге ала отырып, бюджет процесін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын жоспарлау мен пайдалануды жүзеге асыру;
7) нәтижелілік қағидаты – бюджетті жоспарлау және атқару, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану, мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың даму жоспарларында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларында немесе іс-шаралар жоспарларында немесе бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағдарланған әкімшілік және басқарушылық шешімдер қабылдау;
8) бюджеттің дербестігі қағидаты – осы Кодекске сәйкес әртүрлі деңгейдегі бюджеттер арасында түсімдердің тұрақты бөлінуін белгілеу және оларды жұмсау бағыттарын айқындау, осы Кодекске сәйкес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінің бюджет процесін дербес жүзеге асыру құқығы, жергілікті бюджеттердің атқарылуы барысында қосымша алынған кірістерді және жергілікті бюджеттердің бюджет қаражатының қалдықтарын жоғары тұрған бюджеттерге алып қоюға жол берілмеуі, төмен тұрған бюджеттерге тиісті өтеусіз қосымша шығыстар жүктеуге жол берілмеуі;
9) кассаның біртұтастығы қағидаты – бюджетке түсетін барлық түсімді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу және көзделген барлық шығысты бірыңғай қазынашылық шоттан ұлттық валютамен жүзеге асыру;
10) транспаренттілік қағидаты – мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бюджет процесінің қоғам үшін ашықтығы мен қолжетімділігі, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік қаржы туралы мәліметтердің, бекітілген (нақтыланған, түзетілген) бюджеттердің және осы Кодексте айқындалған басқа да құжаттардың міндетті түрде жариялануы.
5-бап. Бюджет процесіне қатысушылар
Мыналар бюджет процесіне қатысушылар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті атқарушы органдар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары;
2) өкілді органдар – Қазақстан Республикасының Құрылтайы және мәслихаттар;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары;
5) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган – бюджет саясаты, оның ішінде бюджет жүйесін дамыту саласында, мемлекеттік қаржыны басқару және кірістерді болжау, экономикалық саясат, инвестицияларды тарту саясаты, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, мемлекеттік инвестициялық жобалар, бюджетаралық қатынастар, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш, мемлекеттік активтерді басқару, осы Кодексте белгіленген құзыреттер шегінде гранттар тарту және пайдалану саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган – өңірлік даму саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – мемлекеттік жоспарлау және стратегиялық, бақылау, іске асыру және реттеу функциялары саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – бюджеттік жоспарлау саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді, өз құзыреті шегінде бюджеттік жоспарлау бойынша әдіснамалық басшылықты, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган – бюджетті атқару, республикалық бюджеттің және өз құзыреті шегінде жергілікті бюджеттердің, бюджеттен тыс қорлардың атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) мемлекеттік қазынашылық – бюджетті атқару жөніндегі орталық атқарушы органның бюджетті қазынашылық атқару жөніндегі уәкілетті органының функциялары жүктелген ведомствосы;
11) мемлекеттік қазынашылық органдары – мемлекеттік қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері;
12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мемлекеттік кірістер органдары;
13) жеке және заңды тұлғалардан республикалық немесе жергілікті бюджетке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін салықтық емес түсімдерді алуға жауапты және олардың түсуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар (бұдан әрі – салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар);
14) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласында функцияларды жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
15) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган – бюджетті атқару, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
16) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес – негізгі міндеттерінің бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану мәселелері бойынша жәрдемдесу, ұсыныстар әзірлеу, қарау және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынымдар қалыптастыру болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесті құру туралы шешімді, оның құрамын және ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
17) бюджет комиссиясы – бюджет жобасын уақтылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және бюджетті жоспарлау мен атқару бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылатын консультативтік-кеңесші орган.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Республикалық бюджет комиссиясын құрады, ол туралы ережені, құзыреті мен құрамын бекітеді.
Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары тиісті жергілікті бюджет комиссияларын құрады, олар туралы ережелерді, құзыреті мен құрамын бекітеді.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы ведомстволық бюджет комиссиясын құрады, оның жұмыс органын айқындайды және ол туралы ережені, құзыреті мен құрамын бекітеді.
Бюджет комиссиялары өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
Республикалық бюджет комиссиясының, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссияларының құзыретіне:
1) әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобалары немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарларының жобалары немесе оларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының лимиттері және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2) бюджеттер жобаларының көрсеткіштерін айқындау, бюджеттерді нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша, оның ішінде осы Кодекстің 73-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің бесінші абзацында көзделген жағдайда ұсыныстар әзірлеу;
4) осы Кодекстің ережелерін іске асыру үшін әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
5) шығыстарға шолу, бюджеттік мониторинг нәтижелерін, нәтижелерге жүргізілген бағалауды қарау және олар бойынша ұсыныстар әзірлеу;
6) осы Кодексте, сондай-ақ бюджет комиссиялары туралы ережелерде көзделген өзге де өкілеттіктер кіреді.
Ведомстволық бюджет комиссияларының құзыретіне:
1) мемлекеттік органның даму жоспарының жобасы немесе мемлекеттік органның даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулардың жобасы, бюджеттік сұранымдар бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2) бюджеттік мониторинг нәтижелерін, нәтижелерге жүргізілген бағалауды қарау және олар бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) осы Кодексте, сондай-ақ ведомстволық бюджет комиссиялары туралы ережелерде көзделген өзге де өкілеттіктер кіреді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар тиісінше Республикалық бюджет комиссиясының және жергілікті бюджет комиссияларының жұмыс органдары болып табылады.
Тиісті астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі жергілікті бюджет комиссиясының төрағасы болып табылады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бірінші басшысы жергілікті бюджет комиссиясының хатшысы болып табылады.
Бюджет комиссиясының қызметін ұйымдастыру тәртібін тиісті бюджет комиссиясының жұмыс органы әзірлейді және айқындайды;
18) қоғамдық кеңес – "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган;
19) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты, өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттерге сәйкес айқындалатын мемлекеттік орган.
Егер бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бір мезгілде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және мемлекеттік мекеме болып табылса, ол бюджет қаражатын дербес пайдаланады.
Облыстық бюджеттік бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың аумақтық полиция органдарын, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі органдарын және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарын қоспағанда, мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола алмайды;
20) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, "Астана" халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым, жоғары ғылыми ұйым;
21) дербес білім беру ұйымы – Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын, құқықтық мәртебесі және қызметінің айрықша құқықтық режимі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым;
22) бюджет қаражатын алушылар – бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері немесе квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы алатын және оны мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатын алушылар бюджет қаражатын нысаналы мақсаты бойынша жұмсауға және осы Кодекске сәйкес әзірленетін бюджеттік және өзге де құжаттамада айқындалған нәтижелерге қол жеткізу бойынша қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатын алушылардың, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыйақы алу мақсатында бюджет қаражатын депозиттерге және басқа да қаржы құралдарына, оның ішінде шетелдегі қаржы құралдарына орналастыруына тыйым салынады;
23) Қазақстан Республикасының резиденттері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегінен тыс жерлерде орналасқан филиалдары мен өкілдіктері;
24) қаржы агенттігі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың белгілі бір салаларында мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға уәкілеттік берілген және осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының қаржы нарығында және (немесе) халықаралық қаржы нарығында қарыз алуды жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
25) бюджет процесі саласындағы интегратор – бюджет процесін цифрландыру мен автоматтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелетін, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын, жалғыз акционері мемлекет болып табылатын заңды тұлға.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 24.06.2025 № 196-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.06.2026 № 321-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Бюджет процесін цифрлық трансформациялау
1. Бюджет процесінің цифрлық объектілерін цифрлық трансформациялау бюджет процесінің барлық кезеңін қамтиды және ол осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
2. Бюджет процесін цифрлық трансформациялауды бюджет процесі саласындағы интегратор қамтамасыз етеді.
Жергілікті бюджеттерді бюджеттік жоспарлау процесін цифрлық трансформациялауды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
3. Бюджет процесі саласындағы интегратор:
бюджет процесінің цифрлық объектілерін құруды, сүйемелдеуді, дамытуды, олардың киберқауіпсіздігін және оларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
бюджет процесін цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес бюджет процесінің цифрлық объектілеріне өкілді органдар мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
4. Бюджет процесінің цифрлық объектілерінің стандарттары мен оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2-тарау. БЮДЖЕТ ДЕҢГЕЙЛЕРІ, ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫМЫ
1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейлердегі бюджеттер бекітіледі, атқарылады және дербес болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының заңымен бекітілетін республикалық бюджет;
2) облыстық мәслихаттың, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының шешімімен бекітілетін облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті;
3) аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттың шешімімен бекітілетін аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет;
4) жергілікті қоғамдастықтың жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттың шешімімен бекітілетін аудандық маңызы бар қала, ауылдың, кент, ауылдық округ бюджеті.
2. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады.
3. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегі, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті мемлекеттік органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті болып табылады.
Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет болып табылады.
Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті болып табылады.
Облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері, аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттер, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері жергілікті бюджеттерге жатады.
4. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасында төтенше мемлекеттік бюджет әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін.
Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және жергілікті бюджеттер негізінде қалыптастырылады және Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайы ахуалында енгізіледі.
8-бап. Талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын бюджет түрлері
1. Қазақстан Республикасында талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітілуге жатпайтын мынадай бюджет түрлері жасалады:
аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті.
2. Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры мемлекеттік бюджет болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық бюджетті, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бюджеттерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарын, бюджеттен тыс қорлардың түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры шоғырландырылған бюджет болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, облыстық бюджетті, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры облыс бюджеті болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті болып табылады.
Шоғырландырылған бюджетті, мемлекеттік бюджетті, облыстың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін, сондай-ақ қос шотты болғызбау мақсатында бюджеттің бір деңгейінен екінші деңгейіне берілетін трансферттерді, бюджеттік кредиттерді және басқа да төлемдерді алып тастауға байланысты олардың атқарылуы туралы есептерді қалыптастыру кезінде жүзеге асырылатын операциялар өзара өтелетін операциялар болып табылады.
9-бап. Бюджет құрылымы, бюджеттің түсімдері мен шығыстары
1. Бюджет құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;
4) қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо:
қаржылық активтерді сатып алу;
мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер;
5) бюджет тапшылығы (профициті);
6) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті);
7) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.
2. Кірістер, бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер, қарыздар бюджет түсімдері болып табылады.
Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер, арнаулы түсімдер, трансферттер түсімдері бюджет кірістері болып табылады.
Арнаулы түсімдер мен нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістердің нысаналы мақсаты болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданыстағыларының күшін жою немесе өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
Қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақыны қоспағанда, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленген кедендік баждар, кедендік алымдар, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждары салықтық түсімдер болып табылады.
Алдағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес енгізілетін аванстық төлемдер де салықтық түсімдерге жатады.
Мыналар салықтық емес түсімдер болып табылады:
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгендерден басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген бюджетке төленетін міндетті, қайтарымсыз төлемдер;
трансферттерден басқа, бюджетке өтеусіз негізде берілетін ақша;
мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша.
1) мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті сатудан;
2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сатудан;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не оларды өзге де тәсілмен өткізуден;
4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша түсімдері негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
Мыналар арнаулы түсімдер болып табылады:
1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы;
2) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдаланушылардың:
өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның инфрақұрылымын дамытуға;
Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға;
қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруға аударымдары;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-1) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 24.06.2026 № 326-VIII (01.01.2029 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын, жер қойнауын пайдаланушылардан қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны үшін айыппұлдар;
4) жер қойнауын пайдаланушылардан және мұнай секторының ұйымдарынан зиянды өтеу туралы талап қою бойынша алынған қаражат, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын қоршаған ортаны қорғау саласындағы айыппұлдар.
Трансферттердің бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан және (немесе) Арнаулы мемлекеттік қордан республикалық бюджетке түсуі трансферттердің түсімдері болып табылады.
Бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер және жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер жөніндегі талаптарды орындауына байланысты бюджетке түсетін түсімдер бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары болып табылады.
Бюджетке мемлекеттік меншіктегі заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік мүлікті сатудан түсетін түсімдер мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасауға байланысты бюджетке түсетін ақша түсімдері қарыздар болып табылады.
3. Шығындар, бюджеттік кредиттер, қаржылық активтерді сатып алу, қарыздарды өтеу бюджет шығыстары болып табылады.
Қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджет қаражаты шығындар болып табылады.
Осы Кодекстің 30-тарауына сәйкес берілетін бюджет қаражаты бюджеттік кредиттер болып табылады.
Заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестері мен бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алуға бағытталатын бюджет қаражаты қаржылық активтерді сатып алу болып табылады.
Ішкі және сыртқы мемлекеттік қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталатын бюджет қаражаты қарыздарды өтеу болып табылады.
4. Қарыздарды өтеуді қоспағанда, республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті) қарыздар түсімдерін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан трансферттер түсімдерін және шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажын алып тастағандағы республикалық немесе мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер мен республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің шығыстары арасындағы айырмаға тең.
Теріс белгісімен алынған шама – республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы, оң белгісімен алынғаны республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес профициті болып табылады.
Республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері бекітілмейді және талдамалық мақсаттарда пайдаланылады.
5. Таза бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредиттер мен бюджеттік кредиттерді өтеу арасындағы айырма ретінде айқындалады.
6. Қаржылық активтермен жасалатын операцияларда:
1) қаржылық активтерді сатып алу;
2) мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер қамтылады.
Қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо қаржылық активтерді сатып алу мен мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Қаржылық активтерді сатып алу және мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Бюджет тапшылығы (профициті) кірістер мен шығындар, таза бюджеттік кредиттеу мен қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең.
Теріс белгісімен алынған шама – бюджет тапшылығы, оң белгісімен алынғаны профициті болып табылады.
8. Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабу арқылы қамтамасыз етіледі.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемі алынған қарыздар, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып кетуі ретінде айқындалады.
Бюджет тапшылығын қаржыландырудың мәні оң белгісімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сәйкес келеді.
9. Бюджет профицитін пайдалану бюджет профицитін, қарыздар қаражатын, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарын қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге жұмсау арқылы жүзеге асырылады.
Бюджет профицитін пайдалану көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар мен бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарының сомасынан асып кетуі ретінде айқындалады.
Бюджет профицитін пайдаланудың мәні теріс белгісімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сәйкес келеді.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-тарау. БІРЫҢҒАЙ БЮДЖЕТТІК СЫНЫПТАМА
10-бап. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың анықтамасы және құрамы
1. Сыныптама объектілеріне топтастыру кодтарын бере отырып, бюджет түсімдері мен шығыстарын функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру бірыңғай бюджеттік сыныптама болып табылады.
2. Бюджет процесі бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады.
3. Бірыңғай бюджеттік сыныптамада:
1) бюджет түсімдерінің сыныптамасы;
2) бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы;
3) бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы қамтылады.
4. Бірыңғай бюджеттік сыныптама Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, облыстық мәслихат, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаты, аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттың шешімдері негізінде жасалады.
Жергілікті мемлекеттік басқару құрылымы өзгерген жағдайда әкімнің шешімі бойынша бірыңғай бюджеттік сыныптамаға тоқсанына бір реттен асырмай, тоқсанның соңғы айында өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
5. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы жасау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
6. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жасайды.
11-бап. Бюджет түсімдерінің сыныптамасы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына негізделген, белгілі бір сипаттамалар бойынша барлық деңгейдегі бюджеттер түсімдерінің топтамасы бюджет түсімдерінің сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет түсімдері сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
12-бап. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы
1. Мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын көрсететін функционалдық және ведомстволық белгілер бойынша бюджет қаражатын жұмсау бағыттарын айқындайтын барлық деңгейдегі бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:
бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;
бюджеттік бағдарламар (кіші бағдарламалар).
3. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы негізінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін және бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкін.
13-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы
1. Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететін бюджет шығыстарының экономикалық сипаттамалар бойынша топтамасы бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
3. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының өзіндік ерекшеліктерінің құрылымын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
14-бап. Бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) түрлері
1. Мазмұнына қарай бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар):
мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге;
трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге;
бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға;
күрделі шығыстарды жүзеге асыруға;
мемлекет міндеттемелерін орындауға бағытталған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) болып бөлінеді.
2. Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған бюджеттік бағдарламаларда (кіші бағдарламаларда) олармен байланысты ағымдағы барлық шығыс, оның ішінде зерттеулерге, консалтингтік көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстар қамтылады.
Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құны бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
3. Трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға):
1) бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер;
2) мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлеріне төленетін ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер;
3) мемлекеттік мекемелерден басқа, заңды тұлғаларға арналған трансферттер;
4) жеке және заңды тұлғаларға арналған бюджеттік субсидиялар жатады.
Бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер осы Кодекстің 15-тарауында реттеледі.
Мемлекеттік мекемелер жұмыскерлеріне төленетін ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер – жеке тұлғаларға олардың иелігіндегі кірісін ұлғайтуға не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шығындардың немесе залалдың белгілі бір түрлерін толық немесе ішінара өтеуге арналған ақшалай төлемдер.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық бюджеттен дербес білім беру ұйымдарына, "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне, сондай-ақ республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттерден әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілетін нысаналы аударымдар, мемлекеттік мекемелерден басқа, құрылтайшысы мемлекет болып табылатын заңды тұлғаларға арналған трансферттер болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңдарына заңды тұлғаларға арналған трансферттер түрінде бюджет қаражатын алуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беруге байланысты Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында белгіленген рәсімдерден өту талап етіледі.
Заңды тұлғаларға арналған трансферттер оларды алуға үміткер ұйымдардың стратегиялық құжаттарында нәтижелер көрсеткіштері жоспарланған жағдайда бөлінеді.
Заңды тұлғаларға арналған трансферттер:
1) бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға;
2) "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға бөлінбейді.
Заңды тұлғаларға арналған трансферттерді аудару тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арқылы жүзеге асырылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қоспағанда, заңды тұлғаларға арналған трансферттердің пайдаланылуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ заңды тұлғаларға арналған трансферттердің пайдаланылу барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік функцияларды орындаудың және республиканың немесе өңірдің дамуының әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асырудың басқа тәсілі болмаған кезде ғана жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалықтарына бюджеттен берілетін қайтарымсыз төлемдер бюджеттік субсидиялар болып табылады.
Бюджеттік субсидияларды төлеу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік органдар айқындайды.
4. Күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) бюджеттік инвестициялардан басқа, шығыстардың экономикалық сыныптамасына сәйкес материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға не нығайтуға, күрделі (қалпына келтіру) жөндеу жүргізуге бағытталған шығыстар және өзге де күрделі шығыстар жатады.
Лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстар күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша іске асырылады.
Лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
5. Бюджеттік кредиттер беру, бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру, мемлекет міндеттемелерін орындау осы Кодекске сәйкес іске асырылады.
6. Бюджеттік бағдарламалар мемлекеттік басқару деңгейіне қарай:
1) республикалық бюджет құрамында бекітілетін республикалық;
2) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің құрамында бекітілетін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана;
3) аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық (қалалық);
4) республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала бюджетінің құрамында бекітілетін қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары;
5) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
7. Бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) іске асыру тәсіліне қарай:
1) бір әкімші іске асыратын жеке бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар);
2) бюджетте белгілі бір бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының құрамында бекітілетін және ағымдағы қаржы жылы ішінде әртүрлі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлінуге жататын бөлінетін бюджеттік бағдарламалар болып бөлінеді.
Мұндай бюджеттік бағдарламаларды бөлу бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті орталық мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бірыңғай бюджеттік сыныптама құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) және бюджеттік даму бағдарламалары (кіші бағдарламалары) болып бөлінеді.
Бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларына) бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жатады.
9. Мемлекеттік органның даму жоспарының немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының мақсатына, бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру жөніндегі шығындар бюджет құрылымы сақтала отырып және көрсетілген шығындар жекелеген кіші бағдарламаларға бөліп шығарыла отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктіріледі.
Бюджет құрылымының бөлімі шегінде мемлекеттік органның бекітілген даму жоспарының немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың бекітілген даму жоспарының мақсатына қол жеткізуге бағытталған бюджеттік бағдарлама болған кезде, осындай мақсатқа қол жеткізуге бағытталған жаңа бюджеттік бағдарламаны енгізуге жол берілмейді.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 14.07.2025 № 206-VIII (01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
15-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен оның мекемелерінің, жедел-іздестіру қызметін, барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнаулы мемлекеттік органдардың шығыстарын сыныптау
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен оның республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерінің, барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнаулы мемлекеттік органдардың шығыстары мынадай бюджеттік бағдарламалар:
мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға, трансферттер беруге және күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама;
бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың экономикалық сыныптамасының бір өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, бір функционалдық топ бойынша сыныпталады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен оның мекемелерін, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған шығыстары шығыстардың экономикалық сыныптамасының өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, күрделі шығыстар мен бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған шығыстарды қоспағанда, бір функционалдық топ бойынша, мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша сыныпталады.
4-тарау. ШЫҒЫСТАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТЕТІКТЕРІ
1. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де заңды тұлғаларға жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге және басқа да міндеттерді орындауға тапсырыс беру мемлекеттік тапсырма болып табылады.
2. Мемлекеттік тапсырмаларға мынадай өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сай келетін тапсырыстар жатқызылуы мүмкін:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің немесе қоғам мүдделерін қорғаудың өзге мүмкіндігінің болмауы;
2) қоғамдық мүдделер мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді, аса маңызды объектілерді, оның ішінде цифрлық инфрақұрылым объектілерін қолдану, пайдалану және күтіп-ұстау;
3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында бәсекелестіктің болмауы;
4) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің, зияткерлік меншік объектілерінің ерекшелігі мен бірегейлігі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сай келмейтін мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға тыйым салынады.
3. Мемлекеттік тапсырманы жоспарлау осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен берілетін монополияға қарсы органның оң қорытындысы ескеріле отырып, бюджетті әзірлеу кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты, осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері мен заңды тұлғалар мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берген жағдайда, монополияға қарсы органның қорытындысында мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берудің көлемі мен шарттары айқындалады.
Осы тармақтың ережелері басталған (жалғасатын) мемлекеттік тапсырмалар бойынша мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға қолданылмайды.
4. Мемлекеттік тапсырманың құны бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
5. Мемлекеттік тапсырма нәтижелерінің көрсеткіштері мемлекеттік органдардың даму жоспарларында және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттарында айқындалады.
6. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орындалуына республикалық бюджет жобасында бюджет қаражаты көзделетін мемлекеттік тапсырмалар туралы жиынтық ақпаратты қалыптастырады және оны республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізеді.
7. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу жарғылық капиталды ұлғайтпай жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік тапсырманы орындау республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле жасасу жолымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмастан жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағы бұзыла отырып жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді сот мүдделі тұлғалардың талап қоюы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
9. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері мен заңды тұлғалар жыл сайын мемлекеттік тапсырманың орындалу барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын оның орындалуы туралы есептілікті қалыптастырады және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ұсынады.
10. Мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы ақпарат республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі және осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
11. Мемлекеттік тапсырманы жоспарлау тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік тапсырманы орындау және мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ мемлекеттік тапсырманың орындалу барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
12. Осы Кодекстің 41-бабына сәйкес мемлекеттік тапсырманың орындалуы үшін жауаптылық республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және заңды тұлғалардың бірінші басшыларына жүктеледі.
17-бап. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобалардың ерекшеліктері
1. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жоба – бұл Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен оны іске асыру бойынша ұсынылатын шешімнің шынайылығын, уақыт шығындарын, шығыстарының көлемдерін, кемшіліктерін және әсерін анықтау мақсатында шектеулі ауқымда өткізілетін уақытша жоба.
2. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жоба мынадай өлшемшарттарға сай келуге тиіс:
оны іске асыру үшін ұсынылатын шешім бірегей (инновациялық, жоғары технологиялық) болуға тиіс;
нақты мақсаттары мен күтілетін нәтижелерінің болуы;
оң экономикалық (әлеуметтік) әсерінің болуы;
3. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыруды (енгізуді) және (немесе) оны басқаруды квазимемлекеттік сектор субъектілері жүзеге асыруы мүмкін.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) және (немесе) оны басқару жөніндегі өкілеттіктері, тетіктері, жұмыс істеуі және қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
Квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыруға (енгізуге) және (немесе) оны басқаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) тәртібі мен мерзімдерін тиісті орталық уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны дербес, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектісіне беру арқылы іске асыратын мемлекеттік орган оның іске асырылуын, оның ішінде күтілетін нәтижелерге қол жеткізу тұрғысынан талдауды және бағалауды жүзеге асырады, осыны ескере отырып, оның қорытындысы туралы ақпаратты және оны одан әрі іске асырудың орындылығы туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
17-1-бап. Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге мемлекеттік қатысудың ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу арқылы жүйелік маңызы бар банктерді реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаларды (бұдан әрі – жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жоба) іске асыру;
2) жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің соңғы сатыдағы қарыз бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету ретінде жүйелік маңызы бар банкті реттеу үшін Қазақстан Республикасының қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдігін беру арқылы Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес жүйелік маңызы бар банктерді реттеуге қатысуға құқылы.
2. Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ұлттық басқарушы холдингтің реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген жағдайларда іске асырылады.
Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаны іске асыру кезінде мынадай талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банкке реттеу режимін қолдану туралы шешім қабылданғанға дейін өзі қабылдаған шаралар туралы толық ақпарат береді;
4
29 қазан 2026 10:27
29 қазан 2026