«Абай облысы әкімінің аппараты» ММ құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің ЕРЕЖЕСІ

 «Абай облысы әкімінің аппараты» ММ

құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің

ЕРЕЖЕСІ

 

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімі (бұдан әрі - бөлім) «Абай облысы әкімінің аппараты» ММ құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
  2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Бөлімнің құрылымын, штат санын мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамы штат саны шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітеді.

 

  1. Бөлімнің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

 

  1. Мақсаттары:

1) мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен (облыс прокуратурасы, облыс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, облыстық полиция департаменті, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің департаменті, облыстық экономикалық тергеу департаменті, облыстық әділет департаменті және т. б.) өзара іс-қимыл жасау болып табылады);  

2) облыс әкімі мен облыс әкімі аппаратының құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың, нашақорлық пен есірткі бизнесінің, адам саудасының профилактикасы, өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығы және өңірлік жедел штаб, осы бағыттар бойынша Ведомствоаралық комиссиялар мен штабтардың қызметі мәселелері бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.

  1. Құқықтары мен міндеттері:

1) өз құзыреті шегінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың қызметін ұйымдастыруға, үйлестіруге және жетілдіруге қатысты ұсыныстар беруге;

2) өз құзыреті шегінде жоспарлар мен бағдарламалардың жобаларын әзірлеуге;

3) өз құзыретінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарынан қажетті материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға құқылы;

4) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдардың өкілдерін (келісім бойынша) жұмысқа қатысу үшін тартуға құқылы.

5) бөлімнің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізуге;

6) облыс әкімдігі мен әкімі актілерінің жобаларын дайындауға қатысуға;

7) жұмыс топтарының, комиссиялардың, консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысуға;

8) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

  1. Функциялар:

1) қоғамды құқық бұзушылықтардың профилактикасына тарту жөніндегі жұмыс тобын құру, облыс бойынша рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру және талдау;

2) криминогендік жағдайға байланысты қажетті жұмыс тобын құруды және жұмыс жоспарын әзірлеуді ұйымдастырады және оларды облыстық құқық қорғау органдарымен келісім бойынша бекітуді қамтамасыз етеді;

3) «Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сервистік тәсілдерді енгізу» жобасының іске асырылуын ұйымдастыру мен бақылау;

4) Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің орындалуын ұйымдастыруды және бақылауды қамтамасыз етеді;

5) аумақты дамыту бағдарламасында көрсетілген сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша нысаналы индикаторлардың орындалуын бақылауды және ұйымдастыруды жүзеге асырады;

6) облыс аумағында болып жатқан қоғамдық-саяси жағдайға күнделікті бақылауды жүзеге асырады;

7) облыстық комиссиялардың құқық бұзушылықтардың алдын алу, нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, адам саудасына қарсы іс-қимыл, шекара мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысын ұйымдастырады, комиссия отырыстарында қаралатын материалдарды дайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді, облыс әкімі мен оның орынбасарларының хаттамалық тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізеді;

8) меншік нысанына қарамастан, қалалар мен аудандар әкімдерінің, құқық қорғау органдарының, кәсіпорындар мен мекемелердің құқық бұзушылықтардың профилактикасы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың, нашақорлық пен есірткі бизнесінің, адам саудасының профилактикасы, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын нығайту саласындағы басым бағыттарын айқындауға қатысады;

9) Өңірлік жедел штаб отырыстарына материалдар дайындауды үйлестіреді, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қауіпсіздік кеңесінің хаттамалық тапсырмаларын орындау бойынша тиісті жұмысты жүзеге асырады;

10) Өңірлік жедел штабтың жыл сайынғы жұмыс жоспарын әзірлеуді ұйымдастырады және оны облыстық құқық қорғау органдарымен келісім бойынша бекітуді қамтамасыз етеді;

11) Өңірлік жедел штаб отырысының күн тәртібі және қаралатын материалдарын дайындайды, штаб отырыстарының хаттамаларын жүргізеді, облыс әкімі мен оның орынбасарларының хаттамалық тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

12) Өңірлік жедел штаб шеңберінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте өткізілетін командалық-штабтық оқу-жаттығуларды өткізуге қатысады және жәрдем көрсетеді;

13) заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, облыс әкімдігінің, облыс әкімінің, мәслихаттың қылмыстық-атқару жүйесі, құқық бұзушылықтардың профилактикасы, заңдылық пен құқықтық тәртіп, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

14) облыс аумағында құқық бұзушылықтардың профилактикасы, "нөлдік төзімділік" қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі салалық бағдарламалар мен жоспарларды іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

15) облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның отырыстарын ұйымдастырады және отырыстың хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді;

16) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді;

17) Абай облысы әкімдігінің жобалау басқармасының регламентіне сәйкес

«базалық бағыттарды, сондай-ақ үлгілік базалық бағыттарды басқару» бойынша тиісті жұмыстарды орындайды, ұйымдастырады;

18) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.

 

  1. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру

 

  1. Бөлім заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтар мен міндеттерге ие.
  2. Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босататын басшы басқарады.
  3. Бөлім басшысы бөлімнің қызметін жалпы басшылықты жүзеге асырады және бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
  4. Бөлімнің басшысы мемлекеттік органның басшылығына бөлімнің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар береді.
  5. Құрылымдық бөлімшенің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бөлім атынан басқа жіберетін құжаттарға бөлім басшысы, ал болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.
«Абай облысы әкімінің аппараты» ММ құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің ЕРЕЖЕСІ
Дата публикации
30 апреля 2025