Облыс мұғалімдері қазіргі білім беру жүйесінің сапасын арттыру мәселесін қозғады
Шығармашылық академиясында облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған аймақ басшысы Асхат Шахаров, білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, полиция департаментінің өкілдері, депутаттар, білім саласының мамандары қатысты.
Жиында білім беруді дамыту, мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық бағдарламаларды енгізу, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және балалардың қауіпсіздігі талқыланды.
Облыс әкімі биыл білім саласына 250 млрд теңге бөлінгенін, бұл облыс бюджетінің 50%-ын құрайтынын атап өтті. Соңғы үш жылда 44 мектептің құрылысы жоспарланып, 20-сы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 24 мектеп ашылады.
2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. 10 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, IT-хабтар мен автотехнопарктер ашу жоспарлануда.
Аймақ басшысы білім беру ұйымдарының табиғат қорғау мәдениетін қалыптастыруда белсенді болуын ұсынды. Ақтөбе мектептерінде «Мектеп орманшылығы» жобасы іске қосылады.