Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осыдан отыз жыл бұрын 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігі жарияланды. Осындай аса маңызды тарихи өзгерістің нәтижесінде жаңа мемлекет -Тәуелсіз Қазақстан дүниеге келді.Халқымыз міне содан бері осы күнді ұлттық мереке ретінде жыл сайын салтанатты түрде атап өтуде. Осы кезең ішінде еліміз өз шекарасын белгілеп, рәміздерін бекітіп, әлемдік аренада өзінің лайықты орнын иеленіп, керегесі кең ел болды.
Тәуелсіздік бізге оңайға түскен жоқ. Еліміз ғасырлар бойы қаншама ауыр кезеңдерді бастан кешірді. Осы күнге жету үшін еліміз қаншама қиындықтарды бастан өткерді. Соған қарамастан еліміз осы қиындықтарды жеңе білді.Мұның бәрі, сайып келгенде, ел экономикасының дамуына жол ашты. Мәдениетіміз өркендеп, сауда-саттық дамыды. Тәуелсіздіктің арқасында әр салада толағай жетістіктерге қол жеткізуге зор мүмкіндік алдық. Осының нәтижесінде әлем елдерімен өзара тығыз байланыс орнай бастады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы қазақ халқының ғасырлар бойғы аңсаған арманының жемісі. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Бір кездері кеңестер одағының құрамында болған еліміз бұл күндері өзінің Туы, Елтаңбасы және Гимні бар тәуелсіз мемлекет болып отыр. Өз алдына отау тігіп, дербес мемлекет атанған Қазақстан бұл күндері өзін әлемге мойындатқан мемлекет ретінде танылып отыр.
Бұл күнде елімізді әлем жұртшылығы рухы күшті, келешегі кемел ел ретінде біледі. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы небір озық жетістіктер, өсіп-өркендеуіміз, рухани дамуымыз, экономикалық еркіндігіміз еңсесін биік ұстап, алға сеніммен қадам басқан жасампаз еліміздің қажырлы қадамының нәтижесі.
Өзінің даму жолында талай сындарлы кезеңдерден өткен еліміздің жетістіктері аз емес. Мұны күнделіктегі өміріміздегі оң өзгерістерден байқаймыз. Осының бәрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жасампаз саясатының жемісі деп білеміз.
Бүгінгі таңда елімізде рухани жаңғыруға баса мән беріліп отыр. Бұл да Елбасының бастамасымен қолға алынған маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта қаншама игі істердің жүзеге асырылғаны баршамызға мәлім. Осының бәрі әсіресе жастарға рухани тәрбие беруге кең жол ашатыны анық. Сондықтан да алдымызға қойылған талап биігінен табылып, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету басты парызымыз.
Тәуелсіздік – терең ұғым. Жыл сайын үлкен салтанатпен аталып өтілетін тәуелсіздік мерекесі әрбір қазақстандықтың жүрегінен үлкен орын алады. Өйткені бұл азаттықты ғасырлар бойы аңсаған халқымыз үшін ең қастерлі мереке.