Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституцияның 7 – бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі делінген. Бұл ретте мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде онымен тең қолданылады.
Қазақстанда тілдердің қолданылуын реттейтін тағы бір құжат - 1997 жылы қабылданған "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңы. Заңда, атап айтқанда, мемлекеттік тіл – мемлекеттің барлық аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екендігі атап өтілді. Қазақ тілін меңгеру – әрбір азаматтың парызы, ал тілдің өзі-қазақстандықтарды топтастырудың маңызды факторы.
Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
Мемлекеттік және Қазақстан Республикасындағы барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Тіл негізінде азаматтардың құқықтарын бұзуға жол берілмейді, өйткені бұл тиісті жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Азаматтардың өтініштерін қай тілде берілгеніне қарамастан, мемлекеттік ұйымдардың лауазымды адамдары қабылдауы керек.
Лауазымды адамның мемлекеттік тілді білмеуінен азаматтардың өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылу саласында олардың қолданылуына кез келген кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Мәселен, лауазымды тұлғаның құжаттарды, сұрау салуды, арызды немесе шағымды қабылдаудан бас тартқаны, сондай-ақ олардың мәні бойынша қарамағаны, тілді білмегені үшін; жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектегені, тілдік белгілері бойынша кемсітушілік үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Адамның құқықтары мен бостандықтарын тілге байланысты тікелей немесе жанама шектеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер осы әрекеттер қызмет бабын асыра пайдалану немесе қоғамдық бірлестіктің жетекшісін қолдана отырып жасалса, негұрлым ауыр жаза қарастырылған.
Заңның 11-бабына сәйкес, азаматтардың өтініштеріне және басқа да құжаттарға жауаптар мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде беріледі делінген. Бұл мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға, яғни жеке компанияларға да қатысты. Ал Қазақстан Республикасының "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заңына сәйкес, ауызша сауалға жауап өтініш жасалған тілде де ауызша берілуі тиіс.
Әділет Департаментіне келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің 90 пайызы ресми тілде, яғни орыс тілінде болып келсе, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардан келіп түсетін хаттардың 80-90 пайызы мемлекеттік тілде болады.
Әділет департаментінде де қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіп қатаң сақтала отырып, жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне берілетін жауаптар өтініш берілген тілде, ал мемлекеттік ұйымдармен қызметтік хат алмасулар мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Зияткерлік меншік құқығы бөлімі