Суықбұлақ ауылында апатты мектептің орнына жаңа мектептің салынуы туралы

Абай облысының Суықбұлақ ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа заманауи мектептің құрылысы жүріп жатыр. Екі қабатты жаңа ғимарат 100 орынға есептелген. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 40 пайызы аяқталды, бірінші қабаттың құрылысы толық біткен.

Жаңа мектепте оқу кабинеттері мен жеке спорт блогы қарастырылған. Ғимарат заманауи оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, аумағында демалыс аймағы мен спорт алаңдары футбол, волейбол, баскетбол және гимнастика алаңшалары салынады.

Бұрынғы мектеп ғимараты 1964 жылы балабақша ретінде салынған және апатты деп танылған. Соңғы жылдары оқушылар қолайсыз жағдайда білім алды: бастауыш сыныптар ескі ғимаратта оқыды, ал жоғары сынып оқушылары көрші ауылға барып оқуына тура келді.

Жергілікті тұрғындар жаңа мектеп салу мәселесін 2011 жылдан бері көтеріп келген. Биыл наурыз айында облыс әкімі Берік Уәлидің сапары кезінде жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданып, 18 маусым күні іргетасы қаланды.

Құрылысты аяқтау 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Жоба іске асқанда Суықбұлақ ауылының балалары заманауи әрі қауіпсіз жағдайда білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Абай облысы құрылыс басқармасының баспасөз қызметі