Бесқарағай ауданында туризм саласы дамып келеді
Бесқарағай ауданында туризм саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта ауданда 2 қонақ үй, 1 демалыс базасы және 3 мектеп жанындағы балаларды сауықтыру лагері тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.
Табиғи туризмді дамыту мақсатында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бөкебай филиалы аумағында орман ішінде арнайы «Демалыс бұрышы» ұйымдастырылған. Аталған нысан жыл сайын 5 мыңнан астам демалушыны қабылдайды.
Аудандағы ірі туристік нысандардың бірі – 2016 жылдан бері Глуховка ауылдық округінде жұмыс істеп келе жатқан «Елімай» демалыс базасы. Мұнда келушілер үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сонымен қатар 2025 жылы Канонерка ауылдық округіне қарасты Жыланды ауылында «Zhylandy Eco Village» демалыс базасы салынды. Жоба аясында алдағы уақытта мейрамхана мен бассейн салу жоспарлануда.
Экотуризм мен балық шаруашылығын ұштастыратын жобалар да іске асырылып жатыр. Старая Крепость ауылында жеке кәсіпкер Наиль Маклаковтың бастамасымен балық өсіруге бағытталған демалыс базасы салынды. Алты жасанды тоғанда кемпірқосақ форелі, сібір бекіресі, сазан және тұқы өсіріліп, жылына 100 тоннаға дейін өнім өндіру көзделген. Сондай-ақ, 80 адамға арналған 4 кешен салынған, алдағы уақытта мейрамхана ашу жоспарланып отыр.
Сауықтыру туризмін дамыту бағытында да тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауымен «Шипалы» көліне электр энергиясын тарту жобасы Өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданып, Абай облысының инвестициялық жобалар тізіміне енгізілді. Бұл шешім туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.