«Атағыңды өсіретін де, өшіретін де тіл»
Қазақ атамыз айтқан «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақал бар. Бүгінгі күні қанша тіл білсек те өзіміздің ана тіліміздің дәрежесін олардан биік қоюымыз керек. Олай болса, тілді құрметтеуді өзімізден бастауымыз қажет. Өз жерімізде өзіміз ана тілімізді қастерлеп, қазақша сөйлессек, өзге ұлттың азаматтары да бізге еліктеп, үлгі алатын болады. Егер де біз тілді шұбарлап, не орыс тілінде, не болмаса ағылшын тілінде сөйлеп тұрсақ, сырт көз – сыншы емес пе, «өз тілін менсінбеген қазақтың ана тілі кімге керек?» деуі әбден мүмкін. «Әуелі өздерің қазақша сөйлеп алыңдар» дейтіндері де табылатынына күмәніміз жоқ.
Еліміздің алып шаһарларына бара қалсақ, ұл-қыздарымыздың орысшаны қойып, ағылшынша сөйлеп, бір-біріне іле жауап беріп жатқанын көреміз. «Көп тілді білу – байлық» деп, іштей қуанып та қаламыз. Ағылшынша тілін бұрап тұрғандарды көрген «көрермендердің» еріксіз ауыздары ашылып, таңданыс білдірері шындық. Қазақтың балаларының, әсіресе бойжеткендердің көшеде өзге тілде сөйлеуін – «өз тілімізді менсінбегені ме, әлде сәнге айналған ба?» деп қаларыңыз анық.
Алаштың ардағы Міржақып Дулатов өз заманында-ақ «Қазақ тілінің мұңы» деген еңбегінде: «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, ділмар, бабаларымның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Енді мен қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын, жасыдым, мұңайдым...» деген екен. Міржақып бабамыз өз заманында-ақ тілдің тағдырын осылайша суреттеп, тілдің болашағын ойлап, толғанғандығын көрсетті. Одан бері де қилы заман өтті, тіл де талай-талай тауқыметті басынан кешірді деуімізге негіз бар. «Сол кезде кірленіп-былғанған, жасып-мұңайған, бүгінде кейбіреулер менсіне қоймайтын ана тілімізді ертеңгі келер ұрпаққа қандай күйде аманаттаймыз?» деген ой баршамызды мазалауы тиіс. Әркімнің сауатты жазуы, әуезді сөйлеуі – ана тіліне көрсетілген үлкен құрмет болса керек. Мұндай құрмет көрсеткен азаматтарды өз ана тілін толыққанды біледі деуімізге болады. Сөз арасына нақыл, шешендік сөздерді, мақал-мәтелдерді қосып, отырсақ, қандай жақсы. «Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл» деген нақыл сөз барлығымызға да қатысты. Үлкенді-кішілі жиналыстарда ел тізгінін ұстап жүрген азаматтарымыздың сөйлеген сөзіне көпшілік іштей баға беріп отыратыны айтпаса да бәрімізге түсінікті. «Бізге ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Ендеше, оны жан аямай қастерлеуден асқан парыз жоқ» деген Елбасымыздың сөзіне ерекше көңіл бөлген әрбір мемлекеттік қызметші өз жасаған баяндамасын тұрғындарға сүйсіне тыңдайдындай дайындау қажет. Бұл – шындық. Өйткені біздің жасалған баяндамамыз біріншіден, жасалған баяндама ұзақ уақыт оқылмай, өзінің де, өзгенің де алтын уақытын алмауға тырысуымыз қажет, екіншіден, сөз арасында керекті асыл сөздерді дәл қолдануымыз, халыққа түсінікті қарапайым тілімен сөйлеу – көптің көңілінен шығуға тырысуымыз қажет.
«Жақсының жанында жүрсең, шарапаты тиеді» дегендей, сөзімен де, ісімен де көпке үлгі бола білген мемлекеттік қызметкер тұрғындары ризашылықтарын білдіру дәрежесіне алып келу қажет.
«Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек» деп Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, үлкен-кіші, бәріміз, ұлттың жаны - тілдің қадірін түсіне білейік.
Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі