Абай облысында биыл 233 құрылыс нысаны пайдалануға берілді

Абай облысында биыл 233 құрылыс нысаны пайдалануға берілді

Абай облысында құрылыс сапасын бақылау және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірде жалпы құны 389,2 млрд теңгені құрайтын 233 нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Абай облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

2025–2026 жылдары облыста 274 жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Оның ішінде жалпы құны 310 млрд теңгені құрайтын 195 жоба сараптаманың оң қорытындысын алған.

– Биыл құрылыс жұмыстарын бастау туралы 997 хабарлама келіп түсті. Оның 516-сы басқармамен келісілді. Сонымен қатар өңірде жалпы құны 389,2 млрд теңгені құрайтын 233 нысан пайдалануға берілді. Оның 67-сі бюджет секторына, 36-сы квазимемлекеттік секторға, ал 130-ы жеке секторға тиесілі, – деді Сайлауғалы Байназаров.

2022 жылдан бері құрылыс сапасын бақылау мақсатында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 249,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде биыл 36 тексеру жүргізіліп, 67,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

– Биыл техникалық қадағалау қызметін көрсететін 27 компания тексерілді. Анықталған заңбұзушылықтар үшін 27 заңды тұлға мен 24 сарапшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 млн теңгені құрады, – деп атап өтті басқарма басшысы.