Ақтөбе облысының Алға қаласында 4-шағын аудан, 12-үй мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталды.
Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың негізгі инженерлік желілері толық жаңартылды. Атап айтқанда, жылу, ауыз су, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелері ауыстырылды.
Сонымен қатар төрт кіреберіске жөндеу жүргізіліп, сыртқы есіктер жаңартылды және домофон жүйесі орнатылды. Көп жылдан бері өзекті мәселеге айналған шатыр жабыны да жаңартылды. Кіреберістердің ішкі қабырғалары сырланып, едендерге кафель төселді.
Үй тұрғындарының айтуынша, жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары көптен бері шешімін күткен бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік берді.
«Мен бұл үйде 2019 жылдан бері тұрамын. Бұған дейін шатырдан су ағатын, кәріз жүйесінде ақаулар болып, су дұрыс келмейтін. Электр жарығы да жиі өшетін. Биыл осы мәселелердің барлығы шешімін тапты. Шатырымыз жаңартылып, электр және кәріз жүйелері жөнделді. Үйіміздің сыртқы келбеті де жақсарды. Жүргізілген жөндеу жұмыстарына өте ризамыз. Ешқандай шағымымыз бен ескертуіміз жоқ. Осындай жағдай жасаған азаматтардың барлығына алғысымызды білдіреміз», – деді үй тұрғыны Рима Адилхан.
Ерлік, кәсібилік және көмекке келуге дайын болу - құтқарушылардың басты қасиеттері.
Барша құтқарушыға зор денсаулық, амандық, қауіпсіз кезекшілік және әрбір шақыртудан аман-есен оралуды тілейміз!
Республика күні қарсаңында ересектер арасында волейболдан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Тартысты бәсекеге өңірімізден 11 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыс жолында Алға-1, Алға-2, Қандыағаш, Байғанин, Ырғыз, Шұбар, Ойыл, Қарғалы, Ембі, Қобда және Хромтау командалары шеберлік байқасты.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер:
І орын – Ойыл командасы (150 000 теңгелік ақшалай сертификат)
ІІ орын – Алға-1 командасы (100 000 теңгелік ақшалай сертификат)
ІІІ орын – Байғанин командасы (70 000 теңгелік ақшалай сертификат)
Жекелей номинация иегерлері:
«Үздік ойыншы» – Амангелдиев Нұржан
«Үздік ойыншы» – Серік Ақниет
«Үздік шабуылшы» – Бесекенов Шерхан
«Үздік шабуылшы» – Жұмағалиев Нұрсұлтан
Турнир барысында спортшылар жоғары дайындық деңгейін, ерекше шеберлік пен жеңіске деген жігерлігін танытты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Барша қатысушыларға спорттық табыс, мықты денсаулық және жаңа белестерді бағындыруды тілейміз!
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін қарады. Кездесуде баспанаға қол жеткізу, әлеуметтік қолдау, ауыз сумен қамту және коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты мәселелер көтерілді.
Өтініш білдіргендердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдем сұрады. Олардың қатарында көпбалалы аналар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Осы ретте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету тәртібіне қатысты өзгерістер түсіндірілді. 2026 жылғы 2 наурыздан бастап тұрғын үйді бөлу және кезекте тұрған азаматтарға ұсыну жұмыстары «Отбасы банк» құзыретіне берілді. Жергілікті атқарушы органдар банк тарапынан тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана тұрғын үйлерді құжаттандыру және рәсімдеу жұмыстарын жүргізеді.
Қабылдау барысында ауыз сумен қамту, коммуналдық қызметтердің жұмысы және заңсыз құрылыс нысандарына қатысты шағымдар да айтылды.
Кездесуде бірқатар өтініш бойынша түсініктеме беріліп, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жөнінде жауапты басқарма басшылары мен мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Облыс әкімі әрбір өтініштің заңнама талаптарына сәйкес қаралуын және көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралардың қабылдануын бақылауға алды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қазақтың көрнекті ақыны, сазгері әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өңірге келген ақынның ұрпақтары мен туған-туыстарын қабылдады.
Басқосуда облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегіне жоғары баға бергенін айтты. Ақынның шығармашылық мұрасы халықтың рухани қазынасы екенін, оның өлеңдері, әндері мен драмалық шығармалары кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық өнердің дамуына қызмет ете беретінін жеткізді.
Өз кезегінде қонақтар ғасыр той иесінің мұрасын құрметтеу және оның шығармашылығын насихаттауға көрсетіліп отырған қолдаудың маңызын сөз етіп, алғыстарын білдірді.
Шара соңында аймақ басшысы Бәкір Тәжібаевтың есімін ұлықтауға үлес қосып жүрген ақын, композитор, әнші Орал-Қосай Бәйсеңгірді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Айтып өтейік, мерейтой аясында облыста бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі – Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-мүсінінің орнатылуы. Сонымен қатар, ақынның шығармашылық мұрасына арналған «Ақбұлақ аға» кітабының тұсаукесері өтіп, спектакль-элегия және «Сөз бен саздың саңлағы» атты концерттік бағдарлама қала қонақтары мен тұрғындарының назарына ұсынылады.
13 қазаннан бастап «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облысында келесі бағыттарда бақылау жүйесін іске қосты.
Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор);
Қандыағаш – Мақат.
Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды.
2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал белгіленген нүктедегі жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі тіркелген. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.
Еске салайық, Қазақстанның республикалық автожолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейді.
Алға аудандық мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға арналған комиссиясының алғашқы отырысы өткізілді.
2026 жылғы 13 қазанда Алға аудандық мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мәселелері бойынша Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 12 қазандағы Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 13 қазандағы №60/98 қаулысына сай Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалды.
Округтік сайлау комиссиялары аудандық деңгейдегі мәслихат сайлауын өткізу бойынша алғашқы отырыстарын өткізді.
Отырыста Алға аудандық мәслихаты депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясы
2026 жылдың тоғыз айындағы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Отырыста экономиканың негізгі салаларындағы оң динамиканы сақтау, инвестициялық белсенділікті арттыру және жылдық жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Адайбек Есенаманов баяндама жасап, өңір дамуының негізгі көрсеткіштерін таныстырды.
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 101,8%-ды құрады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, негізгі капиталға салынған инвестициялар, сауда және тұрғын үй құрылысы сияқты жеті негізгі көрсеткіштің алтауы бойынша оң динамика қалыптасты.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,1%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында 337,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 102,8%-ға жетті.
Құрылыс саласында 12,3%-дық өсім тіркелді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 353,3 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 880,3 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға өсті.
Өңірдегі тауар айналымы 2 трлн теңгені құрап, өсім 1,3% болды. Тоғыз айда облыста 633 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары.
Жиын барысында Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының даму қарқыны да қаралды. Қатысушылар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын, өндірістік қуаттарды дамыту, құрылыс пен инфрақұрылым мәселелерін, сондай-ақ жергілікті жерлердегі экономикалық белсенділікті одан әрі арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса назар аударылды. Қала және аудан әкімдеріне бейінді басқармалармен бірлесіп, кәсіпорындар және инвесторлармен жұмысты жандандыру, перспективалы жобаларды сүйемелдеу және оларды іске асыруда туындайтын мәселелерді уақытылы шешу тапсырылды.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен құрылыс саласын дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. Бұл бағыттардағы жүйелі жұмыс облыстың экономикалық әлеуетін нығайтып, жыл қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімділігін қамтамасыз етіп, нысаналы көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі бағыттарында оң динамика сақталып отыр. Біздің міндетіміз – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, жылдық жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін бейінді басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерінің өзара іс-қимылын күшейтіп, кәсіпорындар және инвесторлармен жұмысты жандандыру қажет. Жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді уақытында шешу маңызды. Инвестиция тарту, өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашуға назар аудару керек. Әрбір басшы өз бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижелерге бағдарлануы және жүктелген міндеттердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Жыл соңына дейін облыс экономикасын одан әрі дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет», – деді өңір басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты басшыларға әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру, бизнеспен өзара іс-қимылды күшейту және 2026 жылдың соңына дейін белгіленген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеттелді.
Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Aqtobe Creative Days» екі күндік жәрмеңкесі аяқталды.
Ақтөбе облысынан келген креативті индустрияның 100-ге жуық өкілі 22 бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды. Көпшілік дизайнерлік киімдер, әшекейлер, былғарыдан, ағаштан, сүйек пен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы аксессуарлар мен кәдесыйларды сатып алды.
Мәдени бағдарлама аясында «Aqtobe Design» сән көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильмнің таныстырылымы, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, «SherTer» және «Жеребе life» жобаларының концерттері өтті.
Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің өнер жолы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Book Market кітап алаңында ақтөбелік қаламгерлердің шығармалары таныстырылды. Бұдан бөлек, зергерлік өнер, киіз басу, тері және ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, екі күнде жәрмеңкеге 9 500 адам барды, жалпы 23 млн 850 мың теңгеге өнім сатылды.
Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креативті индустрияларды қолдауды, отандық брендтерді танытуды және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.
Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 381 бірлік арнайы техника әзірленіп, 4,4 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал қоры жасақталды.
Автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Баяндама жасағандар қатарында Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл болды.
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жолдарды қар мен көктайғақтан сапалы әрі уақтылы тазалауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, қалада қысқы күтіп-ұстау жұмыстары 7 млн шаршы метр жол инфрақұрылымын қамтиды. Оның ішінде 711 көше мен 54 тұрғын алап бар. Жұмыстарды орындауға 357 бірлік арнайы техника дайындалған. Жол учаскелері мердігер ұйымдар арасында 18 учаскеге бөлінген.
Сонымен қатар мердігер ұйымдардың жұмысына баса мән берілді. Техниканың желіге уақытылы шығуын және жолдар мен тротуарларды тазалау кезінде анықталған кемшіліктердің жедел жойылуын бақылау күшейтіледі.
Қыс басталғанға дейін 1 650 тонна тұз және 1 410 тонна құм-тұз қоспасын дайындау жоспарланған. Шалғайдағы тұрғын алаптарда жолдарды жедел тазалау үшін техника мен көктайғаққа қарсы материалдар сақталатын жол-пайдалану пунктері ашылады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың мәліметінше, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 427,1 шақырымды құрайды. Оларға 174 учаскеде 55 мердігер ұйым қызмет көрсетеді. Қысқы маусымға 381 бірлік арнайы техника дайындалып, 4,4 мың тонна көктайғаққа қарсы материал және 12,6 мың тонна дизель отыны әзірленген.
2026 жылы облыстық және аудандық жолдарды күтіп-ұстауға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 5 мың метр қар тоқтататын құрылғы орнату және 53 бірлік арнайы техникаға GPS-мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жылыту пункттерінің дайындығына, су өткізу құбырларын тазалауға және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейтуге басымдық берілген. Әсіресе қар басу қаупі жоғары және қозғалыс жиі шектелетін жол учаскелеріне назар аударылады.
«Қыста қозғалысқа шектеулер жиі енгізілетін Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Мұғалжар, Ырғыз және Хромтау аудандарындағы автомобиль жолдарын дайындауға аса көңіл бөлінеді. Ауа райы нашарлаған жағдайда жедел әрекет ету және уақытылы шешім қабылдау үшін полициямен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп кезекшілікті ұйымдастыру қажет», – деді Айбек Қайыр.
Республикалық маңызы бар жолдарды қысқы кезеңге дайындау туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл баяндады.
Оның айтуынша, «Самара – Шымкент» автожолына назар аударылып отыр. Атап айтқанда, 763-шақырымнан 1025-шақырымға дейінгі учаскеге 59 бірлік арнайы техника бекітілген. Қар мен көктайғаққа қарсы күрес үшін 9,4 мың тонна ұсақталған тас, 2,9 мың тонна тұз және 16 мың тонна құм қоры қарастырылған.
Сонымен қатар жол қызметтерінің арнайы техникаға деген нормативтік қажеттілігі әзірге толық қамтамасыз етілмеген. Қажетті 154 бірліктің орнына қазіргі уақытта 127 техника бар. Жақын арада тағы 13 техника, оның ішінде төрт автогрейдер мен тоғыз жүк тиегіш жеткізіледі деп күтілуде.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы ұзындығы 246 шақырымды құрайтын қар басу қаупі бар 101 учаске анықталған. Жолдарды қорғау мақсатында 28 учаскеде темірбетон қоршаулар орнатылған, қалған бөліктерде қардан қорғайтын қалқандар орнату жұмыстары жалғасып жатыр.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров жол қызметтерінің қысқы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол арнайы техниканың жарамдылығын, жанар-жағармай материалдары мен көктайғаққа қарсы құралдардың жеткілікті қорын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.
Сондай-ақ жылыту пункттерінің дайындығын тексеру, жол қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейту тапсырылды.
«Қар жауып, көктайғақ болған кезеңде жол қызметтері кідіріссіз жұмыс істеуі керек. Ең алдымен елді мекендерге, әлеуметтік нысандарға және негізгі автомобиль магистральдарына қатынауды қамтамасыз ету қажет. Аудан және қала әкімдері бұл мәселені жеке бақылауына алып, көлік қозғалысының бұзылуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.