Абай облысында әлеуметтік нысандарды жобалау бойынша 17.09.2025 жыл

Биыл Абай облысының құрылыс басқармасы 79 жобаны әзірлеуде, соның ішінде меморандум аясында - 33 жоба.

Денсаулық сақтау саласында 21 жоба қарастырылған. Атап айтқанда, Семей қаласында 200 орындық көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, екі емхана және ядролық медицина орталығының хирургиялық корпусының жобалары әзірленуде. Сондай-ақ, «Ұшақтар» ықшам ауданында 300 төсек-орындық көпсалалы аурухана құрылысына ЖСҚ дайындалуда.

Спорт саласында алты жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде Семей қаласында 25 мың орындық жаңа стадион құрылысы және Мамырсу, Құмкөл, Бақты, Мақаншы ауылдарында спорт кешендерінің жобалары бар.

Білім беру саласында үш жоба дайындалуда. Үржарда 240 орындық балабақша, Қарауылда 200 орындық интернат және Ақтоғайда балабақша.

Мәдениет саласында бес нысан жобалануда, соның ішінде  Үржардағы Мәдениет сарайы және бірқатар ауылдық клубтар.

Әлеуметтік қорғау саласында екі жоба тегін негізде жүзеге асырылуда: Семейде 150 орындық балалар психоневрологиялық мекемесі және Аягөзде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы.

Азаматтық қорғау саласында алты жоба қолға алынды, оның ішінде Семей қаласында өрт сөндіру депосы, 400 орындық тергеу изоляторы және полиция бөлімдерінің ғимараттарының құрылысы бар.

Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және өзге де бағыттар бойынша 36 жоба әзірленуде.

Жыл басынан бері басқарма 14 жобаның ЖСҚ-сын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды. Олардың қатарында 400 орындық «Білім-инновация» лицейі, Семей қаласында шаңғы-роллер трассасы, бірқатар спорт модульдері мен ауылдық клубтар бар.