Облыстық сайлау комиссиясында саяси партиялардың өкілдерімен дөңгелек үстел өтті




29 қарашада өтетін Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауына дайындық шеңберінде Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясы саяси партиялардың облыстық филиалдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының негізгі талаптарын түсіндіру, сондай-ақ саяси партиялар мен кандидаттардың сайлау науқанына қатысуына байланысты ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелерді талқылау.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну тәртібі мен мерзімдері, сайлау комиссиясына ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар, сондай-ақ сайлау процесінің тиісті кезеңдерінде туындайтын жекелеген мәселелер түсіндірілді.
Сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға үгіт қызметін жүзеге асыруға қойылатын заңнама талаптары, эфир уақытын және баспасөз бетін беру шарттары, үгіт материалдарын орналастыру тәртібі, сондай-ақ заңнамада белгіленген шектеулерді сақтау қажеттігі туралы түсіндірілді.
Жеке бөлімде сайлау қорларын қалыптастыру және қаржылық есептілік мәселелері қаралды. Саяси партиялардың өкілдеріне сайлау қорларын қалыптастыру көздері, олардың қаражатын жұмсау тәртібі, қаржылық операцияларды жүзеге асыру және белгіленген есептілікті ұсыну талаптары түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушылар байқаушылар мен сенім білдірілген адамдардың құқықтық мәртебесін, олардың сайлау науқаны кезеңіндегі және тікелей дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі құқықтары мен міндеттерін талқылады. Сайлау процесінің барлық қатысушыларының заңдылық, ашықтық қағидаттарын сақтауы және сайлау комиссияларының жұмысына араласпауының маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу аясында сайлау дауларын шешу және сайлау заңнамасын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік мәселелері де қаралды. Қатысушыларға сайлау құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сайлау комиссияларына және өзге де уәкілетті органдарға жүгіну тәртібі, сондай-ақ сайлау науқаны барысында заң бұзушылықтарға жол бергені үшін заңнамада көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Дөңгелек үстел соңында саяси партиялардың өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Қатысушылар сайлауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкес өткізуді қамтамасыз ету мақсатында сайлау комиссияларының саяси партиялармен және сайлау процесінің өзге де қатысушыларымен сындарлы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясы