Контрафактілік өнім — зияткерлік меншікті қорғау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Контрафактілік тауарлар әлемнің барлық елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да мәселе болып табылады. Тауарлар бағасының көтерілуі аясында контрафактілік тауарлар мәселесі тек өсе түсті. Онлайн сауданың дамуымен және жеткізілетін тауарлар көлемінің ұлғаюымен оны қадағалау қиындай түсуде.
Контрафакт – тауар белгілері немесе авторлық құқықтар сияқты зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын өнімнің жалған немесе заңсыз көшірмесі. Бұл жалған фирмалық заттар немесе сауда белгілерін заңсыз пайдалану болуы мүмкін.
Қарапайым тілмен айтқанда, контрафактілік өнімдер әдетте төмен бағамен сатылатын түпнұсқа емес, заңсыз жасалған көшірмелер болып табылады. Мұндай өнімдерді сатушылар авторлық құқық, патент және тұтынушы құқықтары туралы заңдарды бұзады.
Контрафакт — бұл басқа тұлғаның зияткерлік меншік құқықтарын (тауар белгісі, патент, авторлық құқық және т.б.) заңсыз пайдалану арқылы өндірілген тауар. Мұндай өнімдер, әдетте, түпнұсқа тауарды еліктеуге тырысады және тұтынушыны шатастыру арқылы пайда табуға бағытталған.
Контрафактілік өнімдер әртүрлі санаттарға жатуы мүмкін:
- киім мен аяқ киім;
- парфюмерия және косметика;
- тұрмыстық техника және электроника;
- автокөлік бөлшектері;
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;
- азық-түлік өнімдері.
Атап айтқанда, контрафактілік тауарларды сату мынадай себептермен елімізге, қоғамға, халыққа зиян келеді:
- Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіру:контрафактілік тауарлардың құрамында стандарттарға сай келмейтін зиянды немесе қауіпті заттар пайдаланылуы мүмкін. Оларға қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін контрафактілік жабдықтар және құрамында аллергендер мен зиянды заттар болуы мүмкін контрафактілік косметика кіреді.
- Бизнестен түсетін табысты жоғалту: бренд иелері өз өнімдерін әзірлеу, жобалау және жарнамалауға елеулі ресурстар жұмсайды. Фальсификаторлар заңсыз тауарларды төмен бағамен ұсыну арқылы қаражатты заңсыз иемденіп алады, осылайша түпнұсқа бренд иелерін тұтынушысыз қалдырады және сатылымға теріс әсер етеді.
Қазақстан Республикасында контрафактпен күрес бірнеше заңнамалық актілер арқылы жүзеге асырылады:
- Азаматтық кодекс;
- «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заң;
- «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық көрсеткіштер және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заң;
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс;
- Қылмыстық кодекс.
Егер, Сіз белгілі бір тауардың контрафакт емес екеніне сенімді болмасаңыз, мына факторларға назар аударыңыз:
- Бағасы:контрафактілік тауарлар әдетте түпнұсқа тауарлардан әлдеқайда арзан болады.
- Қаптамасы:контрафактілік тауарлар көбінесе қаптамасыз немесе сапасы төмен немесе жазуында қателері бар қаптамамен сатылады.
- Орны:контрафактілік тауарлар көбінесе брендтің ресми веб-сайттарында немесе ресми дилерлерде емес, онлайн-маркетплейстерде сатылады.
- Маңызды кеңес: өнім сипаттамасында, жиі қойылатын сұрақтарда, байланыс мәліметтерінде және сол сияқты басқа да ақпаратта орфографиялық немесе грамматикалық қателердің бар-жоғын тексеріп көріңіздер.
Ақмола облысы Әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқығы
бөлімінің маманы С. Шойбеков