Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шарада сөйлеген сөзі

Құрметті достар!
Бүгінгі кездесуге жастар да қатысып отыр. Мен сіздерге айтарым: тарихымызды жақсы білуіміз қажет, бірақ бұл тек өткенмен өмір сүру керек деген сөз емес. Біздің жастар болашаққа сеніммен қарап, нық қадаммен алға басуы тиіс.
Біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұрын-соңды болмаған үрдістер мен құбылыстар пайда болуда. Жасанды интеллекттің қоғамдық дамуға әсері әлі де толық зерттелмеген. Адамзат әлі талай сын-қатерлерге тап болады. Сондықтан жастарымыз ең алдымен осы белгісіз болашаққа жан-жақты дайын болуы қажет. Ол үшін өсіп келе жатқан ұрпақ прогрессивті, мақсаткер, еңбекқор әрі жауапкершілігі мол болуы тиіс. Абайдың өсиеті бойынша, жастар білім алып, ғылымға ұмтылуы керек. Егемендіктің құндылығын терең түсініп, Тәуелсіздікті әрдайым қорғауға дайын болуымыз қажет. Сонда ғана еліміз қуатты, болашағымыз жарқын болады. Мен еліміздің патриот жастарының жасампаз күшіне сенемін.