Қан орталығының шұғыл шақыруына қызметкер донор болды

Абай облысы бойынша ЭТД кезекші бөліміне Қан орталығынан шұғыл қоңырау түсті. Өтініш мақсатты түрде жолданған, себебі ЭТД қызметкерлері өңірде тұрақты түрде белсенді донорлар болып табылады және сирек кездесетін қан ерекшеліктері бар донорлар базасында тіркелген.
Хабарламада жақында босанған жас келіншекке шұғыл түрде қан плазмасы қажет екені айтылды. Департаменттің кезекшісі Ибрайханов А. бұл өтінішке бірден үн қатып, плазма тапсыру үшін Қан орталығына жедел түрде барды. Кешке қарай биоматериал медицина қызметкерлеріне тапсырылып, бұл дер кезінде қан құюға және жас ананың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Бұл жағдай Департамент қызметкерлері арасындағы донорлықтың бір реттік акция емес, саналы әрі жүйелі ұстаным екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Мемлекетке қызмет ету — бұл тек заңдылық пен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар уақыт минуттармен есептелетін сәттерде адамдарға нақты көмек көрсету.