Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
(Қадыр Мырза Әли)
Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі ерекше түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тіл.
Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – ана тілінде. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі.
Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды.
Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені тіл мәселесі өте маңызды. Біріншіден, ол өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны, екіншіден, барлық қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Олай болса оны білу әрбір отбасының, ұжымның негізгі мақсаты болуы тиіс. Біз тіл арқылы ғана ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.
Кез келген тілдің болашағы - балалардың, жастардың қолында екені рас.Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы - ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Әр отбасында отбасылық тілді дамыту бағдарламасы жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды.Сондықтан, қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Қоғамдық ортада, таза мемлекеттік тілде сөйлемеу, барлық жарнамалар мен ескертпе құлаққағыстарды тек орыс тілінде іліп қою сияқты құбылыстарға назар аударып қана қоймай, нақты шаралар қолданар болсақ, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінде маңызды орын алуына зор ықпал еткен болар едік.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.
Ана тілі — халықтың замандар бойы жинаған қазынасы,тарихы мен мәдениетінің әрі айнасы,әрі шежіресі, өзін де, өзгені де танып-білетін негізгі құралы.Ана тілі әр халықтың жазуы жоқ кітабы,мектебі жоқта ұстазы болған.Ана тілі халық өсіп,өркендесе дамиды да,халық жоғалса құриды.
Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады.Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені босатады.Адам мәдениетінің алғышарты — дұрыс сөйлей білу. Тілін білмеген- түбін білмейді.Сондықтан да оны көздің қарашығындай қастерлеу — азаматтығымыздың ең шынайы түрі.
Қазақ тілі - халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде қазақ тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек.
Тіл тағдыры - ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті.Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұта білуі тиіс. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз. Тіліміздің туын әрқашан жоғары ұстайық!
"Әулиекөл ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі"
филиалының басшысы- аға
сот орындаушысы
С.М. Токбаев