Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу — біздің қоғамымыздың ең маңызды басымдықтарының бірі. Ауданымызда осы мақсатта нақты қадамдар жасалып, жаңа цифрлық технологиялар мен ашықтықты қамтамасыз ететін тәсілдер енгізілуде. Бұл бағытта тұрғын үй кезегін цифрландыру, электрондық өтініш жүйесінің дамуы және жер комиссиясының отырыстарын тікелей эфирде өткізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды шаралар болып табылады.
Тұрғын үй кезегіне тұру және оны басқару бұрын көптеген қиындықтар тудырған мәселелердің бірі еді. Құжаттарды қолмен толтыру, кезекке қойылған азаматтардың деректерін басқару кезінде түрлі қателіктер мен заң бұзушылықтар орын алатын. Енді бұл процесс толығымен автоматтандырылып, тұрғын үй кезегі цифрландырылды. Енді кез келген азамат кезекке тұруды және өз өтінішінің статусын онлайн бақылай алады. Бұл тұрғын үйге мұқтаж жандарға әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Электрондық өтініш жүйесі аудан тұрғындарына өз мәселелерін жедел және тиімді түрде шешуге көмектесуде. Мемлекеттік органдарға электрондық түрде өтініш беру мүмкіндігі кез келген азаматтың уақытын үнемдеп, өтініштердің әділ және ашық қаралуына жол ашады. Бұл жүйе адамдарды қағазбастылықтан босатып қана қоймай, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, жұмыс барысында заң бұзушылықтардың алдын алуға жағдай жасайды.
Жер мәселелері әрқашан даулы және жауапты тақырыптардың бірі болып келді. Азаматтардың жер учаскелеріне қатысты өтініштері әділ әрі заңды шешілуі үшін жер комиссиясының жұмысына максималды ашықтық енгізілді. Енді жер комиссиясының отырыстары тікелей эфирде өтіп, кез келген азамат оны онлайн режимде көре алады. Бұл бастама жер бөлу процесінің толық ашықтығын қамтамасыз етеді және заңсыз әрекеттерге жол бермейді. Тікелей эфирлер азаматтарға комиссияның шешімдерімен нақты танысуға, олардың қалай қабылданатынын бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру тек тұрғын үй кезегі мен жер мәселелерімен шектелмейді. Мемлекеттік қызметтердің барынша электрондық форматқа көшуі ауданымызда көптеген процестердің ашықтығын қамтамасыз етті. Аудандық әкімдік қызметтері, бюджеттік есептер, әлеуметтік көмек көрсету және басқа да қызметтер цифрлық жүйеге өтіп, азаматтарға қолжетімді болды. Бұл тек сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ғана емес, сонымен қатар халықтың сенімін арттыруда да маңызды рөл атқарады.
Тұрғын үй кезегін цифрландыру, электрондық өтініштерді енгізу және жер комиссиясының отырыстарын тікелей эфирде өткізу — ауданымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жасалған нақты қадамдар. Бұл бастамалар арқылы біз халықтың құқықтарын қорғап, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге күш саламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әрбір азаматтың қатысуы маңызды, ал біз өз кезегімізде аудан тұрғындарына әділдік пен ашықтыққа негізделген қызмет көрсетуге дайынбыз.
Абай ауданының әкімі М.Смағұлов