Күршім ауданындағы шалғай ауылдарға ұялы байланыс орнатылды

Күршім ауданындағы шалғай ауылдарға ұялы байланыс орнатылды
Бүгінгі таңда өмірді ұялы байланыссыз елестету қиын. Күршім ауданы бойынша Теле-2 ұялы байланыс операторларымен "250+" тізіміне 9 ауыл енгізілген, олардың ішінде Бурабай, Жолнұсқау, Төсқайың, Үшбұлақ, Ақбұлақ, Маралды, Қалжыр және Марқакөл бар. Жалпы саны 7219 адам ұялы байланыспен толық қамтамасыз етілген. Ал Теректібұлақ ауылындағы станция баптау сатысында.
Сонымен қатар, Ақсуат ауылында ұялы байланыс іске қосылды. Бұл ұзақ жылдан бері ауыл тұрғындарының арманы еді. Тағы Алғабас ауылында 883 адамды ұялы байланыспен қамтамасыз ететін 3G интернет желісіне қосылуды қамтитын "Beeline" мобильді байланыс мұнарасын салу бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Ұялы байланыстың шалғай ауылдарда орнауы аудан тұрғындарының өмірін жандандырды. Еліміздегі эпидемиялогиялық жағдайға байланысты қашықтықтан оқып отырған оқушылар мен студенттер болса, емін-еркін интернет желісін қолданып білім алуда.
Айта кету керек, "Қазақтелеком" АҚ филиалы - Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы «ҚР ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" жобасы аясында Күршім ауданы бойынша Боран, Қалжыр және Марқакөл ауылдарындағы мемлекеттік мекемелерге (мектептер, ауруханалар, әкімдік және полиция) интернет желісі қосылатынын хабарлады.