«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы № 183 қаулысы негізінде Елімізде 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда.
Жобаның басты мақсаты ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандардың тапшылығын жабу.
Жобаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандығы бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектері қатысуға құқылы. Жобаға қатысу үшін үміткерлер міндетті түрде Жарма ауданында тіркелу керек. Шар қаласында тұратын және жұмыс істейтін мамандардың қала мәртебесіне байланысты бағдарламаға қатысуға құқықтары жоқ.
Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшері:
1) жүз еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада (100 МРП) көтерме жәрдемақы (ағымдағы жылы 1 адамға – 277 800 теңге);
2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау - бір мың бес жүз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада (1500 МРП) бюджеттік кредит (ағымдағы жылы 1 адамға – 4 167 000 теңге).
Жобаға қатысуға ниет білдірген үміткерлерге әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну тәртібі:
1. тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары жақын туыстарынан, ата-аналарынан, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға пайдаланылмайды;
2. бюджеттік кредиттер 15 жылға дейінгі мерзімге 0,01 % мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға кредиттік шарттар жасасу арқылы беріледі;
3. ауданның жергілікті атқарушы органы алдағы кезеңге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін қалыптастырып, оны бір күн ішінде аудан әкімдігінің интернет-ресурсында, www.egov.kz сайтында орналастырады және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына мәлімет үшін ұсынады. Тізбеде алдағы кезеңде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетін қызметті алушылардың және олардың мамандықтарының атауы мен саны көрсетіледі;
4. көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады;
5. көрсетілген қызметті беруші әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі жұмыс органы болып табылады.
Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге мемлекеттік корпорация арқылы немесе электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы келесідей құжаттарды ұсынады:
Көтерме жәрдемақы алуға тапсырылатын құжаттар:
1. осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
2. жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
3. білімі туралы дипломының көшірмесі;
4. жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек кітапшасының көшірмесі.
Тұрғын үйге бюджеттік кредит сатып алуға тапсырылатын құжаттар:
1. осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
2. жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
3. білімі туралы дипломының көшірмесі;
4. жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек кітапшасының көшірмесі;
5. неке қию туралы куәліктің көшірмесі (некеде тұрған мамандар үшін);
6. кредиттік бюродан есеп.
Жобаның шарттары туралы толық мәлімет алу үшін, сондай-ақ қажетті құжаттар тізбесін алуға экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне (Достық көшесі, 105 үй, 1 қабат, 10 кабинет) жүгінуге болады.