Бүгін Ақсуат ауылында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті

Жарияланған күні: 28 тамыз 2026

Бүгін Ақсуат ауылында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті.

Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Тілек Еркінғазыұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

2025–2026 оқу жылына арналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында аудан бойынша 1-сыныпқа баратын 37 оқушыға мектеп формасы, спорттық аяқ киім және кеңсе тауарлары берілді.

Сонымен қатар, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белгілі кәсіпкерлер де белсенді атсалысты. Қайырлы Қасенов 100 оқушыға 945 мың теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Сондай-ақ кәсіпкер Ерназ Нұрланұлы 50 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек алып беріп, қолдау көрсетті.

Акцияға «Парасат» мейрамханасының иесі Қайсар Сейтқасымов, «Алатау» сауда үйінен Искандер Хаджиев, «Нұр-Ақсуат» базарынан Манат қажы Әлімжанова, аудандық Іскер әйелдер клубы, Ақсуат ауылдық округінің әкімдігі, Қорғаныс істері бөлімі және басқа да мекеме ұжымдары атсалысып, демеушілік көмек көрсетті.

Іс-шара барысында Ақсуат мәдениет үйінің ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ «Нұр-Ақсуат» базарында оқушыларға қажетті оқу құралдары мен мектеп формалары жеңілдетілген бағамен сатылымға шығарылды.

#мектепкежолакциясы