Аумақтық әділет органдарымен 2025 жыл бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат

«Қазақстан Республикасының Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес әділет органдары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі бойынша тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауардың шыққан жерінің атауын немесе фирмалық атауды пайдалануға мемлекеттік бақылауды жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырады.

Жоспардан тыс тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, дәлелді негіздер мен растайтын айғақтар болған жағдайда, негіз болып табылады.

Әділет органдары 2025 жылы аумақтық тексеру жүргізу туралы 318 акт шығарды (2024 ж. – 338), ал тексерулер нәтижесінде 293 бұзушылық анықталды (2024 ж. – 297).

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша (басқаның тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, географиялық көрсеткішін және тауардың шыққан жерінің атауын заңсыз пайдалану) 303 іс қозғалды (2024 жылы - 283), оның ішінде 11 іс Шымкент қаласының полиция департаментінен (бұдан әрі - ПД) және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен (бұдан әрі - ЭТД),
2 іс Ұлытау ауданының ПД-нен, 3 іс «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»
ҚР кодексінің 462-бабы бойынша (лауазымды тұлғаларға кедергі келтіру) қозғалды.

294 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (2024 жылы - 267). Айыппұлдардың жалпы сомасы 32 866 529 теңге (2024 жылы - 22 138 422 теңге).

Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 174 416 463 теңге құрайтын 205 222 жалған өнім тәркіленді (2024 жылы - 149 591 939,72 теңге).

Тексерулер шеңберінде «TOYOTA», «LEGO Holding A/S», «Henkel AG & Co. KgaA», «Apple Inc», «Fieldpoint (Cyprus) Limited», «Chocoladefabriken Lindt & Sprűngli AG», «Velkos Co., Ltd.», «Nong Shim Co., Ltd.», «Cummins Filtration Inc.», «Xiaomi Inc.», «PANDORA A/S», «SCHNEIDER ELECTRIC SE», «LTS Kazakhstan» ЖШС, «Louis Vuitton Malletier», «Tramontina S.A. Cutelaria», «WD-40 Manufacturing Company», «WOLF», «KYZYLZHAR», «TAU SAMAL», «СИНЯЯ ГОРА», «СТОЛИЧНАЯ», «РОДНАЯ СТЕПЬ», тез еритін кофе «3 в 1 «Mac Coffeе» және басқа да танымал тауар белгілері иелерінің құқықтары қорғалды.

Ішкі істер органдары зияткерлік меншік құқықтарын бұзумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған міндеттерді жүзеге асырады.

Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу фактілері бойынша 2025 жылы (ҚР ҚК-нің 198-бабы) ішкі істер органдарымен 1 қылмыстық іс тіркелді.

Келтірілген залалдың елеусіз болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына орай тоқтатылды.

Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзуға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру мақсатында, оның ішінде мемлекет аумағындағы интернет желісінде, 2025 жылғы 4–7 тамыз аралығында «Контрафакт» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара нәтижесінде еркін айналымға тыйым салынған 2 мыңнан астам өнім тәркіленді, оның ішінде 1709 контрафактілік CD-DVD дискілері, 67 СТС және 300 өзге де өнім түрі бар.

Сонымен қатар, көрсетілген құқық бұзушылықтардың интернет желісінде жолын кесу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері контрафактілік өнімдерді жарнамалайтын және лицензияланбаған бағдарламалық қамтамасыз етуді тарататын 427 шетелдік интернет-ресурс анықталды. Мұндай контент туралы ақпарат қазақстандық пайдаланушылардың қолжетімділігін бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді.

Мемлекеттік кірістер органдары тауарларды кедендік декларациялау кезінде «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 198, 199-баптарына және 53-тарауына сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдайды.

Автоматтандыру шеңберінде «Keden» ақпараттық жүйесінің жаңа әзірленіп жатқан платформасында 2025 жылы мемлекеттік кірістер органдары көрсететін «Зияткерлік меншік объектілерін зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізу» мемлекеттік қызметі бойынша өтінішті электрондық түрде беру іске асырылды.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау шараларын тиімді қабылдау мақсатында Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімі (бұдан әрі – ЗМОКТ) жүргізіледі.

Қазіргі уақытта зияткерлік меншік объектілерін ЗМОКТ-ға енгізу туралы өтінішті «Keden» ақпараттық жүйесінде (http://keden.kgd.gov.kz) электрондық нысанда беру жүзеге асырылады.

2025 жылы ЗМОКТ-ға 1235 тауар белгісі, 1 авторлық құқық объектісі және 400 құқық иеленуші енгізілді.

ЗМОКТ негізінде 2025 жылы мемлекеттік кірістердің аумақтық органдары зияткерлік меншік құқықтарын бұзу белгілері бар тауарлар бойынша жалпы құны 44,3 млн АҚШ долларын құрайтын 1853 тауар декларациясы бойынша тауарларды шығаруды тоқтатты.

Құқық иеленушілердің өтініштері негізінде тоқтатылған тауар декларациялары бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша 7 әкімшілік материал жасалды, жалпы сомасы 747 080 теңге айыппұл салынды. 4 материал бойынша сот шешімімен 123 кг тауар тәркіленіп, кейіннен жойылды; 2 материал бойынша сот 7201 дана тауарды кері экспорттау туралы шешім қабылдады; 1 материал бойынша тараптар бітімгершілік келісімге келді.

Авторлардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдан бастап авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін пайдалануға мемлекеттік бақылау енгізілді.

Бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет саласын нақтылау үшін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, «Қазақстан Республикасының Әділет органдары туралы» және «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдарына толықтырулар енгізілді.

Жоспардан тыс тексерулер әділет органдарымен тек авторлар мен құқық иеленушілердің өтініштері негізінде ғана жүргізіледі. Тексеру қорытындылары бойынша тексеру нәтижелері туралы актілер шығарылады, ал құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою туралы нұсқамалар беріледі. Қажет болған жағдайда нұсқаманың орындалуына бақылау жүзеге асырылады.

Осылайша, авторлар мен құқық иеленушілерде құқық бұзушылықтарға ден қоюдың тиімді құралы – өтініш беруден бастап мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылдауға дейінгі тетік пайда болады.

Зияткерлік меншік саласындағы жұмыс жалғастырылады.

 

Информация
Дата публикации
18 февраля 2026