БҚДА ЖОЛ БИТУМЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАТЫСУ ҮЛЕСІН ТӨМЕНДЕТУ МҮМКІНДІКТЕРІН БАҒАЛАДЫ

БҚДА ЖОЛ БИТУМЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАТЫСУ ҮЛЕСІН ТӨМЕНДЕТУ МҮМКІНДІКТЕРІН БАҒАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2024–2025 жылдардағы жол мұнай битумын өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдауды аяқтады. Талдаудың негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттің нарыққа қатысу деңгейін және оны одан әрі төмендету мүмкіндіктерін, оның ішінде жол саласының битуммен қамтамасыз ету деңгейін төмендетпей, жекелеген активтерді жекешелендіру арқылы бәсекелестік ортаға беру мүмкіндіктерін бағалау болды.

Нарықтағы мемлекеттік қатысу, ең алдымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының, сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның «СП «Caspi Bitum» ЖШС өнімінің өндірістік-өткізу тізбегіне қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттің елеулі рөлі өндіріс саласында да байқалады: 2025 жылы «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мен «СП «Caspi Bitum» ЖШС жиынтығында жол битумының шамамен 70%-ын өндірді. Осы құрылымды ескере отырып, Агенттік бәсекелестікке және ішкі нарықтағы жеткізілімдердің тұрақтылығына осындай шешімдердің ықпалын міндетті түрде бағалай отырып, мемлекет иелігінен алуды кезең-кезеңімен жүргізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Талдау барысында бұған дейін анықталған шектеулерге де ерекше назар аударылды. 2022–2023 жылдардағы талдау қорытындысы бойынша Агенттік заңнама деңгейінде жол битумын бөлу көлемдерін әкімшілендіру тетігінің және қатысушыларды іріктеудің ашық критерийлерінің болмағанын атап өткен болатын. Бұл битумның мақсатты пайдаланылуын бақылауға әсер етті.

2026 жылы аталған олқылық жойылды. Заңнама деңгейінде автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органға ұлттық операторымен бірлесіп жол битумына деген қажеттілікті айқындау, көлемдерді қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту, сондай-ақ оларды тікелей бөлуді жүзеге асыру өкілеттігі берілді. Тиісті түзетулер 2026 жылғы қыркүйекте күшіне енеді.

Осылайша, жол битумын бөлу тетігі тікелей құқықтық негізге ие болды. Бұл бағытта одан әрі назар битумды бөлудің түсінікті әрі ашық шарттарын белгілеуге, нарықтың барлық қатысушылары үшін тең қолжетімді етуге және бөлінген битум көлемдерінің мақсатты пайдаланылуын бақылауға аударылуы тиіс.

Сонымен қатар, битумды тауар биржалары арқылы міндетті түрде өткізуге бақылау жасау мәселесі шешімін таппай отыр. 2021 жылдан бастап ішкі нарыққа жеткізу жоспарланған мұнай битумының жалпы жылдық көлемінің кемінде 10%-ы тауар биржалары арқылы өткізілуге тиіс. Іс жүзінде биржалық сауданы міндетті субъектілердің бір бөлігі ғана жүзеге асырады. Зерттеліп отырған кезеңде екі өндіруші битумды тауар биржалары арқылы өткізуді жүзеге асырмаған.

Агенттіктің пікірінше, биржалық сауда үлесін ұлғайту нарықтық баға белгілеу рәсімдерін және ресурсқа тең қолжетімді етіп қана қоймай, көлеңкелі айналым тәуекелдерін де төмендетеді. Осыған байланысты барлық нарық қатысушыларының белгіленген міндетті өткізу үлесін сақтауын қамтамасыз ету үшін тиімді биржалық бақылау тетігін қалыптастыру негізгі шешілмеген міндеттердің бірі болып қала береді. Мұндай бақылауды күшейту нарықтың ашықтығын арттырып, бәсекелестіктің тең жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.