ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру барысы

Қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаевтың ағымдағы жылдың 30.07.2024 ж. № 194 бұйрығына сәйкес жаңартылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірлік жоспар құрылды. Оқу ағарту министрлігі ұсынған негізгі нормативтік құқықтық құжаттарға сүйеніп, бағдарламаға сәйкес жұмыстар іске асырылуда.             

Бағдарламаны іске асыру барысында облыста 12 000-ға жуық педагогпен жоспарлы түрде  820-ға жуық түсіндірмелік-әдістемелік семинар өткізілді. Педагогикалық ұжымдарда 7458 түсіндірмелік-тәжірибелік іс-шара және 1400-ге жуық ата-аналар жиналыстарында іс-шаралар таныстырылды.

Құндылықтарды қалыптастыруда күн сайын және апта сайын, ай  сайын іске асырылатын іс-шаралар  жүйелі жоспарланып, ұйымдастырылды (күнделікті «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут», «Үнемді тұтыну», «Күй күмбірі», әр аптада «Менің Қазақстаным», «Апта дәйексөздері», «Қауіпсіздік сабағы», ай сайын «Домбырашылар», «Шахмат ойнау», «Жасыл мекен», «Сергіту сәті», «Әнұран айту», «Асық ату», «Шығарма жазу», «Қазақ есебі», «Оқуға құштар мектеп» челлендждері).

Бағдарлама мазмұнына сәйкес барлық білім беру мекемелерінде 6 әлеуметтік жобамен  жұмыс жүргізіліп, 70 мыңға жуық білім алушымен іс-шаралар («Қамқор» әлеуметтік жобасы 86,2%, «Шабыт» - 78,5%, «Еңбегі адал жас өрен» - 83,2%, «Smart bala»» - 71,2%, «Ұшқыр ой алаңы»» - 83,4%, «Балалар кітапханасы» - 64%) өткізілді.

Оқу жылының басында облыстағы 358 мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесінде және 24 қосымша білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен жұмыс жүргізу әдістемесі туралы дәріс жүргізілді. Барлық 303 білім беру ұйымы және 33 колледждегі (АПҚО) ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жаңартылған сабақтарының мазмұны түсіндіріліп, әдістемелік нұсқаулықтар берілді.

Ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарлама облыстық ата-аналар қауымдастықтарына және 846-ға жуық ата-аналар жиналыстарында іске асыру іс-шаралары таныстырылды.     Бағдарлама аясында «Толық адам» ілімі негізінде ата-аналар институтын қалыптастыру» облыстық жобасы жалғасуда. Жоба аясында ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарлама мазмұнында тұрғысында 73428 ата-ана жоба аясындағы іс-шараларға қамтылды.

Бағдарлама мазмұнына сәйкес 303 білім беру мекемесінде ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету  орталықтары  (АПҚО) ашылған, қазіргі кезде 33 колледжде де орталықтар жұмысы қолға алынды. Бүгінгі күнге 502 үйлестіруші педагог  біліктіліктіліктерін арттырып, АПҚО жұмысына жұмылдырылса, қазіргі таңда 3 айлық вебинарда 100-ге жуық педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті.

«Даналық мектебі» клубы қызметін үйлестіруші 606 тұлға жұмыстарын жүйелендіруде және ағымдағы оқу жылындағы жаңартылған тақырыптар бойынша облыстық деңгейде 5 әдістемелік семинар, аудан, қалаларда 21 семинар өткізілді. Нәтижесінде әдістемелік-түсіндірмелік жұмыс 100% - ды құрайды.

        «Даналық мектебi» клубы жұмысы бағытына облыстық Ардагерлер кеңесінің «Өнеге, ақыл, өсиет» жобасының «Ата-әжелер» мектебі жұмыстары бірлескен қызмет ретінде үйлестірілді.      

 Отбасылық тәрбие процесінде балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша ата-аналардың уәждемесін арттыруда да 8037 педагог семинар-кеңестерден өтті.

        Балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде ата-аналардың және балалардың басқа да заңды өкілдерінің құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған 580 әдістемелік  семинар  өткізілді.  

        Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар әлеуметтік желілерде #АПҚО_Абай_облысы хэштегтерімен белгіленіп, бүгінгі күні  52640  іс-шара  жарияланды.

Бағдарламаны өңірде іске асырудағы  бір ерекшелік - әлеуметтік серіктестікке басымдық беру болып табылды, яғни, облыстық Абай  атындағы драма театрымен білім басқармасы меморандумға отырып, ұлттық мәдениет, құндылықтар мен дәстүрлердің сабақтастығын жас ұрпақ және ата-аналар театр қойылымдары арқылы түсініп, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеу, ұлттық мұраны қастерлеу құндылықтарын игеруде.   

Ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысымен ағымдағы жылы «Ұлттық сезім» жобасы  жаңартылған Бағдарламаны одан әрі дамытуда. Жоба аясында облыстың білім беру мекемелерінде  22403  іс-шара атқарылды.

        «Дос болайық» жобасы аясында 1930 іс-шара атқарылды. Жоба бойынша облыста 5 мектепте педагогтер (Семей қ. №17, №18, №35, Үржар ауд. Найманбай атынд. мектеп, Жарма ауд. Карелин атынд. мектеп апробациядан өтуде.

Жаңартылған бағдарламаны іске асыруда құндылыққа бағдарланған және құзыреттілік тәсілдемелеріне негізделген мүдделі органдармен бірлескен алдын алу шаралары (цифрлық әлемде қауіпсіз қадам, буллингтен қорған, ойынға салауатты көзқарас, өмірге салауатты қадам, қоғамдық мүлікті қорға, қауіпсіз қоғам бағыттарында) жоспарға сәйкес өтуде. Мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен 289 мектепте 2084 бірлескен іс-шаралар (құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлескен – 814, төтенше жағдайларда өзін-өзі ұстау мен қауіпсіздікті сақтау бойынша оқу-жаттығулары – 296, денсаулық саласы мамандарымен бірлескен – 405, ішкі саясат саласы өкілдерімен бірлескен  - 271, сыбайлас жемқорлық саласымен бірлескен – 298 іс-шаралар) өткізілді.

Бағдарлама негізінде тәрбие парадигмасы бойынша білім беру ұйымдарында вейп, нашақорлық, буллинг, вандализм, ысырапшылдық, лудомания, зорлық-зомбылық, діни экстремизм тақырыптарында 150-ге жуық іс-шара өтті. 

Облыстық полиция департаментімен бірлесіп Абай облысының кәмелетке толмағандар арасында суицидтің, жәбірлеудін (буллингтің) алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді. Облыс мектептерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, суицидтік мінез–құлық, буллинг, кәмелетке толмағандарды адамгершілік–рухани тәрбиелеу мәселелерімен 352 педагог-психолог, 92 әлеуметтік педагог, 358 директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары айналысады, олар оқушылармен жұмыс істеудің кең нысандары мен әдістерін пайдаланады. Облыстық педагог-психологтар қауымдастығы облыс аудандарына 26 отырыс жасап, көшпелі консультациялар өткізді.

«Біртұтас тәрбие» жаңартылған бағдарламасы жұмысы барлық әлеуметтік желілерде #Біртұтас_тәрбие хэштегтерімен белгіленіп, бүгінгі таңда 57771 іс-шара жарияланды.

 

Қосымша біліммен қамту

Облыстың білім беру жүйесінде 24 қосымша білім беру ұйымы (сарайлар мен шығармашылық үйлері - 6, балалар музыка мектептері - 6, балалар өнер мектептері - 8, биологиялық орталық - 1, жас техниктер станциясы - 1, аула клубтарының қауымдастығы - 1, ғылыми-практикалық білім беру және туризм орталығы – 1) жұмыс жасайды.

Ауылдық аудандарда - 14, Семей қаласында – 8, Курчатов қаласында - 2 ұйым орналасқан.

Үйірмелер қызметінің бағыттары: музыкалық, көркем-эстетикалық, сәндік-қолданбалы, спорттық, өлкетану, әлеуметтік-педагогикалық, лингвистикалық, техникалық, әскери-патриоттық, мектепке дейінгі, бос уақытты ұйымдастыру.

Қосымша білім беру ұйымдары бойынша жалпы қамту 17800 баланы (17,3%) құрайды (674 шығармашылық үйірмеде 11506 бала (11,2%), 164 спорт секциясында 6294 бала (6,1%)).

309 жалпы білім беретін мектептерде сабақтан тыс уақытта (оқушылардың қайталануынсыз) оқушыларды қамту 50666 оқушыны (49,3%) құрайды (1129 үйірмеде 20773 бала қамтылған (20,3%), 1760 спорт секциясында 29893 бала қамтылған (29%).

Дене шынықтыру және спорт басқармасының жүйесінде 14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 14322 бала (14%) қамтылған.

Бұдан басқа, қызметтер қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру шеңберінде көрсетіледі: мәдениет және тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы арқылы шығармашылық үйірмелерге және дене шынықтыру және спорт басқармасы арқылы спорт секцияларына жалпы қамтылу – 9,5% (9880 бала).

Нысаналы индикатордың көрсеткіші 2025 жылғы қаңтарға қосымша біліммен қамту 92,4% - ды құрайды.

2025 жылы Семей қаласында салынып жатқан ауысымына 500 орындық көпфункционалды қосымша білім беру орталығын пайдалануға беру есебінен балаларды қосымша біліммен қамту желісін кеңейту жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа мектептер ашылған кезде, онда әртүрлі үйірмелер мен секциялар ашылатын болады.

 

Жазғы демалысты ұйымдастыру

2024 жылы Абай облысы бойынша жазғы каникул кезеңінде 12 сауықтыру лагері жұмыс істеді (мемлекеттік – 8 (білім беру жүйесінде – 7 лагерь, «Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ведомстволық бағынысындағы Ж. Үшкемпіров атынд. «№ 1 СДЮСШОР» КММ «Достық» спорттық-сауықтыру лагері – 1), жекеменшік – 4 лагерь («Кристалл», «Аі camp», «Ai Hanym» ЖШС «Ұлы Керуен» және «Восток уют» лагерлері мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жұмыс жасады («Кристалл», «Аі camp» лагерлері бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келеді). Жобалық қуаты - ауысымына 1389 орын, 6 лагерде жобалық қуаттылығы ауысымына 100 балаға дейін. 

12 лагердің ішінен аумағы жағынан: Бесқарағай, Бородулиха және Мақаншы аудандарында 3 лагерден, Жарма, Үржар аудандарында және Курчатов қаласында 1 лагерден орналасқан. Оның ішінде типтік - 8, бейімделген ғимаратта – 4 лагерь орналасқан. Пайдалану мерзімі бойынша 1952-1990 жылдары 9 лагерь, 2000-2021 жылдар аралығында 3 лагерь пайдалануға берілді.

2024 жылдың жазғы кезеңінде облыстың 12 лагерінде 5077 бала немесе 5,3% (2023 ж. - 4646 немесе 4,8%) демалды.

2025 жылы 8 мемлекеттік сауықтыру лагері, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жекеменшік лагерлер жұмыс істейді деп жоспарлануда. Балалар лагері жоқ 5 ауданда (Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай және Көкпекті) білім беру ұйымдары әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың демалысына конкурс жариялайтын болады. 

Қазіргі уақытта балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары басталды:

- лагерлерді дайындауға, оларды санитарлық талаптарға сәйкестендіруге 358 041,4 мың теңге қаражат қажеттілігі қарастырылды, қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берілетін болады («Жалпыға бірдей білім беру қоры» есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 4713 баланың демалысына 282780 мың теңге қаражат 1 балаға 60 000 теңге қарастырылды, наурыз айына мүдделі құрылымдар мен сауықтыру лагерлері басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өткізу жоспарланды).

Қала сыртындағы лагерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін                      Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Абай ауданы Кеңгірбай ауылында                           40 орындық сауықтыру лагерінің құрылысы жүріп жатыр, бүгінгі таңда жұмыстардың 88% - ы орындалды.

Бұдан әрі Көкпекті (60) және Ақсуат (48) аудандарында балалар лагерлерінің құрылысы жоспарлануда.

 

Жалпыға бірдей білім беру қоры қаражаты есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету

Облыста 2024-2025 оқу жылына 6136 әлеуметтік осал отбасынан шыққан 23410 оқушыны  мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей білім беру қорынан 1016, 149 млн.тг бөлініп, әр балаға 43 407 тг ата-ананың есепшотына аударылды.

Облыстың барлық білім беру ұйымдары ҚР Үкіметінің 25.01.2008 ж. № 64 қаулысына және ҚР Білім және ғылым министрінің 24.04.2020 ж. № 158 бұйрығына сәйкес ата-аналармен, әлеуметтік педагогтермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,оқушылардың тізімін қалыптастырып, отбасылардың әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарды жинақтады, жаңа оқу жылының алдында халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды киім, аяқ киім, оқу құралдарымен қамтамасыз ету бойынша өңірлік жұмыс жоспарына сәйкес іс-шаралар ұйымдастырды.

 

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу

2024 жылы Абай облысы бойынша балалардың қатысуымен 275 жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр. Оқиға барысында 321 бала жарақат алып, өкінішке орай 4 бала қаза тапты (Үржар – 2 (5,11-сынып), Жарма -1 (9 сынып), Бородулиха – 1 (2 жас, Ресей азаматы).

2025 жылы өңірде 6 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 бала жарақат алды.

«2024-2027 жылдарға арналған Абай облысының білім беру ұйымдары маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы», «2023-2024 оқу жылына арналған облыстың білім беру ұйымдарының жасөспірімдер арасындағы жол - көлік оқиғаларының алдын алу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары» бекітілді.

Полиция қызметкерлерімен бірлесіп жол қозғалысы тақырыптары бойынша білім беру сағаттары және түрлі бағыттар бойынша іс-шаралар өткізілді, барлығы 136244 оқушыны қамтитын 423 іс-шара өткізілді.

Облыс мектептерінде 939 оқушыны қамти отырып, 118 «Жас инспекторлар» тобы құрылды және жұмыс істейді. Сонымен қатар, ата-аналар жиналысында мұғалімдер мен полиция қызметкерлері үнемі жол ережелерін түсіндіреді.

 

Білім беру ұйымдарында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу

Абай облысының білім беру ұйымдарында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 2024-2025 оқу жылының  І жарты жылдығы бойынша 303 орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмге қарсы іс-қимылдың алдын алу мәселелері бойынша ұжымдармен, оқушылармен және ата-аналар қоғамымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді (40 семинар, 2837 сынып сағаты, 178 дөңгелек үстелдер мен тренингтер,  82 дәріс, 136 әңгіме, 196 ата-аналар жиналысы, 80 маманмен кездесу), қамту 97725 адамды құрады.

Облыстың 33 арнаулы орта оқу орындарында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мамандарын тарта отырып, студенттермен 29 түсіндіру іс-шарасы өткізілді, онда діни сауаттылықтан басқа, деструктивті интернет контенттің әсерлері туралы түсіндірілді. Абай облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен және «ФЕНИКС» ҮЕҰ-ы студенттерге «Адам саудасы контекстіндегі заманауи сын-қатерлер мен қатерлер» тақырыбында әңгіме өткізді.

Мектептерде балаларды адамгершілік-рухани тәрбиелеу мәселесін үйлестіруді 360 педагог–психолог, 108 әлеуметтік педагог, 291 директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары жүргізеді.

Барлық білім беру ұйымдарында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі жұмыс жоспарлары бекітілді.

2024-2025 оқу жылы барысында облыс мектептерінде 873 ақпараттық іс-шара өткізілді (қамту 38218 бала), оның ішінде ақпараттық-түсіндіру топтары мен теологтарды тарта отырып. «Диалог алаңдары» ұйымдастырылып, дәстүрлі исламның рухани-адамгершілік құндылықтары мен қағидаттары (2837 сынып сағаты, 167 дөңгелек үстел, 281 ата-аналар жиналысы, 62 семинар), 9-11 сынып оқушылары үшін сынып сағаттары мен дөңгелек үстелдер өткізілді.

 Жалпы мектептік ата-аналар жиналыстарында білім беру ұйымдарының жарғысын, оқу-тәрбие процесін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді сақтау мәселелері баяндалды.

«Ұлттық тәрбие – ұлттың болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздерін іске асыру бойынша білім беру ұйымдарында 6852 іс-шара өткізілді, олар әлеуметтік желілерде бірыңғай хэштегпен жарияланды: Біртұтас_тәрбие_Абай_облысы.

 

Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу

Суицид әрекетіне баратын кәмелетке толмағандардың жасы:14-17 жас аралығы.

2024 жылы аяқталған суицидтің 3 фактісі тіркелді, бұл ұқсас кезеңмен салыстырғанда 63% - ға төмен (2023 жылы - 8 суицид фактісі).

2024 жылы 19 аяқталмаған суицид фактісі, бұл да ұқсас кезеңнің 37% - ға жоғары (2023 жылы - 12 аяқталмаған суицид фактісі).

 

Қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу

Қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу бойынша талдау көрсеткендей, 2024 жылы (4901) балалар заңды өкілдерінің (ҚР ӘҚБтК 442-бабы 2-бөлігі) еріп жүруінсіз 23 сағаттан кейін көшеде болады, 2023 жылмен салыстырғанда (5148) 247 балаға немесе 4,7 % төмен.

 

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу   

2024  жылы    облыс    бойынша    2023   жылдың        ұқсас      кезеңімен  салыстырғанда жасөспірімдер қылмысының 25% - ға төмендеуі байқалады, 56-дан 42-ге дейін.

 

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық

2024 жылы облыс бойынша 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың 1% - ға, 99-дан 98-ге дейін төмендеуі байқалады.

 

Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы.

Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы мәселесі өзекті болып қала береді. 

2024 жылы 20 қылмыс жасалды немесе 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,8% - ға аз (39 қылмыс).

 

Буллингтің (жәбірлеудің алдын алу)

2024 жылы Аягөз және Ақсуат аудандарында 2 буллинг фактісі тіркелді. Білім беру қызметіне мониторинг жүргізіліп, тәрбие жұмысының сапасын жақсарту үшін ұсынымдар берілді.

Жәбірлеуге  (буллингке) қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетуді жеке жұмыс жоспарын әзірлеу арқылы жүзеге асырады, оған жәберлеуге (буллингке) ұшыраған баланы әлеуметтік оңалту және жәбірлеудің (буллингтің) бастаушысын әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шаралар кіреді.

 

Нашақорлықтың алдын алу

ҚР нашақорлыққа қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлыққа қарсы тұрақтылықты дамыту бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануға, есірткі заттарын қолдануға, алкогольге, темекі шегуге қарсы тұруға иммунитетті қалыптастыру мақсатында мүдделі органдармен (денсаулық сақтау, Полиция департаменті, құқық қорғау органдары және т.б.) бірлесіп профилактикалық жұмыстар үнемі жүзеге асырылуда.

 

Психологиялық қолдау қызметін ұйымдастыру

Абай облысы әкімдігінің 04.05.2024 жылғы № 89 қаулысымен Абай облысы білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ құрылды.

Орталықтың мақсаты-қауіпсіз білім беру ортасын құру, білім беру процесіне қатысушылардың барлығының эмоционалдық және психологиялық әл-ауқатына ықпал ету.

Психологиялық қолдау орталығы ашылған сәттен бастап орталық мамандары әдістемелік, психологиялық-консультациялық көмек көрсетті. Сенім телефонына барлығы 311 өтініш түсті: балалардан - 78, ересек адамдардан – 233; 654 жеке кеңес беру өткізілді: балаға - 199, ата-анаға - 166, педагогтерге - 289. Ересектер мен балаларға 6499 топтық кеңес берілді: 1388 бала, 2563 ата-ана, 2753 педагог.

Бүгінгі күнге орталықтың ұйымдастыруымен 90 іс-шара өткізіліп, 40886 адам қамтылды.

Психоэмоционалдық әл-ауқатты дамытуға, стресстің және буллинг пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға, сондай-ақ қарым-қатынас және өзін-өзі дамыту дағдыларын жетілдіруге бағытталған тренингтер, семинарлар, шеберлік сабақтары мен интерактивті кездесулер жүргізілді (ата-аналармен 20 іс-шара, қамтылу-7299, балалармен 32 іс-шара, қамтылу-24775, педагогтермен 43 іс-шара, қамтылу-8812).

Білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін қауіпсіз және қолдау ортасын құруға бағытталған ақпараттық материалдар кешені дайындалды.

Оқушыларға, ата-аналарға және педагогтерге арналған жадынамаларда қиын мінез-құлықтың белгілерін тану бойынша тәжірибелік ұсыныстар, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу бойынша кеңестер, қиын жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету жолдары, құмар ойындарға (лудомания) және кибербуллингке тәуелділіктің алдын алу әдістері туралы ақпарат қамтылған.

Психологиялық қауіпсіздік туралы хабардарлықты арттыру, қиындықтарды қалай жеңуге болатындығы және көмекке қайда жүгіну керектігі туралы көрнекі ақпарат беру, өз өміріне және басқалардың өміріне жауапты және саналы қатынасты қалыптастыру мақсатында бейнероликтер әзірленді.

Орталық облыстың білім беру ұйымдарында психологиялық қауіпсіздік пен эмоционалдық әл-ауқатты жақсартуға белсенді ықпал етуде.

Қорқыту, зорлық-зомбылық және суицид көріністерінің алдын алуға бағытталған инновациялық әдістемелік тәсілдер мен бағдарламалар әзірленді.

Болашақта мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін одан әрі дамыту, профилактикалық іс-шаралардың жаңа бағдарламаларын енгізу және кеңес беру қызметтерінің спектрін кеңейту жоспарлануда.

Орталықтың байланыс ақпараты: +7 7222 541014, +7 7222 541157, +7 7222 541007. Сенім телефоны: 1307. Мекенжайы: Семей қаласы, Жамақаев көшесі, 14

      

Дата публикации
07 марта 2025