Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы тіл екені даусыз. Ана тілі арқылы – әр адам өз ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры десек те болады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы 11- шілде де Қазақстан Республикасының Парламенті «Тіл туралы» жаңа Заңын қабылдады. 2007 жылы «Мемлекеттік тіл жылы» деп жарияланды. Содан бері 22-қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі деп аталып келеді. Бұл – барша елге ортақ, жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет деп ойлаймын. Қазақстанда 100- ден астам ұлт өкілдері тұрады, әрбір ұлттың ең үлкен, ең негізгі қазынасы туған тілі болып саналады.
«Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген екен халқымыздың біртуар ұлы, ұлт жанашыры Мұстафа Шоқай. Тіліміздің тарихы – кешегісі мен бүгіні, болашағы жайлы кез келген көкірегі ояу, саналы қазақ азаматының ойланбауы мүмкін емес. Себебі, қазақтың басынан қаншама қилы тағдыр өтсе, сол тәлкекке ана тіліміз де қоса түсті.
Ұлттық салт-сананы бала бойына сіңіру – ата мен әже, әке мен шешенің ұлттық мәдени, рухани болмысы мен ұстанымынан болады.
Ана тіліміздің жағдайы, оның мемлекеттік тіл тұрғысындағы беделі, қоғамда алатын орны туралы мақалалар, ой-пікірлер мен ғылыми еңбектер, тіпті, ғаламтор желісіндегі сайттарда жарияланып жатқан өзекжарды жазбаларда шек жоқ. Әйтсе де, ұрпақ бойында ұлттық болмысты, тілдің әдеби, жалпыға бірдей түсінікті әрі көркем қалпын сақтап қалу – талбесіктен, содан соң отбасы мен мектеп қабырғасындағы тәрбие арқылы бала санасына сіңіруден басталатынын ескерген жөн.
Ана тіл – бабалар аманаты. Қарапайым тұрмыста ойымызды сауатты, толық сөйлемдермен жеткізіп, орайы келсе, мақал-мәтелдермен көркемдеп сөйлеу, әліміз келгенінше соған тырысу – біздің ұрпақ алдындағы бірегей міндетіміз. Себебі, соны құлағына сіңірген бала басқаларға үлгі бола біледі. «Ана тілін құрметтейік», «қазақша сөйлейік», «ұлттық салт-санамызды сақтайық» деп ұрандатқаннан да, сол бағыттағы әрекетті бала іс жүзінде өзімізден аңғарса, міндетті түрде қайталайтынын өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отыр.
Тілімізді ділімізді қастерлейік!
Зияткерлік меншік құқығы бөлімнің
жетекші маманы Н.Абдикерова