Абай облысының тұрғындары «Republic Day» акциясы аясында тауарларды 30 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады
Республика күні қарсаңында ҚР Сауда және интеграция министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ішкі нарықты қолдауға және халықтың тұтыну мүмкіндігін арттыруға бағытталған «Republic Day» атты кең ауқымды акцияны бастады.
Аталған акция аясында 2025 жылғы 24–27 қазан күндері еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Абай облысында да ірі жеңілдіктер жәрмеңкесі өтуде. Осы күндері тұрғындар азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кең таңдауын 10-нан 30 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады. Бұл бастама отандық нарықты жандандырып, азаматтарға мемлекеттік мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған.
Республикалық деңгейдегі ауқымды сауда науқанына Абай облысының ондаған ірі сауда нысандары қатысуда. Олардың қатарында: «Park City», «Арғымақ», «Аркада», «Жансая», «Көктем», «Мереке», «Алатау» сауда орталығы, «Ақшың», «Апрель» және «Қазына» сауда кешендері бар.
Облыс тұрғындарына киім-кешек, аяқ киім, электроника, тұрмыстық техника, үйге арналған тауарлар және күнделікті қажетті басқа да өнімдерді тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Акция офлайн сауда нүктелерін де, онлайн платформаларды да қамтиды, бұл өз кезегінде барлық санаттағы сатып алушылар үшін ыңғайлы жағдай жасайды.
Дәстүрлі сауда орындарымен қатар, акцияға танымал онлайн-сауда алаңдары да қосылған. Мәселен, Wildberries маркетплейсінде жеңілдіктер 90%-ға дейін жетсе, Fortemarket интернет-дүкенінде FMFEST промокодын қолданған жағдайда 10 000 теңге көлемінде бонус беріледі. Ал Kaspi Магазинінде тауарлардың кең ассортиментіне 58%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.
Бұдан бөлек 2025 жылғы 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде бағаны тұрақтандыруға және отандық азық-түлік өнімдерін қолдауға бағытталған тағы бір республикалық акция — «Береке Fest» өтуде. Оған SMALL және бірқатар аймақтық желілерді қоса алғанда, шамамен 80 сауда желісі қатысуда.