Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізілген түзетулерге байланысты тіркелген және қызметін жүзеге асыратын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативтері, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері көппәтерлі тұрғын үйді басқару жөніндегі қызметті 2022 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асырады.
Тиісінше осы мерзім аяқталғаннан кейін жоғарыда аталған заңды тұлғалар таратуға байланысты қызметін тоқтату рәсімінен өтуі керек.
Бұл ретте 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативтері, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері көппәтерлі тұрғын үйді, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін салуға, күтіп-ұстауға және пайдалануға байланысты барлық қолда бар құжатты қабылдау-тапсыру актісі бойынша көппәтерлі тұрғын үй кеңесіне беруге, қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен таратуды жүргізуге міндетті екенін ескеру өте маңызды.
Бүгінгі күні Ақмола облысының аумағында 100 үй-жай (пәтер) иелерінің кооперативі тіркелген.
Осыған байланысты, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңымен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен регламенттелген заңды тұлғаның қызметін тоқтату тәртібін түсіндіргім келеді.
Бірінші кезекте мүліктің меншік иесі немесе уәкілетті тұлға заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдайды.
Бұдан әрі заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган тарату комиссиясын құрады және ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес тарату тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi.
Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап оған заңды тұлғаның мүлкiн және iстерiн басқару жөнiндегі өкiлеттiк ауысады. Тарату комиссиясы сотта таратылатын заңды тұлға атынан әрекет етедi.
Тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату, сондай-ақ оның кредиторларының талаптарын мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмi туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында, яғни республикалық газеттерде жариялайды.
Шағымдарды жариялау мерзімі тарату туралы хабарландыру жарияланған сәттен бастап екі айдан кем болмауы мүмкін екенін білу өте маңызды.
Кредиторлардың наразылық білдіру мерзімі аяқталғаннан кейін тарату комиссиясы кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі сияқты және т.б. мәселелерді шешеді.
Содан кейін заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе тарату туралы шешім қабылдаған орган «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің біріне немесе «электронды үкіметтің» www.egov.kz веб-порталына төмендегі құжаттар жинағымен жүгінеді: заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) қызметінің тоқтатылуын тіркеу туралы өтініш; заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің немесе меншік иесі уәкілеттік берген органның не заңды тұлғаның мөрімен бекітілген құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген заңды тұлға органының шешімі; Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында заңды тұлғаны тарату, кредиторлардың талаптарын мәлімдеу тәртібі мен мерзімдері туралы ақпараттың жарияланғанын растайтын құжат; заңды тұлғаның мөрін (бар болса) жою туралы құжат және коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымының төленгенін растайтын құжат.
Заңды тұлғаны таратуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш тіркеуші органға заңды тұлғаны тарату туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткеннен кейін ұсынылады.
Тіркеу алымын төлеуге қатысты ПИК қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеу үшін алым мөлшерлемесі - 1 АЕК (2022 жылы 1 АЕК 3 063 теңге) заңды тұлғалардың орналасқан жері бойынша төленетінін атап өткіміз келеді.
Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы шешімді алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тарату тәртібінің сақталуын тексереді, заңды тұлғаны тарату туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізеді.
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 16-бабына сәйкес тіркеуші орган заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш қажетті құжаттарымен қоса берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркейді.
Тоқтату жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп есептеледi.
Ақмола облысы Әділет департаментінің
тіркеу қызметі саласындағы
әдістемелік қамтамасыз ету және
бақылау бөлімінің жетекші маманы Г. Абсаматова