БІЛІМ САПАСЫ – ЕСЕПТЕГІ КӨРСЕТКІШ ЕМЕС, БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫ

БІЛІМ САПАСЫ – ЕСЕПТЕГІ КӨРСЕТКІШ ЕМЕС, БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫ
0

Амангелді ҚЫДЫРМОЛДИН:

 

БІЛІМ САПАСЫ – ЕСЕПТЕГІ КӨРСЕТКІШ ЕМЕС, БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫ

  2026–2027 оқу жылынан бастап еліміздің білім беру жүйесінде жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Жаңа талаптар Ақсуат ауданының білім беру ұйымдарында қалай жүзеге асырылады? Білім сапасы, тәрбие, қауіпсіздік, инклюзивті орта және жасанды интеллектіні қолдану бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Абай облысы Ақсуат аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Шаймұратұлы ҚЫДЫРМОЛДИНМЕН сұхбаттасқан едік.

- Амангелді Шаймұратұлы, 2026-2027 оқу жылы отандық білім беру жүйесі үшін қандай өзгерістерімен ерекшеленеді?

- Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі - жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының кезең-кезеңімен енгізілуі. Бұл жекелеген пәндердің мазмұнын ғана өзгерту емес, жалпы білім беру философиясын жаңғыртатын ауқымды қадам. Жаңартылған стандарттың негізгі арқауы – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, құндылықтарға негізделген тәрбие беру, инклюзивті білім беру ортасын дамыту және XXI ғасырдың негізгі құзыреттерін қалыптастыру. Қазіргі оқушы алған білімін жаттап қана қоймай, оны өмірде қолдана білуі керек. Сонымен қатар ақпаратты саралап, сыни тұрғыдан ойлай алуы, өз ойын анық жеткізуі және жаңа жағдайларға бейімделе білуі қажет.

 Мұғалім енді білімді дайын күйінде ұсынушы емес, баланың ізденуіне, ойлануына және өз бетінше шешім қабылдауына бағыт беретін тұлға болуы тиіс.

 - Жаңа Конституциядағы қағидаттардың білім беру саласына ықпалы қандай болады?

- Жаңа Конституция білім мен тәрбиенің мемлекеттік маңызын жаңа деңгейге көтерді. Бұл - өте маңызды өзгеріс. Өйткені мемлекеттің болашағы адами капиталдың сапасына, ал адами капиталдың сапасы білім мен тәрбиеге байланысты. Конституцияда бекітілген білім, еңбек, тең мүмкіндік, адам құқығы және азаматтық жауапкершілік қағидаттары жаңа білім беру мазмұнынан көрініс табады. Біздің міндетіміз – баланың бойына осы құндылықтарды мектеп қабырғасынан бастап сіңіру.

  2026–2027 оқу жылына арналған жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты да Конституцияның жаңа қағидаттарына сәйкестендірілді. Мектеп оқушыға тек пәндік білім беретін мекеме болып қалмауы керек. Ол – елін сүйетін, заңды құрметтейтін, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін адал азаматты қалыптастыратын орта болуы тиіс.

- Білім мен тәрбиенің негізі мектепке дейінгі кезеңде қаланатыны белгілі. Ақсуат ауданында бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Иә, баланың тұлғалық дамуының, танымдық қабілетінің және мінез-құлық мәдениетінің негізі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Ауданда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін әдістемелік жағынан жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Педагогтер үшін семинарлар, шеберлік сыныптары, біліктілікті арттыру курстары өткізіліп, озық тәжірибелер таратылуда. Өткен оқу жылында балабақша әкімшіліктері мен педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету, жаңа талаптарды енгізу, балалармен және ата-аналармен жұмысты жетілдіру бағыттары қамтылды.

 Қазіргі уақытта аудандағы бес мемлекеттік балабақшадағы 19 топта 435 бала тәрбиеленуде. Төрт жекеменшік балабақшаның 13 тобында 295 бала бар. Сонымен бірге мектептер жанында 13 шағын орталық жұмыс істейді. Олардағы 24 топқа 400 бала қамтылған. Аудан бойынша алты жасқа дейінгі балалардың 47,4 пайызы мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылып отыр. Ал үш жастан алты жасқа дейінгі балалар толық қамтылып отыр. Бұл – жақсы нәтиже. Дегенмен осы көрсеткішпен шектеліп қалмауымыз керек. Алдағы міндет – кіші жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды одан әрі арттыру, балабақшалардағы тәрбиенің сапасын көтеру және әр бала үшін қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыру.

- Мектеп пен ата-ананың жауапкершілігі қалай ажыратылады? «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аудан мектептерінде қалай жүзеге асырылады?

- Жаңа талаптарға сәйкес, мектеп пен мұғалімнің жауапкершілігі оқу-тәрбие үдерісі аясында айқындалады. Ал сабақтан тыс уақытта баланың қауіпсіздігіне, тәртібіне және бос уақытын ұйымдастыруға ата-ана жауап береді. Жаңа Конституция нормасында балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрі міндеті ретінде бекітілді. Яғни бала тәрбиесін тек мектеп пен мұғалімге жүктеп қоюға болмайды.

  Кейбір ата-аналарда баланың мінез-құлқындағы барлық мәселені мектеп шешуі керек деген түсінік бар. Алайда бала тәуліктің белгілі бір бөлігін ғана мектепте өткізеді. Оның өмірлік ұстанымына отбасындағы қарым-қатынас, ата-ананың үлгісі, күн тәртібі және қоршаған ортасы тікелей әсер етеді. Сондықтан мектеп пен ата-ана бірін-бірін кінәлайтын тараптар емес, баланың мүддесі үшін бірлесе әрекет ететін серіктестер болуы керек.

  Ауданда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – еңбекқор, отаншыл, жауапкершілігі жоғары, заңды құрметтейтін, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат тәрбиелеу. Бағдарлама аясында «Толық адам» ілімі негізінде ата-аналар институтын қалыптастыру», «Бірлік және ынтымақ», «Өнеге. Тәлім. Тәрбие», «10 кітап – бір мақсат», «Қыздар тәрбиесі: дәстүр және заманауи үдерістер» және басқа да тәрбиелік бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі.

  Абайдың «Толық адам» ілімі – тәрбие жұмысында маңызын жоғалтпайтын рухани негіз. Баланың бойында ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек үйлесім табуы керек. Тек білімді болу жеткіліксіз. Білім адамгершілікпен және жауапкершілікпен ұштасқанда ғана қоғамға пайда әкеледі. Тәрбие жұмысының нәтижесі есеп үшін өткізілетін іс-шаралардың санына емес, баланың мінез-құлқындағы оң өзгерістерге негізделуі тиіс.

- «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ауданда «Ұрпақ жүрегіне жол» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба қоғамдық, құқықтық және мемлекеттік ұйымдардың өзара тиімді іс-қимылына негізделген. Оның аясында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылады. Ауданның он алаңында 500-ге жуық білім саласының қызметкері дәрістер мен түсіндіру жұмыстарына қатысты. Бұл білім қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын көтеруге және бала қауіпсіздігіне қатысты ортақ іс-қимыл алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Заңды құрметтеу жазадан қорқудан емес, оның қоғамдық маңызын түсінуден басталуы керек. Біз балаларға тек өз құқықтарын емес, міндеттері мен жауапкершілігін де түсіндіруге тиіспіз.

- Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламасына қандай міндетті курстар енгізілді?

- Жаңартылған білім мазмұнына Конституция қағидаттары, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» құндылықтары енгізіледі. 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп» бағытындағы мазмұн, сондай-ақ «Жеке қауіпсіздік» курстары жүргізіледі.

 Бұл курстардың мақсаты – оқушыға заң баптарын жаттату емес. Бала өзінің құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық тәртіптің маңызын, мемлекеттік рәміздердің мәнін, мемлекеттік тілге құрметті және жеке қауіпсіздік ережелерін түсінуі керек. Сонымен бірге цифрлық ортадағы қауіпсіздікке ерекше назар аударамыз. Оқушы жеке деректерін қорғау, жалған ақпаратты ажырату, кибербуллингтен сақтану және жасанды интеллект құралдарын жауапты пайдалану қағидаларын білуге тиіс.

- Инклюзивті білім берудің аудандағы жағдайы қандай?

- Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мүгедектігі бар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар басқалармен тең дәрежеде білім алуға құқылы. Білім беру ұйымдары қажетті арнайы жағдай жасап, оқу бағдарламалары мен әдістерін бейімдеп, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге міндетті. Қазіргі уақытта ауданда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 бала тіркелген. Инклюзия – баланың мектеп өміріне толық қатысуы. Ерекше балланың сабақта өз қатарластарымен бірге білім алып, мектептегі іс-шараларға араласып, өзін ұжымның тең мүшесі ретінде сезінуіне ұстаздар қауымының ықпал ете білуі маңызды.

  - Оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар қолға алынуда?

 - Психологиялық қауіпсіздік – білім сапасы мен баланың әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. Бала мектепте өзін қауіпсіз сезінбесе, оның сабаққа деген ынтасы да, үлгерімі де төмендейді. 2025–2026 оқу жылында психологиялық-педагогикалық қолдаудың бірыңғай жүйесі күшейтіліп, буллингтің, зорлық-зомбылықтың және суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Алдымызда мектептерді психолог мамандармен қамтамасыз етуді арттыру, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау, ведомствоаралық байланысты жетілдіру және сапалы психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру міндеттері тұр.

  Психологтің жұмысы тек мәселе туындағаннан кейін басталмауы керек. Оның негізгі міндеттерінің бірі – алдын алу. Мұғалім мен ата-ана да баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауы қажет. Бала тұйықталып қалса, сабаққа барғысы келмесе, үлгерімі күрт төмендесе немесе агрессиялық мінез байқалса, оны жай ғана тәртіпсіздік деп бағаламай, себебін анықтау керек.

- Мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы туралы айтып берсеңіз...

- Биыл ауданның жеті мектебіне тоғыз жоба бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 62 миллион 650 мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта бес жоба бойынша жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қалған жобалардың орындалуы да бақылауда. Жөндеу жұмыстарының сапасы, белгіленген мерзімнің сақталуы және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі басты назарда болады.

  Материалдық-техникалық база дегеніміз тек ғимаратты жөндеу емес. Оған кабинеттердің жабдықталуы, жылыту және жарықтандыру жүйелері, санитарлық жағдай, спорт залдары, асханалар, қауіпсіздік жүйелері және цифрлық инфрақұрылым да кіреді.

  Балаға сапалы білім беру үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қажет. Сондықтан мектептердің жағдайы кезең-кезеңімен зерделеніп, ең өзекті мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

- Аудан мектептерінің интернетпен қамтылу деңгейі қандай?

- Аудан мектептерінің 100 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Шалғай орналасқан тоғыз мектеп Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылды. Интернеттің тұрақты болуы мұғалімдердің цифрлық ресурстарды пайдалануына, оқушылардың қосымша білім алуына, онлайн сабақтар мен кәсіби курстарға қатысуына жағдай жасайды. Бірақ мектепке интернет жеткізумен мәселе толық шешілмейді. Оның жылдамдығы, тұрақтылығы, қауіпсіздігі және оқу мақсатында тиімді пайдаланылуы да маңызды. Цифрлық теңсіздікті азайту арқылы ауылдағы әр балаға сапалы білім ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуіміз қажет.

- Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу қалай жүзеге асырылады?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Жасанды интеллект – заман талабы. Оны білім беру жүйесіне тиімді енгізіп, азаматтардың цифрлық дағдыларын дамыту қажет». Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026–2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллект элементтері білім беру үдерісіне жүйелі түрде енгізіле бастайды. Бүгіннің өзінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Біздің міндетіміз – баланы жасанды интеллектіні қолдануға ғана емес, оның қалай жұмыс істейтінін түсінуге, ұсынған ақпаратын сын тұрғысынан бағалауға, деректердің дұрыстығын тексеруге және қауіпсіз әрі жауапты пайдалануға үйрету. Жасанды интеллект оқушының орнына ойлайтын құралға айналмауы керек. Ол ізденуге, ақпаратты жүйелеуге, идеяны дамытуға және білімді тереңдетуге көмектесетін көмекші болуы қажет.

- Мұғалімдер жасанды интеллектіні пайдалануға дайын ба?

- Аудандағы 703 педагог жасанды интеллект бағыты бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл аудан педагогтерінің басым бөлігі жаңа технологияны меңгеруге бет бұрғанын көрсетеді. Дегенмен мұғалім бір курстан өтіп, жасанды интеллектіні толық меңгеріп кетті дей алмаймыз. Мұғалім жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ғана емес, оның ықтимал тәуекелдерін де білуі керек. Мәселен, жасанды интеллект қате немесе жалған ақпарат ұсынуы мүмкін. Авторлық құқықты сақтау, академиялық адалдық және жеке деректерді қорғау мәселелері де бар. Оның жауабын дайын әрі өзгермейтін ақиқат ретінде қабылдауға болмайды. Сондықтан бұл бағыт үздіксіз кәсіби дамуды қажет етеді.

   Педагогтер жасанды интеллектіні сабақ жоспарын әзірлеуде, тапсырмаларды оқушының деңгейіне қарай саралауда, қосымша материал дайындауда, жеке қолдау көрсетуде және кері байланыс орнатуда тиімді қолдана алуы қажет. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Өйткені баланың жан дүниесін түсіну, оны жігерлендіру, тәрбиелеу және бойындағы қабілетін байқау ұстаздың адамгершілік және кәсіби шеберлігіне байланысты. Технология мұғалімнің көмекшісі болғанымен, қорытынды шешім мен кәсіби жауапкершілік әрдайым педагогтің өзінде қалуға тиіс.

- Педагогтердің сапалық құрамы қандай деңгейде?

- Бүгінде ауданның білім беру ұйымдарында 758 педагог еңбек етеді. Мұғалімдердің сапалық құрамы 69 пайызға жетті. Педагогтің кәсіби мәртебесін нығайту – білім сапасын арттырудың маңызды негізі. Өйткені кез келген реформаның нәтижесі оны жүзеге асыратын мұғалімнің біліміне, шеберлігіне және жауапкершілігіне байланысты. Жаңа Конституцияда білім беру мен тәрбиенің мемлекеттік маңызы күшейтілді. Бұл педагогтің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін де жаңа деңгейге көтереді.

  Алдағы оқу жылында педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, аттестаттаудың жаңа жүйесін іске асыру, кадр тапшылығын азайту және жас мамандарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Мұғалім тек есеп пен құжаттың арасында қалмауы керек. Оның негізгі уақыты балаға білім мен тәрбие беруге, сабаққа сапалы дайындалуға және кәсіби дамуға арналуы қажет.

Педагогтің беделі алған марапаты мен біліктілік санатына қарай бағаланбайды. Ұстаздың абыройы ең алдымен шәкіртінің жетістігінен, ата-ананың сенімінен және қоғамның құрметінен көрінеді.

- Аудан педагогтерінің халықаралық деңгейдегі тәжірибесі жөнінде айтып өтсеңіз...

- Былтырғы жылдың қараша айында Жапонияның Хиросима қаласында өткен WALS – Дүниежүзілік Lesson Study қауымдастығының халықаралық конференциясына Абай облысы атынан Қожагелді батыр атындағы орта мектептің мұғалімдері - Нұргүл Оспанова, Амангүл Сұлтанбекова және Әйгерім Алдажарова қатысып қайтты. Бұл конференцияға әлемнің 40-тан астам елінен жетекші ғалымдар, профессорлар, PhD докторлары және тәжірибелі сарапшылар қатысты. Біздің ұстаздарымыздың сабақты зерттеуге арналған жобалары көпсатылы іріктеуден өтіп, сарапшылар тарапынан рецензияланып, конференцияның негізгі бағдарламасына ресми түрде енгізілді.

Бұл – бір мектептің немесе бір ауданның ғана емес, бүкіл облысымыздың абыройын асқақтатқан жетістік. Ауыл мектебі мұғалімдерінің зерттеу жұмысының әлемдік кәсіби алаңда таныстырылуы – үлкен еңбектің нәтижесі. Ендігі міндет – ұстаздардың конференциядан алған тәжірибесін аудан мектептеріне таратып, Lesson Study тәсілін мұғалімдердің кәсіби дамуы мен сабақ сапасын жақсартудың тиімді тетігіне айналдыру.

  Жаңашыл әдіс-тәсілдер бір мектептің немесе бір мұғалімнің аясында қалып қоймауы керек. Ол әріптестер арасында талқыланып, зерттеліп, аудан көлемінде ортақ әдістемелік игілікке айналуы қажет.

- Аудандық білім бөлімінің жетістіктері қандай?

- Абай облысының білім басқармасы жыл қорытындысы бойынша білім беру саласындағы үздік жұмыстарды бағалап, Ақсуат аудандық білім бөлімін «Үздік әдістемелік кабинет», «Үздік сайт» және «Үздік әдіскер»  аталымдарымен марапаттады.

  Бұл марапаттар ұстаздарымыздың кәсіби ізденісі мен тынымсыз еңбегіне берілген жоғары баға деп есептейміз. Әдістемелік кабинет педагогтерге нақты көмек көрсететін, жаңа тәжірибені таратып, мұғалімнің кәсіби дамуына бағыт беретін орталық болуы керек. Біздің мамандар осы міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді.

 «Үздік сайт» номинациясы да ашықтық пен ақпараттың қолжетімділігіне берілген баға деп білеміз. Қоғам білім саласындағы жаңалықтарды, қабылданған шешімдерді және атқарылған жұмыстарды уақтылы біліп отыруы қажет. Ал «Үздік әдіскер» номинациясы  – бір маманның ғана емес, жалпы ұжымдық ізденістің нәтижесі. Әдіскер мұғалім мен білім саласындағы жаңашылдықтың арасын байланыстыратын негізгі буын болуы тиіс.

Әрине, марапат бізді тоқмейілсуге емес, жұмысымызды одан әрі жетілдіруге міндеттейді.

- Білім саласындағы жаңа оқу жылына арналған басымдықтарға тоқтала кетсеңіз...

- Бірінші басымдық – педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру. Аттестаттаудың жаңа жүйесін сапалы іске асырып, педагог кадрлар тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешуіміз қажет. Екінші басымдық – білім сапасын көтеру. Мұнда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, білім нәтижелерін объективті бағалау және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту маңызды. Үшінші басымдық – балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты. Тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтап, оларға жеке қолдау көрсету, психологиялық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажет. Төртінші басымдық – тең мүмкіндік. Әрбір баланың тұрғылықты жеріне, отбасының әлеуметтік жағдайына немесе денсаулық ерекшелігіне қарамастан, сапалы білім алуға мүмкіндігі болуы тиіс. Оқушылардың олимпиадалық, ғылыми, спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту да осы бағытқа кіреді. Бесінші басымдық – тәрбие жұмысы. «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттары негізінде оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік, заңға, мемлекеттік рәміздер мен тілге құрмет, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруымыз қажет.

Сонымен бірге балаларға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қауіпсіз әрі жауапты пайдалануды үйретуге басымдық беріледі. Бұл міндеттердің бәрі бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Білімді тәрбиеден, қауіпсіздікті психологиялық қолдаудан, цифрландыруды мұғалімнің кәсіби даярлығынан бөліп қарастыруға болмайды.

- Білім сапасын көтеруге кедергі келтіретін қандай мәселелер бар?

- Білім беру саласында, жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар. Соның бірі – білім нәтижелерін бағалауға қатысты. Мектепішілік баға мен сыртқы бағалау қорытындысының арасында үлкен айырмашылық болмауы керек. Мұғалім оқушыға жоғары баға қою арқылы көмектесемін деп ойлауы мүмкін. Бірақ шынайы білім деңгейін көрсетпейтін баға, түптің түбінде, балаға зиян келтіреді. Екінші мәселе – оқушылардың кітап оқу дағдыларының әлсіреуі. Ақпаратты көбіне қысқа бейнелер арқылы қабылдауға үйренген бала көлемді мәтінді түсініп оқу, талдау және қорытынды жасау кезінде қиналады. Сондықтан оқу сауаттылығын тек тіл сабақтарында емес, барлық пәнде дамыту қажет. Үшінші мәселе – ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы жауапкершіліктің тең бөлінбеуі. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тек мектепке жүктеу дұрыс емес. Төртінші мәселе – цифрлық технологияларды мақсатсыз пайдалану. Технология білім сапасын арттыратын құралға айналуы тиіс. Мұғалімді де, оқушыны да дайын жауапқа тәуелді етпеуі керек. Бесінші мәселе – педагогтер арасындағы тәжірибе алмасуды күшейту қажеттілігі. Бір мектепте жақсы нәтиже берген әдіс сол ұжымның шеңберінде қалып қоймауы керек. Озық тәжірибені аудан бойынша тарату – әдістемелік қызметтің маңызды міндеті.

Бұл мәселелерді жасырмай, ашық талдап, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет.

- Ауыл мектебіндегі балаға тең мүмкіндік беру үшін не істелуі керек?

- Тең мүмкіндік дегеніміз – барлығына бірдей талап қою ғана емес, әр баланың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасау.  Ауыл мектебіндегі оқушы сапалы интернетке, заманауи оқу ресурстарына, білікті педагогке, қосымша білімге және кәсіби бағдарға қол жеткізуі керек. Starlink жүйесінің енгізілуі, педагогтердің біліктілігін арттыру, олимпиадалық дайындық пен цифрлық ресурстарды кеңейту осы мақсатқа бағытталған. Дарынды балаларды ерте анықтау да маңызды. Кейде ауылдағы қабілетті бала өзінің мүмкіндігін көрсететін орта болмағандықтан назардан тыс қалады. Сондықтан пән мұғалімдері, психологтер және сынып жетекшілері әр оқушының бейімін, қабілетін жүйелі түрде зерттеуге тиіс.

  Сонымен қатар оқушының болашақ мамандығын саналы таңдауы үшін кәсіби бағдар беру жұмысының мазмұнын жетілдіру керек. Оқушылар ауданға, облысқа және жалпы ел экономикасына қандай мамандар қажет екенін білуі тиіс. Баланың қай жерде дүниеге келгені оның болашағына шектеу қоймауы керек. Біздің негізгі ұстанымымыз – осы.

 

- Жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтерге қандай талап қойылады?

- Мұғалім, ең алдымен, өзінің кәсіби жауапкершілігін терең сезінуі керек. Қазіргі педагог өз пәнін біліп қана қоймай, цифрлық сауатты, зерттеуші, жаңашыл және баламен тіл табыса алатын маман болуы қажет. Педагог балаға адамгершілік тұрғысынан үлгі болуы керек. Оқушыға мұғалімнің айтқан сөзінен гөрі, оның іс-әрекеті көбірек әсер етеді. Педагогтің кәсіби мәртебесі білімімен, әділдігімен және үздіксіз ізденісімен нығаяды. Мұғалім өзгерістен қорықпай, оны кәсіби дамудың мүмкіндігі ретінде қабылдауы керек. Жаңашылдықтың бәрін ойланбастан қолдану шарт емес. Әр педагог жаңа әдістің балаға беретін нақты пайдасын саралай білуі қажет.

- Ауданның бас ұстазы ретінде ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ата-аналарға айтарым: балаға білім мен тәрбие беруде мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынастың маңызы зор. Мұғалімді баланың көзінше сынау, мектептің талабын жоққа шығару немесе барлық жауапкершілікті ұстазға жүктеу дұрыс емес.

  Балаңызбен күн сайын сөйлесуге уақыт бөліңіз. Оның бағасын ғана сұрамай, мектепте не үйренгенін, кімдермен араласатынын, не алаңдататынын және болашаққа қатысты қандай арманы барын біліңіз. Телефон мен интернетті пайдалану тәртібіне көңіл бөліңіз. Баланың демалысы, ұйқысы, кітап оқуы, сабаққа дайындалуы және отбасымен қарым-қатынасы үйлесімді болғанда ғана оның оқу үлгерімі жақсарады.

Мектеппен тұрақты байланыста болыңыз. Мәселе туындаған жағдайда кінәліні іздеуден бұрын, оны бірлесе шешуге ұмтылған жөн. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – баланың амандығы мен жарқын болашағы. Ата-ананың балаға беретін ең үлкен көмегі – оның орнына барлық мәселені шешіп беру емес, өз бетімен әрекет етуге үйрету және қиын сәтте жанынан табылу.

- Оқушыларға айтарыңыз...

- Бүгінгі заманда білім – ең үлкен байлық, болашақтың кілті. Қай жерде тұрсаңдар да, табандылық пен еңбектің арқасында биік мақсаттарға жете аласыңдар. Баға үшін емес, өз болашақтарың үшін білім алыңдар. Дайын жауапты іздемеңдер. Сұрақ қоюдан, зерттеуден және қателесуден қорықпаңдар. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдаланыңдар, бірақ өз ойларыңды, шығармашылық қабілеттеріңді және адамгершілік қасиеттеріңді жоғалтпаңдар. Ұлы Абай айтқандай, ақыл, қайрат және жүректі бірдей ұстауға ұмтылыңдар. Білімді, адал, еңбекқор және елін сүйетін азамат болу әрқайсыңның қолдарыңда. Мектепте алған білімдерің туған жердің дамуына, елдің өркендеуіне қызмет етсін. Бүгінгі еңбектерің – ертеңгі жетістіктеріңнің негізі.

- Соңғы сұрағым: ауданның білім саласының алдағы мақсатын қалай тұжырымдар едіңіз?

- Біздің басты мақсатымыз – әрбір балаға сапалы білім мен тең мүмкіндік беру, педагогтің кәсіби мәртебесін арттыру және Конституцияда белгіленген білім мен адам капиталын дамыту қағидаттарын нақты нәтижелермен қамтамасыз ету. Білім саласының жетістігі марапатпен, пайыздық көрсеткішпен немесе есеппен ғана өлшенбейді. Оның ең басты көрсеткіші – мектептен білімді, тәрбиелі, жауапкершілігі жоғары, өзіне сенімді және елінің болашағына үлес қоса алатын азамат тәрбиелеп шығару.

  Ақсуат ауданының білім саласында кәсіби тәжірибесі мол ұстаздар, білімге ұмтылған оқушылар және мектепке қолдау білдіретін ата-аналар аз емес. Осы үш күш өзара бірлікте жұмыс істесе, алынбайтын асу болмайды.

 Жаңа оқу жылында барша ұстаздарға шығармашылық табыс, ата-аналарға амандық пен береке, ал оқушыларға білім жолында биік жетістіктер тілеймін!

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Риза АСАНҚЫЗЫ, «Semeı tańy»