Аягөз қаласында жансақтау ғимаратын пайдалануға берілуі туралы

0

Абай облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жобаға 5,5 млрд теңге бөлінген. Қаражат өңірдегі ауылдық елді мекендерде медициналық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа нысандар салуға және қолданыстағы мекемелерді жаңғыртуға бағытталуда.

Аягөз ауданында бұл бастама аясында жаңа жансақтау бөлімінің ғимараты салынды. Мұнда бес білікті дәрігер мен орта буындағы медицина қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, МРТ аппараты орнатылатын қосымша корпус салу жоспарда бар. Бұған дейін аудан тұрғындары томографиялық тексеруден өту үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болса, желтоқсан айынан бастап бұл қызмет түрі өз қаласында көрсетіледі.

Бұдан бөлек, Аягөз ауданының жеті ауылында жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар бой көтерді. Бұл ауыл халқы үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттырмақ.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Аягөз ауданында шұғыл және диагностикалық медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи жағдай жасалып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасы нығая түспек.


Абай облысы құрылыс басқармасының баспасөз қызметі