ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ БАСПАСӨЗ-МӘЛІМДЕМЕСІ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒЫ  ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ БАСПАСӨЗ-МӘЛІМДЕМЕСІ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒЫ

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ

БАСПАСӨЗ-МӘЛІМДЕМЕСІ

 

20 қараша                                                                                                              Нұр-Сұлтан қ.

 

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» және «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауларында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында Шығыс Қазақстан облысының 2020 жылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Облыс әкімі Даниал Ахметов ағымдағы жылдың 10 айында қол жеткізген көрсеткіштер – өңірдің дамуының оң динамикасының айқын дәлелі екенін атап өтті. Шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары халықтың белсенді жұмыспен қамтылуын сақтауға және азаматтардың табыстарының айтарлықтай төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.

Жыл басынан бері ШОБ-тан бюджетке төлемдер түсімі 121% - ға (63 млрд.теңге), негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 126% - ға (241,3 млрд. теңге) өсті. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында 1657 бизнес субъектісі 66 млрд. теңгеге мемлекеттік қолдау алды.

Өнеркәсіп және ШОБ саласында экспортқа бағдарланған өндіріс орындарын құру, нақты сектордың бәсекелестік артықшылықтарын күшейту жөніндегі міндеттер іске асырылды. «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» аясында ағымдағы жылы 37,5 млрд.теңгеге 5 жоба қолға алынды.

Агроөнеркәсіптік кешен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күзгі дала жұмыстарын аяқтау қорытындысы бойынша жалпы өнім жинау 340,0 млрд.теңгеге бағаланып, өткен жылға қарағанда 130%-ға өсті. Барлығы 804 мың тонна дәнді және 626 тонна майлы дақылдар жиналды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанға елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66%-ы тиесілі. Майлы дақылдарды өңдеу бойынша өнім көлемін жылына 700 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін 3 ірі жоба іске асырылуда.

Өңірде мал шаруашылығы табысты дамуда. Сүт және ет көлемі бойынша облыс өңірлер арасында жетекші орында. 10 айдың қорытындысы бойынша 7 мың бас ІҚМ арналған 3 бордақылау алаңы пайдалануға берілді, 1600 басқа арналған 8 сүт-тауар фермасы салынды және қайта жаңғыртылды, 5 сүт қабылдау пункті ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға сәйкес барлық ауыл халқының 57%-ын немесе 116 тірек ауылды қамтитын «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы іске асырылуда. Ағымдағы жылы 20 тірек ауылда 7,7 млрд.теңгеге 52 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 5 денсаулық сақтау, 5 спорт, 5 мәдениет объектілері салынып, 13 білім беру объектісі мен 92 шақырым көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Білім беру саласы қарқынды дамуда. Абай ауданының Қарауыл ауылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стандарттары бойынша жабдықталған 300 орындық, Өскеменде - 1000 орындық, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 300 орын интернаты бар 600 орындық жаңа мектептер ашылды. Қашықтықтан оқыту үшін барлық жағдайлар жасалып, облыс мектептері тарапынан 33,7 мың дана компьютерлік техника сатып алынды. Жалпы білім алушылардың 90%-дан астамы интернет желісіне қосылып, балалардың 6%-ы роутерлермен қамтамасыз етілді.

Көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары жалғасуда. Өткен жылдың басында кезекте тұрған 906 отбасының 62%-ы (563 отбасы) баспаналы болды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 1038 көпбалалы отбасы жаңа қонысқа ие болмақ. Халықтың барлық жіктерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалпы көлемі 827,4 мың ш.м. 122 көппәтерлі және 2658 бір қабатты үйлердің (тұрғындардыкін ескере отырып) құрылысы жүргізілуде, жалпы алғанда, тұрғын үй құрылысына 2019 жылдың деңгейіне қарағанда 1,5 есе өсіммен 30 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Шығыс Қазақстанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 77,4 млрд.теңгеге 21,1 мың жұмыс орны құрылып, 819 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Әлеуметтік саланың 479 объектісі жөнделді. Атап айтқанда, 264 - білім беру, 30 – денсаулық сақтау, 76 – мәдениет, 43 – спорт, 66 – әлеуметтік қамсыздандыру салалары бойынша. 87 шақырым су құбыры желілеріне, 238 шақырым жолдар мен көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 79 аула абаттандырылды.

Биыл ШҚО-да сумен жабдықтау бойынша 139 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 92 нысанды іске қосу жоспарлануда. Саны аз ауылдық елді мекендерді сумен барынша қамту мақсатында 525 млн.теңгеге 51 блокты-модульдік су тазарту және тарату станциясы орнатылды. 2019-2021 жылдар ішінде барлығы 179 блокты-модульдік станция орнатылады. Өңірде 2015 жылдан бастап сумен жабдықтау объектілерін салу мен реконструкциялауды қаржыландыру көлемі 9 есеге ұлғайды. Нәтижесінде халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілуі 85-тен 92,3%-ға дейін (өсім 7,3%), оның ішінде ауыл халқы бойынша 65,1-ден 82% - ға дейін (өсім 16,9%) өсті.

Облыстың шекара маңындағы аудандарының өмір сүру сапасын жақсарту және халықтың кетуін азайту мақсатында барлық мәселелер жан-жақты зертелгеннен кейін, азаматтардың пікірлерін ескере отырып, Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарын дамыту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарлар әзірленді. Оларды іске асыруға бастапқыда бес жыл ішінде барлығы 209 млрд.теңге бағыттау жоспарланған болатын, алайда «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларының есебінен бұл сома 9 млрд-қа артып, 218 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, ағымдағы жылы 44 млрд.теңге жұмсалды. Осы қаражатқа 17 екі пәтерлі үй салынып, 85 үйдің құрылысы басталды. 155 әлеуметтік сала нысаны мен 258 шақырым жолға және т. б. нысандарға жөндеу жүргізілді.

  • Біздің шекаралық аумақтарымызда орасан зор резервтер мен бәсекелестік артықшылықтар бар, оларды тиімді пайдалану экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берері сөзсіз,– деп атап өтті Даниал Ахметов.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және жедел шаралар қабылдау бойынша жағдайды бақылау үшін КВИ ошақтарын оқшаулау орталығы құрылды. Орталық зертханалардың деректері бойынша вирусты жұқтырғандарды талдаудан бастап ошақтарды жоюға және медэпидбригадалардың жұмысын үйлестіруге дейінгі нақты ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыста толық медициналық құралдармен жабдықталған 6,2 мың төсек-орын дайындалды. Короновирус инфекциясының бірінші толқынымен салыстырғанда төсек-орын саны 12 есеге, реанимациялық төсек-орын саны 10 есеге артты. 24/7 режимінде жұмыс істейтін 15 компьютерлік томография қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем медициналық автомобильдерінің паркі медициналық жабдықтармен толық жабдықталған 216 көлікпен толықтырылды.

- COVID-19 таралуы бойынша күрделі жағдайды ескере отырып, біздің бүгінгі міндетіміз - аурудың күрт өсуіне жол бермеу, емдеу мекемелерінің тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Инфекциялық бөлімшелердегі пациенттер 100% оксигенотерапиямен қамтамасыз етілген. Ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3200 дозасы немесе республика бойынша жалпы көлемнің 60%-ы дайындалды. Сонымен қатар, емдеудің тиімділігі үшін 6200 науқасты осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен «Фавипиравир» препараты сатып алынды. Бұл препарат 12 қарашадан бастап пациенттердің келісімімен облыс ауруханаларында қолданылып келеді, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Облыс басшылығы жұмысының басым бағыты дағдарысқа қарсы шаралармен үйлесе отырып, экономикалық дамудың оң серпінін сақтау, еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың осал топтарын қолдау болып қала береді.