Экономикалық қылмыстарды анықтау құқықтану ғылымының бірнеше саласын қамтуды талап етеді. Айтарлықтай үлес қосатын сала - криминалистика.
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалист мамандары құжаттамалық зерттеу, компьютерлік-техникалық зерттеу, экономикалық және тауартану зерттеулерін жүргізе отырып, қылмыс әлемінің ашылуында салмақты роль атқарады.
2021 жылы қызылордалық мамандар 107 зерттеу жүргізген. 26 қорытынды экономикалық зерттеуге берілген, тауартану бойынша нәтижелі жасалған зерттеу – 8, ал компьютерлік зерттеулер қорытындысы 65 болып отыр. 8 жағдайда алдын-ала зерттеу актісі толтырылған.
Өткен жылы Департаменпен 56 қылмыстық іс тергелсе, криминалист мамандар 40 қылмыстық іс бойынша 99 қорытынды жасаған. Яғни, өндірісте болған барлық қылмыстық істердің 71 пайызында криминалист мамандардың зерттеулері жүргізілген.
Бюджет қаражатын жымқыру бағытындағы құқықбұзушылықтарды анықтау барысында жүргізілген 26 экономикалық зерттеулер бухгалтерлік зерттеу, қаржы-бюджеттік зерттеу болып келеді. Мұнан басқа тауартану бойынша 8 қорытынды берілген.
Ал компьютерлік-технологиялық зерттеу (65) заңсыз ойын бизнес объектілерін анықтау мақсатында пайдаланылады. 2021 жылы жалпы заңсыз ойын бизнесіне қатысты 9 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі, ал 2022 жылдың басынан 3 факт анықталып, тергеу амалдары жүргізілді. Нәтижесінде 12 ойын мекемесі жабылды, 125 заңсыз ойын ойнатылған құрал жабдықтар және 311700 теңге айналымнан алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 11 қылмыстық іс айыптау актілерімен сотқа жолданды.
Жыл көлемінде 16 тергеу амалдарына маман ретінде қатысқаны тағы бар. Бұл дегеніңіз – айғақ заттарға қарау жүргізу, тінту, жауап алу және дауыс үлгісін алу барысын айғақтау.
Криминалист-мамандардың тергеу амалдарына және жедел іздестіру іс-шараларына қатысқан әр сапары елеулі нәтиже әкеледі. Департаменттің «аяғы үзеңгіден түспейтін» криминалистері Жандәулет Наурызбаев және Батырхан Садықов өз ісінің мамандары. Республиканың түрлі аймақтарында ұйымдастырылатын жедел-іздестіру шараларына шақырылатын сұранысы жоғары қызметкерлер. Мысалы, өткен жылы қызылордалық екі маманның Жамбыл облысына криминалистік зерттеу жүргізу үшін барған іссапары нәтижесінде 6 экономикалық және 10 компьютерлік-техникалық қорытынды жасалып, 2 қылмыстық істің ашылуына себепкер болды. Қазір аталған істер жамбылдық әріптестермен сот қарауына берілген.
Қылмысқа шығарылатын үкімге негіз болатын дәлелдің бірі – криминалистік зерттеу қорытындысы. Сонымен қатар, криминалистік зерттеу нәтижесіне байланысты жасалған қылмыстың мемлекетке келтіретін залал мөлшері айқындалады. Ал экономикалық қылмысқа қатысты жүргізілген тергеудің аяқталуы – сол залалдың мемлекет пайдасына өндірілуімен құнды.
Криминалистер ұдайы ізденіс үстінде. Себебі, экономикалық қылмыстар әлемінің әдістері жаңарған сайын – оған қарсы мамандардың тәсілі мен дайындығы да дамып отыруы шарт.