Абай: цифрлық қауіпсіздік білімнен басталады

Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Водоканал» МКК еңбек ұжымына цифрлық сауаттылық тақырыбында дәріс өткізді. Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары түсіндірілді. Атап айтқанда, банк және құқық қорғау органдары қызметкерлері атынан жасалатын жалған қоңыраулар, фишингтік сілтемелер, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық тәсілдері туралы айтылды.
Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлеріне цифрлық ортадағы заманауи қауіптер, соның ішінде алаяқтардың дипфейк технологияларын және жалған аккаунттарды қолдануы туралы түсіндірілді. ДЭР қызметкерлері жеке деректерді қорғау және интернет-банкингті қауіпсіз пайдалану қағидаларын еске салып, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуда цифрлық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті.