GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Басқарма туралы
Все материалы
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту
19 октября 2026
Үржар ауданында жаңа өндіріс орындары көбейіп келеді

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының орталығы Үржар ауылындағы «Сұңқар» ЖШС-нің ұн және күнбағыс майын өндіретін зауытының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын басшысы Ақиқат Кәрімұлының бастамасымен аудан орталығында жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Күнбағыс майын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылды. Кәсіпорынның тәулігіне 500 тоннаға дейін шикізат өңдеуге мүмкіндігі бар. Өндіріс нәтижесінде тәулігіне 230 тонна күнбағыс майы мен 250-270 тонна күнжара өндіре алады. Зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар құны 650 млн теңге болатын ұн өндіру зауыты да іске қосылуға дайын. Кәсіпорын тәулігіне 60 тоннаға дейін ұн өндіреді. Жоба аясында тағы 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Аймақ басшысы жаңа өндіріс орындарының аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, отандық өнім өндірушілерді қолдау қажеттігін айтты.

«Үржар ауданында өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың іске қосылуы – аудан тұрғындары үшін айтулы жаңалық. Бұл жобалардың іске қосылуы – Үржар ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, жергілікті өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға зор мүмкіндік береді. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады. Бірақ күнбағыс өнімдеріне байланысты жергілікті диқаншылардың сұранысына сай бағаны қою керек. Соны ескеріңіздер. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.

19 октября 2026
Облыс әкімі Үржар ауданының тұрғындарымен кездесті

16 қазанында облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

Жиында алдымен Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Үржар ауданының экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. Ауданда 72,8 мың бас ірі қара, 20,3 мың жылқы, 100,6 мың қой-ешкі бар. Биыл егіс көлемі 114,6 мың гектарды құрады.
Жыл басынан бері ауданда 88 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 6 тауар өндіруші 3 млрд теңгеге қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 87,2 млн теңгеге 12 жоба қолдау тапты. Ал 2030 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік инвестициялық жобалар картасына Үржар ауданынан жалпы құны 17,5 млрд теңге болатын 11 жоба енгізілген.

Ауданда жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстары да жүргізілуде. Биыл жалпы құны 24,5 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар Қытай инвесторларының қатысуымен құны 6 млрд теңге болатын көкөніс өсіруге арналған жылыжай кешенін салу жобасы қарастырылған.

Биыл Үржар ауданының жол инфрақұрылымын жақсартуға облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылды. Көкөзек ауылына кіреберістегі 4,2 шақырым жол, Үржар, Малақ және Қарақол ауылдарындағы 14 көше жөнделді. Таскескен ауылындағы 5 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Үржар – Барқытбел – Қарабұйрат» аудандық маңызы бар жолын жөндеу басталды.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл Таскескен ауылы сумен қамтылды. Жылыту маусымына дайындық аясында Үржар ауылындағы Абылайхан даңғылында орналасқан қазандық жөнделіп, 2,2 шақырым жылу желісі ауыстырылды.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл Үржар ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 48 пәтер сатып алу үшін 873,6 млн теңге бөлінді.

Білім беру саласында Үржар ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ауданның тағы 13 мектебі ағымдағы жөндеуден өтті. Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін Жаңатілек және Ақжар ауылдарындағы мектептерге лизинг арқылы екі жаңа автобус сатып алу жоспарланған.

Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудан аумағында 9 жаңа медициналық нысан салынды. Үржар орталық аудандық ауруханасына электрокардиограф пен видеоларингоскоп сатып алынды.

Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша корпусының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар мекеменің әкімшілік ғимараты мен оқу корпусына күрделі жөндеу жүргізілді.

Мәдениет саласында биыл Жоғары Егінсу ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауданның ауылдық кітапханалары базасында «Жаңа клуб» комьюнити-орталықтары ашылды.

Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу Сіздермен ой бөлісіп, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдайтын маңызды диалог алаңы болды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кері байланысты нығайтып, өңірдің барлық аумағын тең дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Үржар ауданының өзекті мәселелерін жақсы білемін. Өңіріміздегі ең ірі ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», – деді Берік Уәли.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Облыс әкімі көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.

Аймақ басшысы кездесудің алдында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғындар баспанамен қамтамасыз етуге, жер теліміне қатысты мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.

Аймақ басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.

Мал шаруашылығы
12 октября 2026
Жайылымды тиімді игерудің жаңа тәсілін енгізген шаруашылық

Абай облысының Жарма ауданындағы «Дәурен» шаруа қожалығы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіреді. Бұл еліміздегі тұтас жайлымды қоршау жүйесімен жұмыс істейтін жалғыз шаруашылық. Австралия технологиясын пайдаланатын қожалық малды сумен қамтамасыз етудің заманауи тәсілін де енгізген. Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов жұмыс сапарымен барып, шаруашылықтың тың тәсілімен, тыныс-тіршілігімен танысты.  

Ауыл шаруашылығында жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін мал басын көбейтумен шектелу жеткіліксіз. Малдың генетикалық сапасы, жем-шөп қоры, жайылымның өнімділігі және өндірістік шығындарды басқару да маңызды. «Дәурен» шаруа қожалығы осы бағыттарды қатар дамытуға басымдық беріп отыр. Фермер Нұртуған Манап жетекшілік ететін қожалықта сегіз табын сиыр бар.  Негізгі бағыты генетикалық әлеуеті жоғары асыл тұқымды мал өсіру. Қожалықтың тәжірибесі асыл тұқымды мал өсірудің коммерциялық әлеуетін де көрсетеді. Мұнда өсірілген бұқалар республикалық ауыл шаруашылығы көрмелерінде талай рет жоғары бағаланған. Мәселен, 2024 жылы «Jana Dala / Green Day» көрмесінде қожалықтың «Шомбал» атты бұқасы «Үздік бұқа» атағын жеңіп алды. Сол жылы «Жойқын» атты бұқасы аукционда 6 млн теңгеге сатылды. Бұл нәтижелер асыл тұқымды малдың құны тек тірі салмағымен өлшенбейтінін аңғартады. Тұқымдық ерекшеліктері, шығу тегі және селекциялық жетістігі малдың нарықтық құнына ықпал ететінін көрсетеді.

Жайылымды басқарудағы жаңа тәсіл

Шаруашылықтың назар аударатын ерекшеліктерінің бірі – жайылымын австралиялық тәсілге көшіргені. Мұнда малды белгілі бір аумақта ұстау үшін электр қоршаулар мен шарнирлі торлар қолданылған. Қоршалған жайылымдарының жалпы аумағы шамамен 3 мың гектарға жуықтайды. Бұл аумақ өзгелер ойлағандай жазық жерлер ғана емес. Тауыл, қыратты аумақтарды да қоршап, жайылымды тиімді игерудің үлгісін көрсетіп отыр.  Мұндай жүйе малдың бақылауға және күнделікті жұмыс процесін жеңілдетуге жол ашады.

Келесі маңызды шешім – күн энергиясымен жұмыс істейтін су шығару жүйесі. Күн панельдерінен қуат алатын сорғы күн шыққанда автоматты түрде іске қосылып, тереңдегі суды тартады. Соның арқасында қоршалған жайылымдардағы мал күні бойы минералға бай таза сумен қамтамасыз етіледі. Мұндай суды ішкен малдың күйі жақсы, денсаулығы мықты, еті дәмді болады.

Шаруашылықта дәстүрлі қақпалардың орнына «Техас қақпалары» орнатылған. Бұл қақпадан көлік тоқтамай еркін өте береді, бірақ мал жайылым аумағынан шығып кете алмайды.

«Дәурен» шаруа қожалығының алдағы даму жоспарларының бірі – жайылымдарды кезең-кезеңімен жақсарту және ауыспалы жайылым жүйесін енгізу. Ауыспалы жайылым жүйесінің негізгі мәні – малды бірнеше учаскеге кезекпен жіберіп, пайдаланылған аумақтың қайта қалпына келуіне жағдай жасау. Бұл тәсіл дұрыс жоспарланған жағдайда өсімдік жамылғысын сақтайды, жайылымның тақырланып кетпеуін реттеуге және мал азығы базасының тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Алайда жүйенің нәтижесі жердің табиғи жағдайына, мал санына, жауын-шашынға және жайылымның қалпына келу мерзіміне байланысты. Сондықтан қоршау салумен қатар, әр учаскенің өнімділігін бақылау да маңызды.

Шаруашылық алдағы жылдары көпжылдық шөп егу, жайылымдарды түбегейлі жақсарту, ағаш отырғызу және табиғи су көздерін қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.

Бұл тәжірибені облыстың басқа шаруашылықтары жүзеге асыратын болса ұтатын тұстары көп болары сөзсіз. Жоғарыда аталған жүйе мал шаруашылығын дамытуға, жайылымды тиімді пайдалануға, малды түрлі аурулардан қорғауға және тағы басқа да толып жатқан көрсеткіштерге жетуге ықпал етіп, жемісті еңбек етуге жетелейді.

Сурет: «Дәурен» ШҚ

05 октября 2026
Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыста су қоймаларын салу, гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық жүйелерді реконструкциялау жұмыстарының барысы және суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, өңірде жыл соңына дейін өткізілетін іс-шаралар мен мерейтойлық күндерді ұйымдастыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, «Қазсушар» РМК Абай облысы бойынша филиалының директоры Жарқынбек Байсабыров, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

Облыста су ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 6 жаңа су қоймасын салу, 1 су қоймасының құрылысын аяқтау, сондай-ақ, 7 су торабын, 29 магистральдық каналды және 6 коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту жоспарланған.
Аталған жобалардың бірқатары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмысы жүргізілуде.

Жаңа су қоймаларын салу суармалы жерлердің көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ақсуат ауданындағы Қарғыба және Үржар ауданындағы Қарақол су қоймаларының есебінен тиісінше 5 132 және 6 558 гектар суармалы жерді қосымша игеру жоспарланған. Қалған бес су қоймасының іске қосылуы нәтижесінде 22 мың гектарға дейін суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу көзделіп отыр.

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы иесіз қалған 21 шаруашылықішілік канал коммуналдық меншікке қабылданды. Бұдан бөлек Ертіс өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану есебінен 2030 жылға дейін суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен 70 мың гектарға дейін жеткізу міндеті қойылған. Бұл бағытта Бесқарағай және Жаңасемей аудандарындағы суармалы алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына кеңінен енгізу, инвестиция тарту, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы, қолға алынған жобалар облыстың су шаруашылығы жүйесінің мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға жаңа серпін береді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 55 мың гектар жаңа суармалы жер енгізіліп, 223,7 млн текше метр су жинақталады, 374,5 шақырым магистральдық канал жөнделеді деп күтілуде. Сонымен қатар 1 гектардан алынатын өнімділікті 16 центнерден 27 центнерге дейін арттыру көзделген. Ал Ертіс өзенінің гидропотенциалын тиімді пайдалану арқылы облыстағы суармалы жер көлемін қосымша 70 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Нәтижесінде суармалы жерлердің жалпы көлемі 238,4 мың гектарға дейін жеткізіледі.

«Қазсушар» РМК «Абай» филиалының теңгерімінде 64 су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 503,5 шақырымды құрайтын 41 магистралдық канал жұмыс істейді. 2025 жылы 70 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілсе, 2026 жылы жалпы ұзындығы 142 шақырым болатын 20 магистралдық каналда тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 110 шақырымы тазаланды.

Аймақ басшысы жиында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және жаңа алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, су қоймалары, су тораптары мен магистралдық каналдарды жаңғырту жобаларын уақтылы іске асыру, инвестиция тарту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

«Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суармалы егіншілікті дамыту міндеттеріне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Үкіметтің Қазақстан Республикасының 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Абай облысында 6 жаңа су қоймасын салу, Қаракөл су қоймасының құрылысын аяқтау, 7 су торабын және 29 магистралдық каналды жаңғырту көзделген. Жоспарланған жобаларды іске асыру нәтижесінде су ресурстарын жинақтау мүмкіндігі артып, жаңа суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деді Берік Уәли.

Облыста жыл соңына дейін ұлттық мәдениетті дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және өнерді дамыту бағытында бірқатар іс-шара өтеді. Олардың қатарында жазушы Тұрсын Жұртбай мен дәстүрлі әнші Тұрсынғазы Рахимовтың 75, этнограф Молдабек Жанболатұлының 90, жазушы Роллан Сейсенбаевтың 80 жылдық мерейтойларына арналған шаралар, «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы және Республика күніне, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына, Жаңа жылға арналған іс-шаралар бар.

«Жыл соңына дейін өңірімізде бірқатар маңызды мәдени және мерекелік іс-шаралар өтеді. Оларды сапалы ұйымдастыру, жоғары деңгейде өткізу – баршамызға ортақ міндет. Іс-шаралардың мазмұнына ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне, санитариялық жағдайға және қоғамдық тәртіпке үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді облыс әкімі.

АӨК мемлекеттік қолдау
01 октября 2026
Ерте қаржыландыру: 1 қазаннан бастап «Кең дала – 2» бағдарламасы бойынша шаруалардан өтінім қабылдау басталады

Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау жүйесінде қаржыландыруды ертерек бастау тетігіне кезең-кезеңімен көшіп келеді. Бұған дейін несие қаражатының басым бөлігі егіс жұмыстары кезеңінде берілетін. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер маусым басталғанға дейін бірнеше ай бұрын қаржыландырылып, алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алып отыр. 

Мұндай тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 қарашада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Тапсырмада егіншілерді негізгі маусымдық жұмыстар басталғанға дейін қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету және егіс науқанына дайындық сапасын арттыру міндеті қойылған.

Ауыл шаруашылығында уақыт өте маңызы. Тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай және қосалқы бөлшектер шаруашылыққа техника алқапқа шыққан күні емес, одан әлдеқайда бұрын қажет. Ерте қаржыландыру шаруаларға қажетті қорларды алдын ала қалыптастырып, техниканы дайындауға және қаржылық жүктемені ауыл шаруашылығы циклі барысындағы ең қарбалас кезең басталғанға дейін бөлуге мүмкіндік береді.

Ерте қаржыландыру тетігі жүйелі сипатқа ие болды

Алғашқы практикалық қадам 2024 жылдың соңында жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» 2024 жылғы 29 қарашада 2025 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыруға өтінімдер қабылдауды бастады.

Кейіннен бұл тетік жетілдіріліп, оны іске қосу мерзімі біртіндеп ертерек кезеңге ауыстырылды.

2027 жылғы маусымның көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау 2026 жылғы 1 қазаннан басталады. Осы мақсаттарға 200 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Диқандар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды.

Келесі маусымға қаржылық дайындық күзде, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін басталады.

АӨК-ті қолдау көлемі артуда

Ерте қаржыландыру Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту міндеттері шеңберінде аграрлық секторды жеңілдетілген несиелендіру көлемінің жалпы ұлғаюы аясында дамып келеді. Соңғы үш жылда көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі шамамен 1,8 есеге өсіп, 750 млрд теңгеге жетті.

  • 2024 жылы 421 млрд теңге, оның ішінде 100 млрд теңге 2025 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыруға жұмсалды;
  • 2025 жылы — 649,3 млрд теңге. Оның ішінде 2026 жылғы маусымды ерте қаржыландыруға 147,8 млрд теңге.
  • 2026 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 750 млрд теңге, 2027 жылғы маусымды ерте қаржыландыруға 200 млрд теңге қарастырылған.

2026 жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша шаруаларға 664,4 млрд теңге берілді, қаржыландырумен 8 млн гектардан астам қамтылды.

Ерте қаржыландыру шаруашылықтарға маусымдық жұмыстарға алдын ала дайындалуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай, материалдар мен қосалқы бөлшектерді алдын ала сатып алуға, техниканы жөндеп, дайындауға, сонымен қатар қажетті шарттарды уақтылы жасасуға мүмкіндік береді.

Қаржыландыруға қолжетімділік кеңейіп келеді

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кредиттік ресурстарға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған құралдар да жетілдірілуде.

Шаруашылықтардың бір бөлігі үшін негізгі проблемалардың бірі кепіл базасының жеткіліксіздігі болып қала береді. Оны шешу үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қарыз сомасының 85%-на дейін жабуды көздейтін кепілдік беру тетігі қолданылады.

  • 2024 жылы 94,2 млрд теңге кредит беру сомасына 401 кепілдік берілді;
  • 2025 жылы – 283 млрд теңге кредит беру сомасына 1 633 кепілдік. Оның ішінде 51,4 млрд теңгеге 300 кепілдік – ерте қаржыландыру шеңберінде;
  • 2026 жылы қарыздардың жалпы сомасы 274,2 млрд теңгеге 1 735 кепілдік берілді.

Қаржы құралдары екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ филиалдық желісі арқылы ұсынылады.

2026 жылғы егіс науқаны белгіленген мерзімде жүргізілді

Биылғы көрсеткіштер жүйенің жұмысын іс жүзінде бағалауға мүмкіндік береді. 2026 жылғы егіс науқаны еліміздің барлық өңірлерінде белгіленген агротехникалық мерзімде өтті. Жалпы ауданы 24,2 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 597 мың гектарға артық. Шаруашылықтарды егіс науқанына қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін литріне 281 теңге бағамен 402,3 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Тұқым қоры 2,3 млн тонна көлемінде қалыптастырылды.

Егін жинау науқаны жоғары қарқынмен жалғасуда

Қазіргі жағдай бойынша Қазақстанда дәнді дақылдардың 13,5 млн гектары, яғни жалпы 15,6 млн гектар алқаптың 83%-ы жиналды. Былтырғы сәйкес кезеңінде 16,1 млн гектардың 11 млн гектары, немесе 68,6%-ы жиналған болатын.

Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдардың 2,4 млн гектары жиналды. Өнімділік гектарына 10 центнер болған кезде 2,4 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Былтырғы сәйкес кезеңде өнімділік гектарына 9,9 центнер болып, 840,5 мың тонна майлы дақыл тұқымы жиналды. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа өнімнің 4,9 млн тонна астығы жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Қоймаға қабылданған жұмсақ бидайдың 74%-ы жоғары сапалы бидай, 20%-ы төртінші сыныпқа, ал 6%-ы бесінші сыныпқа жатқызылды.

Бұл көрсеткіштер егін жинау науқанының нәтижелерін ғана емес, сонымен қатар ішкі нарықты алдағы уақытта қамтамасыз ету үшін қалыптасып жатқан тауар қорларының көлемін де көрсетеді.

Келесі кезең – 2027 жылғы маусымға дайындық

Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесінің архитектурасы біртіндеп өзгеріп келеді. Оның негізі жеңілдікті қаржыландыру көлемін ұлғайтумен ғана шектелмей, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қай кезеңде қолжетімді болатынын өзгертуге бағытталуда. Ауыл шаруашылығы маусымына дайындықтың жаңа циклі ағымдағы жыл аяқталмай тұрып басталады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті ресурстарды алдын ала қалыптастыруға, техниканы дайындауға және келесі маусым басталғанға дейін көктемгі егіс жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Өсімдік шаруашылығы
30 сентября 2026
Абай облысында астық жинау 97%-ға аяқталды

Ағымдағы жылы егін жинау алаңы 790,9 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,8 мың гектарға артық. Оның ішінде 275,6 мың га дәнді дақылдар, 368,7 мың га майлы дақылдар, 5,5 мың га картоп, 5,5 мың га көкөніс-бақша дақылдары егілсе, 135,6 мың га алқапта жем-шөп дақылдары шоғырланды.

30 қыркүйектегі жағдай бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 268,8 мың га алқаптан жиналды, бұл жоспарланған көлемнің 97,6%-ын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 10,0 центнерді құрап, жалпы 267,9 мың тонна астық бастырылды.

Бидайдың жинау алаңы 211,6 мың га құрайды. Бүгінгі таңда оның 211,5 мың га алқабы орылып, 206,0 мың тоннадан астам астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерді құрады.

Анықтама: Жедел деректерге сәйкес ағымдағы жылы күздік дәнді дақылдар жинау алаңы 8,2 мың га құрап, 11,2 мың тоннадан астам бастырылып, орташа өнімділік 13,7 ц/га құрады (6 тамызда аяталды).

Майлы дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Биылғы жоспар 368,7 мың га болса, қазіргі уақытта 46,2 мың га немесе 12,5%-ы жиналды. 54,3 мың тоннадан астам өнім бастырылып, орташа өнімділік гектарына 11,7 центнерді құрады.

Картоптың жинау алаңы 5,5 мың га құрайды. Бүгінгі таңда 4,7 мың га алқаптан картоп жиналды. Орташа өнімділік 214,0 ц/га болып, жалпы 101,8 мың тонна өнім алынды.

Көкөніс-бақша дақылдарының жинау алаңы 5,5 мың га құрайды. Қазіргі уақытта 5,2 мың га алқап жиналып, орташа өнімділік 249,4 ц/га құрады. Жалпы 131,7 мың тонна өнім жиналды.

Өсімдік шаруашылығы
30 сентября 2026
Егін жинау науқаны – 2026: Олжас Бектенов жиналған астықтың сақталуы және диқандарды ерте қаржыландыру жұмыстарын бастауды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығындағы қазіргі жағдай туралы, экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров алдағы кезеңге арналған ауа райы болжамы туралы, диқандарды қолжетімді отынмен қамтамасыз ету бойынша энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ал көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік инфрақұрылымының дайындығы туралы баяндады. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Премьер-министр егін жинау науқанының нәтижелері – аграрлық салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің бір көрсеткіші екенін баса айтты.

«Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аграрлық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Егін шаруашылығын орнықты дамытуға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау тетіктеріне баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау шаралары бөлінген қаражаттың көлемімен ғана шектеліп қалмай, ең алдымен нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтуде. Осы тұрғыдан алғанда, егін орағын сапалы әрі уақтылы өткізу – қойылған мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі», — деп атап өтті  Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 13,5 млн гектар астық немесе жалпы егіс алқаптарының 83%-ы жиналды. Сондай-ақ 2,4 млн тонна майлы дақылдар, 2,5 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Дала жұмыстарына 130 мың трактор, 29 мың комбайн, 17 мың астық жинау машинасы және 130 мың бірлік басқа техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ астықтың сапасы мен балауызының деңгейі жоғары. Сақтауға қабылданған жалпы көлемнің 74%-дан астамы үшінші сыныпты және одан да жоғары сыныптарға жатады.

Егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда. Жеңілдетілген несие беру аясында 5,8 мың өтінім келіп түсті, олардың жалпы сомасы 673 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 665 млрд теңге сомасындағы өтінімдер қаржыландырылып, 7,8 млн гектар егіс алқабы қамтылды. Сондай-ақ биыл 2027 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру көзделген. 

Заманауи агротехнологияларды қолдану және тыңайтқыштарды уақтылы себу нақты нәтиже беріп отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптардың көлемін ұлғайту шаралары қабылдануда. Қуаңшылық әрі су тапшылығы жағдайында бұл бастаманың маңызы өте зор. Сондықтан егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажет. Сонымен қатар жаңбырлатып суару машиналарын, ауыл шаруашылығы техникаларын алғандай, жеңілдетілген қаржыландыру шарттарымен сатып алу мүмкіндігін пысықтау тапсырылды. Бұл қажетті техникаларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге 844,7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Мұнай өңдеу зауытынан тиеп-жөнелту стансасына дейінгі белгіленген босату бағасы литріне 258 теңгені құрады. Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті баға литріне 283-310 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағадан 10-18%-ға төмен.

Көлік министрлігі егінді тасымалдауға арналған инфрақұрылымның дайындығы туралы ақпарат берді. 2026 жылдың 8 айында 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық. Экспорттық тасымал көлемі 14%-ға өсіп, 7,2 млн тоннаны құрады. Оның негізгі бөлігі – 4,8 млн тонна – Орталық Азия елдеріне жөнелтілді. Тасымалдауға 16,9 мың астық тасымалдайтын вагон, 17,8 мың жабық вагон және 2 мың локомотив бар.

Отырыс барысында негізгі ауыл шаруашылығы өңірлеріндегі ахуал да қаралды. Ақмола облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабының 84,7%-ы орылды, 5,6 млн тонна астық бастырылды. Астық сақтау қуаты 7,3 млн тоннаны құрайды. Келесі жылға арналған тұқым қоры толық қалыптастырылды.

Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Жаңа жобалардың бірі ретінде Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт атап өтілді. Биыл жүгері егістігінің көлемі 60%-ға артып, 106 мың гектарды құрады. Мұндай жобаларды іске асыру отандық шикізатқа қосымша сұраныс қалыптастырып, қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірқатар міндет жүктеді.

Қазіргі таңда басты міндет – егін орағын уақтылы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу. 

Элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. 

Сондай-ақ астықты ысырап қылмай, сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау тапсырылды. Экология министрлігі диқандарға ауа райы болжамы туралы мәліметті егін орағы аяқталғанша күнделікті ұсынуы керек.

Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен   астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жанармайдың үздіксіз жеткізілуін,   сондай-ақ отын қорын бақылауда ұстау тапсырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын   қалыптасқан қарқынмен жалғастыру міндеті қойылды.

Әкімдіктерге Қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын уақтылы қалыптастыру, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, оларды алдын ала келісімшарт арқылы уақтылы сатып алып, сақтауға қоюды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте өнімнің артылған көлемін экспортқа бағыттау қажет. Сауда және Көлік министрліктері шаруаларға өнімді өткізу нарықтарын іздестіруге және сатуға жәрдемдесуі тиіс.

Премьер-министр2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды. «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыру, әкімдіктерге минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктеріне қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуын, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, ұзын-сонар кезек пен жиналған өнімнің бүлінуіне жол бермеу тапсырылды.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын, жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету және егін жинау науқаны аяқталғанға дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды. 

Туындайтын мәселелер Үкімет жанындағы Жедел штаб шеңберінде дереу шешіледі. 

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелген. 

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту
24 сентября 2026
Президент Жолдауын жүзеге асыру: ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесі екі есеге жуық артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы қайта өңдеу қуаттарын кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және өндірістің кейінгі өңдеу сатыларын дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге, қайта өңдеу өнеркәсібін нығайтуға, өңірлерде жаңа өндірістер ашуға және экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға жол ашады.

Шикізаттың 64%-ы ел ішінде өңделеді

Ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлері – ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық бойынша қайта өңдеу үлесі 2023-2025 жылдары 35%-дан 64%-ға дейін өсті. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу міндеті қойылды.

Кәсіпорындарды қолдау мақсатында қаржылық және қаржылық емес тетіктердің кешені қарастырылған. Олардың қатарында жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, салықтық преференциялар, отандық шикізатты сатып алуды ынталандыру, жобаларды сүйемелдеу және өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілету шаралары бар. 2024-2026 жылдары қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталды.

Сонымен қатар жаңа өндірістік қуаттар құрылуда. 2024-2026 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы сүт фермаларын салу тәжірибесін кеңінен тарату бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған жалпы құны 42,3 млрд теңге болатын 39 инвестициялық жоба қаржыландырылды.

Биоэтанол өндірісі 2,2 есеге өсті, инвестициялар $4 млрд-қа жетті

Ең ауқымды трансформация жыл сайын шамамен 510 мың тонна астық терең өңдеуге жіберілетін астық секторында жүріп жатыр. Мұнда бүгінде крахмал өнімдерін, глютен және биоэтанол өндіретін үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді.

Бұл ретте мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Заманауи технологиялар астықтан крахмал, глютен, шәрбат, биоэтанол, жемшөп компоненттерін, сондай-ақ тамақ, жемшөп және сабақтас салаларға арналған өзге де өнімдерді алуға мүмкіндік береді.

Өндіріс көлемінің өсуі көрсеткіштерден де байқалады. 2025 жылы шамамен 152 мың тонна крахмал өнімі өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,2%-ға көп. Биоэтанол өндірісі 21 мың тоннаға жетіп, 2,2 есеге өсті.

2026 жылғы қаңтар-маусым айларында 67,5 мың тонна крахмал өнімдері өндіріліп, оның 35,6 мың тоннасы экспортталды.

Бұл көрсеткіштер ішкі сұранысқа ғана емес, сыртқы нарықтарға да бағдарланған жаңа бағыттың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Астықты терең өңдеуді одан әрі дамыту үшін жалпы құны шамамен $4 млрд болатын алты ірі жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.

2029 жылға дейін жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге қабілетті қуаттарды құру жоспарлануда. Жобалар Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Ақмола облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылмақ. Өндірістік бағдарламаға крахмал, глютен, шәрбат, биоэтанол, амин қышқылдары, жемшөп компоненттері және терең өңделген өзге де өнімдер кіреді.

Жобалардың бір бөлігі нақты іс жүзіне асырыла бастады: «Қазкрахмал» кәсіпорны пайдалануға берілді, ал Fufeng компаниясының жүгеріні өңдеу жобасы бойынша алғашқы өнім алынды.

Жаңа жобалар өндірістік әлеуетті бірнеше есеге арттырып, шығарылатын өнім номенклатурасын едәуір кеңейтуге және жаңа өткізу тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

210 ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорны: дайын өнім өндіру көлемі артып келеді

Кейінгі қайта бөлу өндірістерін дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық базалық бағыттарын жүйелі түрде қамтиды. Май өнеркәсібінде жалпы қуаттылығы жылына 4,5 млн тоннадан астам шикізатты өңдейтін 90-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өсірілген күнбағыстың 90%-дан астамы ел ішінде өңделеді. Келесі міндет – өңдеудің кейінгі кезеңдерінен өнім шығаруды ұлғайту. Ет және сүт өнеркәсібінде 210-ға жуық ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Шұжық өнімдерін, ет консервілерін, жартылай фабрикаттарды, ашытылған сүт және басқа да дайын өнімдерді шығару кеңеюде. 2025 жылы ет консервілерінің өндірісі 48,3%-ға өсті. Жүнді, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу және құрама жем өндіру де перспективалы бағыттар болып қала береді.

Осылайша, қайта өңдеуді дамыту ауылшаруашылық шикізатының негізгі түрлерін біртіндеп қамтиды және аграрлық өндіріс пен өнеркәсіп арасында тығыз байланыс жасайды.

$3,6 млрд аграрлық экспорт: сыртқы нарықтардағы позицияларды нығайту

Қайта өңдеудің кеңеюі қазірдің өзінде сыртқы сауда құрылымында көрінеді. 2024 жылы АӨК экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 52%-ды ($2,66 млрд) құрады. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы бұл көрсеткіш 43% ($2,3 млрд) болған.

2025 жылы экспорт көлемі $3,6 млрд-қа дейін (+35,3%) өсті. Бұл ретте аграрлық экспорттың жалпы көлемінің артуы есебінен өңделген өнімнің үлесі жоғары деңгейде – 52% болып сақталды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Терең өңдеуден өткен өнім жеткізілімінің артуы экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейтіп, отандық шикізат базасын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте шикізат экспорты Қазақстанның сыртқы саудасының маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Ал негізгі міндет – Қазақстанда өндірістің кейінгі сатыларынан өткен өнімдердің үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту. Сонымен қатар бұған дейін шетелден сатып алынған ингредиенттер, компоненттер мен жартылай фабрикаттардың ішкі өндірісі де кеңейіп келеді.

Астықты терең өңдеу крахмал өнімдерін, глютенді, шәрбаттарды, аминқышқылдарын, биоэтанолды және жемшөп компоненттерін өндіруге мүмкіндік береді. Ет, сүт және май-тоңмай өнеркәсібін дамыту отандық өнімдер мен жартылай фабрикаттардың ұсынысын арттырады.

Нәтижесінде ел ішінде ауыл шаруашылығы шикізатына деген сұраныс артып, өңдеу өнеркәсібі үшін қосымша өткізу нарықтары қалыптасады.

Ұзақмерзімді мақсат: қосылған құны жоғары аграрлық экспорттың үлесін 70%-ға жеткізу

Келесі бағдар – өндірісті технологиялық тұрғыдан күрделендіру. Алдағы жылдарға нақты көрсеткіштер белгіленді: негізгі ауыл шаруашылығы шикізаты түрлерінің өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу, аграрлық экспорттағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін арттыру және 2029 жылға дейін жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты өңдейтін астықты терең өңдеу бағытындағы алты ірі жобаны жүзеге асыру. Бұл ретте өндіріс көлемінің ұлғаюы сапалы өзгерістермен қатар жүруге тиіс. Атап айтқанда, өнім номенклатурасын кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, өндірістік құзыреттерді дамыту және ішкі әрі сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнім шығару. Экономикалық әсер бірден бірнеше бағытта қалыптасады: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өткізу нарығы кеңейеді, өңірлерде – жаңа инвестициялар мен жұмыс орындары, өнеркәсіпте – өндірістік қуаттар мен технологиялық мүмкіндіктер, экспортқа – жаңа тауар позициялары.

Басты нәтиже отандық шикізат базасын тиімдірек пайдаланудан және өндірістік операциялардың ел ішінде жүзеге асырылатын үлесін арттырудан көрінеді. Осылайша, терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді құрылымдық жаңғыртудың және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту бағытын жүзеге асырудың негізгі құралдарының біріне айналады. Оның одан әрі дамуы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара байланысын нығайтуға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және отандық шикізатты пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: primeminister.kz

18 сентября 2026
Облыс әкімі Көкпекті ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

Жиында алдымен Көкпекті ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Көкпекті ауданында биылғы сегіз айда 19,2 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл басынан бері шаруалар 36 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 27 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 2,2 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Ауыл шаруашылығы саласының 2030 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасына Көкпекті ауданынан жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын сегіз жоба енгізілген. «Елім-ай Көкпекті» агрохолдингі бордақылау алаңының қуатын 5 мыңнан 20 мың басқа дейін ұлғайтуды және 10 мың аналық малға арналған асыл тұқымды ірі қара мал репродукторын салуды жоспарлап отыр.

Жалпы, биыл ауданда 12,4 млрд теңгеге алты инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 395 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ауданның инфрақұрылымын жаңғырту бағытында Ақой ауылындағы су құбыры жаңартылып, пайдалануға берілді. Биғаш, Қарамойыл, Шәріптоғай, Мамай және Шұғылбай ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды.

Биыл «Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы» тас жолының 11 шақырымы жөндеуден өтті, тағы бір учаскесінде жөндеу жұмыстары басталды. Тассай ауылына кіреберіс жолдағы көпір қайта жаңғыртылып жатыр.

Ауданның 12 мектебін жөндеуге 62,5 млн теңге бөлінді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шәріптоғай, Романовка және Биғаш мектептерінде заманауи әмбебап оқу кабинеттері жабдықталды. Демеушілер есебінен 11 мектепке 21 оқу кабинеті орнатылды. Ажа ауылындағы Романовка негізгі мектебінің жанынан жаңа спорт залы салынды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Биғаш, Шәріптоғай, Мамай, Үлгілімалшы, Үшкөмей және Қарамойыл ауылдарында медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 1550 ауыл тұрғыны медициналық көмекпен қамтылды.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында «Қазақтелеком» АҚ 2026-2027 жылдары ауданның 19 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек екі елді мекенді спутниктік интернетпен қамту, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында аудан аумағында бес антенна-діңгек құрылымын салу көзделген.

Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін Көкпекті ауданына арнайы келіп отырмыз. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Халық үшін аса өзекті мәселелер – жолдардың жағдайы, ауыз сумен, баспанамен қамту және елді мекендерді жарықтандыру мәселелері әрқашан ерекше назарда. Көкпекті – «Омбы - Майқапшағай» күре жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан әлеуеті зор аудан. Ауданды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Аймақ басшысы көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.

Облыс әкімі кездесудің алдында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғындар баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселесін көтерді.

Аймақ басшысы кездесуден кейін Көкпекті аудандық ауруханасына жаңа санитариялық автокөліктерді табыстады. Атап айтқанда, ауруханаға «А» сыныбындағы 1 JAC Sunray және 2 «ГАЗель-NEXT» санитариялық автокөлігі берілді. Сонымен қатар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының теңгерімінен аудандық ауруханаға қосымша тағы 4 «Газель» санитариялық автокөлігін беру жоспарланып отыр.

18 сентября 2026
Облыс әкімі Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулымен кездесті

Аймақ басшысы Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Аймақ басшысы Абай облысының екі жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

«Биыл Қытайға жасаған жұмыс сапарлары аясында қытайлық ірі компаниялармен нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Соңғы сапардың қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сонымен қатар Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды. Бұл қытайлық бизнеспен тікелей байланысты нығайтып, жаңа инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Біз Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, қытайлық компаниялармен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика, көлік, логистика және туризм салаларындағы әріптестікті дамытуға мүдделіміз», – деді Берік Уәли.

Кездесуде екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, Абай облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Бас консул өңіраралық байланыстың әлеуетіне тоқталып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын атап өтті.

«Ең әуелі жылы қабылдағаныңыз үшін алғыс білдіремін. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының өңірлері мен Абай облысы арасында бұрыннан қалыптасқан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, достық байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. «Бақты – Аягөз» транс шекаралық теміржол желісінің құрылысы, «Бақты» өткізу бекетінің әлеуетін арттыру екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Тачэн аймағы мен Абай облысы арасындағы іскерлік байланысты нығайтып, тек экономикалық емес, туристік, гуманитарлық бағытта да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Су Фанцю.

Бұдан бөлек білім беру саласында Семей медицина университетімен байланыс орнату, Абай облысы мен Тачэн аймағы арасындағы экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы