Тіл саясатын жүзеге асыру
Көру саны:196
Тіл саясатын жүзеге асыру
2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Тіл саясатын жүзеге асыру Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде іске асырылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, аталған тұжырымдама негізінде Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 4 желтоқсанда № 217 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Абай облысының 2023-2029 жылдары аралығындағы іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) бекітілді.
Тілдерді оқыту
Облыстың ересек тұрғындарына тілдерді оқытуды жүзеге асыратын облыстық лингвистикалық орталық және Курчатов қаласы мен Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарында тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді.
2022-2023 оқу жылында лингвистикалық орталық пен тілдерді оқыту орталықтарында 1876 тыңдаушы қазақ, ағылшын, орыс тілдерін оқыту курстарына қатысты. Оның 1300-қазақ, 446-ағылшын, 130-орыс тілдерін оқыды. Оқу жылының нәтижесі бойынша 405 тыңдаушы қазақ тілін, 108 ағылшын тілін, 50 орыс тілін оқу курстарын аяқтағандықтары туралы сертификаттар алды.
Сонымен қатар қазақ тілін оқуға ниет білдірген кез келген облыс тұрғыны қатыса алатын қысқа мерзімді (2 айлық) «Тілашар» курстары ұйымдастырылып, оқу жылында 310 адам курстан өтті.
Бұдан басқа орталықтардың жанында қазақ тілінде ауызекі сөйлесуге мүмкіндік жасау мақсатында «Бірлік», «Қазақша клаб», «Қазақша сөйлесейік», «Сөйле Time», «Кел, қазақша сөйлесейік!» клубтары құрылған. Клубтарға келушілер саны 206 адамды құрады.
2023-2024 жаңа оқу жылы 1 қазаннан басталып, ағымдағы оқу жылында тілдерді оқуға 1629 тыңдаушы тіркелді, оның ішінде қазақ тілін - 1096, ағылшын тілін - 440, орыс тілін - 93 адам оқуда.
Мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде анықтау мақсатында жыл сайын «ҚАЗТЕСТ» жүйесі негізінде азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жүзеге асырылып келеді. Ағымдағы жылы ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде өткізілген диагностикалық тестілеуге облыс бойынша 1115 адам қатысты, оның 22 мемлекеттік үлгідегі сертификат алу үшін ҚАЗТЕСТ тапсырды.
Облыс тұрғындарын мемлекеттік тілді оқу курстарына тарту мақсатында «Болашаққа қазақ тілімен» акциясы ұйымдастырылып, акция барысында сауда орталықтарының қызметшілеріне буклеттер таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау
Тілдерді дамыту және тілдік орта құрудың өзекті мәселелері бойынша ағымдағы жылы облыстық деңгейде 16 шара (2 акция, 4 айлық, 1 фестиваль, 1 семинар, 6 облыстық конкурс, 1 олимпиада, 1 жаппай диктант) өткізілді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, қазақ тілін еркін меңгерген жастарды анықтау мақсатында 18 бен 35 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» конкурсы, «Мемлекеттік тіл -менің тілім» олимпиадасы; ересек тұрғындарға мемлекеттік тілді оқытатын қазақ тілі оқытушыларының арасында «Ұлт ұстазы - Ахмет», Көркемсөз оқу шеберлерінің «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...», мемлекеттік қызметшілер арасында «Абай, Мұхтар мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» атты әдеби-квест, студенттер арасында жаппай диктант жазу сияқты іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында облыстық «Тіл – Тұтастық туы» тілдер фестивалі өтті. Аталған фестивалде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге сүбелі үлес қосқаны үшін облыстың 10 адамы Ғылым және жоғары білім министрінің, Тіл саясаты комитеті төрағасының, облыс әкімінің және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының Алғысхаттарымен марапатталып, марапатталушыларға «MARWIN» дүкендер желісінің сертификаттары табысталды.
Сонымен қатар облыстың қалалары мен аудандарында дөңгелек үстелдер, байқаулар, кездесулер мен көрмелер сияқты түрлі форматтағы 40 іс-шара ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылы халықтың лингвистикалық капиталын дамытуға бағытталған қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» байқауы ұйымдастырылды.
Мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі ақпараттар орналастырылған жергілікті атқарушы органдардың сайттары жұмыс істейді.
Тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында 2023 жылы газет беттерінде, жергілікті атқарушы органдардың сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларында 200-ге жуық материал жарияланды, эфирге 4 тақырыптық бағдарлама шықты.
Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау
Тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген түрлерінің алдын ала отырып, деректемелер мен көрнекі ақпараттағы мемлекеттік тілдің сауатсыз жазылуына жол бермеу мақсатында әр тоқсан сайын «Сыртқа ілсең жарнама, ана тілін қорлама!» атты облыстық айлық жарияланып отыр. Аталған айлық барысында облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері бизнес субъектілері мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп, әдістемелік көмек көрсетуде. Есептік кезеңде 30 мониторинг жүргізіліп, 515 объект қамтылып, дәріханалар, сауда үйлеріндегі қызмет көрсетуші персоналдарға пайдалану үшін тақырыптық «Дүкенде», «Дәріханада», «Сауда үйінде», «Ауруханада» сынды 100 дана тілашарлар таратылды. Сонымен қатар Басқарманың ұйымдастыруымен семинар-кеңес өткізіліп, Тіл туралы заңнама талаптары мен нормаларының орындалуы бойынша Абай облысының кәсіпкерлер Палатасымен, «АвтоТрансСемей», «ТАКСОМОТОРНЫЙ ПАРК» ЖШС-мен «Өзара ынтымақтастық туралы» меморандумдарға қол қойылды.
Құжатайналымы
Мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуына баса назар аударылып келеді. Осы мақсатта Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен, қалалар мен аудандардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен мемлекеттік мекемелердің құжатайналымына үнемі мониторинг жүрігізіліп отырады. Үстіміздегі жылы құжатайналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 91% құрады.
19 желтоқсан 2023
19 желтоқсан 2023