Қазақстанға жаңа Азаматтық кодекс не үшін қажет

Портрет женщины в бежевом пиджаке со скрещенными руками на голубом фоне.

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігін атап өтіп, оны 2027 жылдың соңына дейін әзірлеу міндетін қойды. Бұл бастама азаматтық заңнаманы жүйелі түрде жаңартудың уақыт талабына айналған қажеттілігіне жауап береді. Өткен онжылдықтар ішінде экономика, технологиялар және адамдардың күнделікті өмірі айтарлықтай өзгерді. Бүгінде маркетплейстер, интернет арқылы сауда жасау, ипотека, цифрлық ақша, криптовалюта, жұмыспен қамтудың жаңа нысандары, «цифрлық өмір» және басқа да құбылыстар азаматтарымыздың күнделікті тұрмысының бір бөлігіне айналды. Осыған байланысты мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды реттейтін заңнама осы шынайылықтарға сай келіп, өзгермелі әлем жағдайында адам құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Азаматтық кодекс іс жүзінде әрбір адамға қатысты. Қызметтерді алу, шарт жасасу, пәтерді немесе автокөлікті сатып алу не жалға алу, мүрагерлік мүлікті қабылдау, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қорғау – осы қатынастардың барлығы азаматтық заңнамаға негізделеді. Сондықтан жаңа Кодексті әзірлеу жұмысы құқықтық қорғауды неғұрлым сенімді етуге, ал азаматтар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл қағидаларын түсінікті әрі болжамды етуге бағытталған.

Қазақстанның қазіргі азаматтық заңнамасының негіздері 1990 жылдары қалыптасты. Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімі 1994 жылғы желтоқсанда, ал Ерекше бөлімі 1999 жылғы шілдеде қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа құқықтық жүйесінің қалыптасуында Кодекс маңызды рөл атқарды, өйткені ол нарықтық экономиканың негіздерін, азаматтық қатынастарға қатысушылардың теңдігін, меншікке қол сұғылмаушылықты және шарт еркіндігін бекітті. Оны әзірлеушілердің қосқан үлесі мен отандық цивилистика ғылымының жетістіктері құрметке лайық және жаңа құжатты дайындау кезінде ескерілуге тиіс.

Бүгінде көптеген шарттарды жасасу үшін бір батырманы басу жеткілікті, ал сатып алушы мен сатушының өзара іс-қимылы көбіне цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте осындай қатынастарға қатысушыларды қорғауға, олардың деректерін пайдалануға және міндеттемелердің бұзылуы үшін жауапкершілікке қатысты мәселелер туындайды. Бизнесті жүргізудің жаңа тәсілдері мен ынтымақтастық модельдері де нақты құқықтық қағидаларды қажет етеді. Мұның барлығы қолданыстағы құқықтық институттардың қазіргі заманғы қажеттіліктерге қаншалықты сәйкес келетінін бағалауды талап етеді.

Өткен онжылдықтар ішінде азаматтық заңнамаға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Мұндай түзетулер жекелеген міндеттерді шешуге мүмкіндік берді, алайда қазір реттеудің бүкіл жүйесіне тұтас көзқарас қажет. Алдағы жаңарту Азаматтық кодексті тұтастай, оның Жалпы және Ерекше бөлімдерін қамтып, олардың өзара және өзге де заңдармен үйлесімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Дәл осындай тәсіл азаматтық заңнаманы дәйекті түрде дамытуға және азаматтық қатынастарға қатысушылардың құқықтарын қорғауды нығайтуға мүмкіндік береді.

Ауқымды жұмыстың қажеттілігін Каспий университетінің ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелері мен Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің Әділет министрлігіне ұсынған ұжымдық ұсыныстары да растайды. Онда азаматтық заңнаманы тұжырымдамалық және кешенді жаңғырту қажеттігі айтылып, барлық баптарға ревизия жүргізу, императивтік нормалардың санын қысқарту, реттеудің диспозитивтілігін кеңейту және міндетті нұсқамалардың қатысушылардың өз құқықтары мен міндеттерін дербес айқындау мүмкіндіктерімен арақатынасын қайта қарау ұсынылады.

Бұдан бөлек, ұжымдық ұсыныстар азаматтық заңнаманың жалпы ережелерін, азаматтық құқық субъектілері мен объектілерін, заттық және шарттық құқықты қамтиды. Заңды тұлғалардың жіктелуін қайта пайымдау, жария құқықтың заңды тұлғасы конструкциясын қарастыру, корпоративтік реттеуді және шектеулі заттық құқықтарды дамыту, жылжымайтын мүліктің құқықтық режимін жетілдіру, сондай-ақ шарттың әлсіз тарабын қорғау ұсынылады

Аталған ұсыныстар азаматтық заңнаманың жалпы ережелері мен заңды тұлғалар туралы нормалардан бастап меншік және шарттық қатынастарға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Бұл жаңарту қажеттілігінің жекелеген түзетулер шеңберінен әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Сонымен қатар ұсыныс авторлары қолданыстағы Кодексті жаңғыртуды жақтайды және реформаның нысанына қатысты өзгеше ұстанымда. Әртүрлі тараптардың жаңа Кодекс қабылдау немесе қолданыстағы Кодекске өзгерістер енгізіп, оны жаңа редакцияда баяндау қажеттігі жөніндегі пікірлері әртүрлі болғанымен, барлығы оны жүйелі әрі терең қайта қарау қажеттігін мойындайды.

Ғылыми қоғамдастықтың ұсыныстары алдағы жұмыс үшін маңызды негіз қалыптастырады. Реформаның бағыттарын талқылауды жалғастыра отырып, жаңа Кодексте адам құқықтарының конституциялық кепілдіктері қалай дамытылуға тиіс екеніне және цифрландыру азаматтық заңнаманың алдына қандай міндеттер қоятынына назар аударуды қажет деп санаймыз.

Жаңартудың негізгі бағдарларының бірі жаңа Конституцияның ережелері болуға тиіс. Онда бекітілген меншіктің барлық нысандарын тану, оларға кепілдік беру және тең дәрежеде қорғау, жеке өмірге қол сұғылмаушылық және дербес деректерді қорғау жөніндегі тәсілдер азаматтық заңнамада дәйекті түрде дамытуды талап етеді.

Бұл кепілдіктер цифрлық ортада ерекше маңызға ие болады. Бүгінде жеке өмірге араласу деректерді заңсыз жинау және пайдалану, жеке ақпаратты тарату немесе цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Адамға өз құқықтарын қорғау мен бұзылған мүдделерін қалпына келтірудің түсінікті әрі тиімді тетіктері қажет.

Сондықтан жаңа Кодекс цифрлық құқықтың дамуын ескеріп, цифрлық заңнамамен үйлесімді болуға тиіс. Бұл ретте оның жеке-құқықтық қатынастардың жалпы қағидаларын белгілейтін негізгі акт ретіндегі рөлін сақтау маңызды. Технологиялар жылдам өзгеріп отырады, ал азаматтық-құқықтық қағидаттар өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдері пайда болған сайын адамды қорғауға және мәмілелердің сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс.

Меншікті қорғау мәселесі де осындай назар аударуды қажет етеді. Азамат пен кәсіпкер үшін мүлікке қатысты өз құқықтарына сенімді болу, мәмілелердің қауіпсіздігі және бұзылған құқықты қорғау мүмкіндігі маңызды. Тиісті институттарды жаңарту осы кепілдіктерді нығайтып, құқықтық салдардың болжамдылығын арттыруға тиіс.

Шарт құқығы заманауи әрі теңгерімді тәсілді қажет ететін тағы бір бағыт. Шарт еркіндігі азаматтық заңнаманың негізгі қағидаттарының бірі болып қала береді. Қатысушылар өз мақсаттары мен мүдделерін ескере отырып, ынтымақтастық шарттарын келісу үшін жеткілікті мүмкіндіктерге ие болуға тиіс.

Бұл, әсіресе, дербес әрекет ететін және келіссөз жүргізу мүмкіндіктері шамалас бизнес субъектілері үшін маңызды. Мысалы, шарт талаптарын тең негізде талқылайтын екі заңды тұлғаға өз бетінше шешім қабылдау үшін көбірек мүмкіндік берілуге тиіс. Міндетті нұсқамалардың шамадан тыс көп болуы мұндай ынтымақтастықты қиындатып, жаңа бизнес модельдерінің дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Сонымен бірге тараптардың заң алдындағы теңдігі олардың нақты мүмкіндіктерінің әрдайым тең екенін білдірмейді. Ірі компаниядан қызмет сатып алатын немесе цифрлық платформаның стандартты талаптарына қосылатын азамат көбіне шарттың мазмұнына ықпал ете алмайды. Оның ұсынылған мәтінмен келісуі өздігінен мұндай осалдықты жоймайды.

Сондықтан шарт еркіндігін кеңейту әлсіз тарапты қорғауды күшейтумен қатар жүруге тиіс. Оның шарт талаптарын талқылау мүмкіндігі болды ма, қажетті ақпаратқа ие болды ма және саналы таңдау жасауға нақты мүмкіндігі болды ма деген мәселелерді ескеру маңызды. Заңды тұлға мәртебесінің өзі де келіссөз жүргізу мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етпейді.

Жаңа Кодекстің міндеті қатысушылардың дербестігі мен оларды әділетсіз талаптардан қорғау арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Мұндай тәсіл адал кәсіпкерлікті қолдап, мүдделерді келісудің сенімді құралы ретіндегі шартқа деген сенімді нығайтады деп санаймыз.

Жаңартудың қарастырылған бағыттары өзара тығыз байланысты, сондықтан ұсынылатын шешімдерді азаматтық заңнаманың жалпы жүйесі шеңберінде бағалау маңызды. Ол үшін ғылыми қоғамдастықтың, заңгер-практиктердің және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажет. Бұл жұмыста цивилистика саласында жинақталған ғылыми білім, судьялардың, адвокаттардың және заң консультанттарының тәжірибесі, бизнестің ұсыныстары мен азаматтар тап болатын мәселелерді түсіну маңызды рөл атқарады.

Ғалымдар құқықтық институттардың өзара байланысын анықтауға және ұсынылатын шешімдердің салдарын бағалауға көмектеседі. Заңгер-практиктер шарт жасасу, мүлікті қорғау және дауларды шешу кезінде қандай қиындықтар туындайтынын көрсетеді. Осы білімдерді ұштастыру болашақ Кодекстің сапасын қамтамасыз ету үшін қажет.

Сонымен бірге мұндай ауқымды жұмыс барысында кәсіби келіспеушіліктердің болуы заңды екенін түсіну қажет. Оларды әрбір тәсілдің дәлелдері мен практикалық салдарын қарастыра отырып, ашық әрі мазмұнды талқылау керек. Қазіргі уақытта Әділет министрлігінде жинақталған ұсыныстардың үлкен көлемі дәл осындай талқылауға арналған мазмұнды материал ретінде құнды.

Азаматтық заңнаманы жаңарту қолданыстағы тиімді құқықтық шешімдерді сақтап, қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесін ескеруге тиіс. Сонымен қатар жаңа қағидаларға түсінікті түрде көшуді, бұрыннан туындаған құқықтарды құрметтеуді және қолданыстағы қатынастарға қатысушылар үшін болжамдылықты қамтамасыз ету қажет. Азаматтар мен бизнес үшін реформа неғұрлым сенімді қорғауды, көзделген құқықтық тетіктердің түсініктілігін және заңды қолданудың қолайлылығын білдіруге тиіс.

Заңнама және құқықтық ақпарат институты кәсіби пікірталасты жаңа Кодексті әзірлеудің қажетті бөлігі ретінде қарастырады. Бүгінде қазіргі заманғы шынайылықтарға жауап беретін және болашақта жеке-құқықтық қатынастардың тұрақты негізі болып қала беретін тұтас құжатты әзірлеу үшін бірлескен күш-жігерді жұмылдыру маңызды.

Бұл жұмыстың бағыты Президент Жолдауында айқындалған. Ал оның сапасы ғылыми білімді, құқық қолдану тәжірибесін және қоғамның нақты қажеттіліктерін қаншалықты дәйекті түрде ұштастыра алатынымызға байланысты.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры
заң ғылымдарының кандидатыЖігітекова Жанара Нұржанқызы

Жарияланған күні

17 қараша 2026

Жаңарту күні

17 қараша 2026